Сиыры бар, сүті жоқ
Облыста 507 996 мүйізді ірі қара болса, оның 230 мыңға жуығы сауынды сиыр. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы мамандары берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы аталған сауынды сиырлардан 334 мың тонна сүт өндіріліпті. Оның 96,2 мың тоннасы ішкі тұтынымға кеткен. Ал 72,5 мың тоннасы сүт өнімін өдіретін кәсіпорындарға жөнелтіліп, сүт зауыттарының жүктемесі 89 пайызды құраған. Өндірілген өнімнің 22 пайызы қайта өңделген.
Облыс көлемінде сүт өнімін тереңдете өңдеуге бағытталған 27 кәсіпорын тіркелсе, олардың дені Тараз қаласы, Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Меркі, Қордай аудандарында орналасқан.
Жалпы облыс бойынша сауылған сүтті күнге шағып, бір сауғанда әр сиыр қанша литр сүт бергенін есептесек, түсім көңіл көншітпейді. Мәселен, 1 жылда 365 күн болса, оның ішінде наурыздан бастап қыркүйек айына дейінгі аралықта сиырлар алты ай сауында жүрді делік. Осы ретте сауылған 334 мың тонна сүтті 230 мың сиырға бөлеміз, нәтиже 1 452 литрді көрсетіп отыр. Демек, бір сиыр 1 452 литр берген болып есептеледі. Оны шамамен 6 айда берді деген жорамалға сүйенсек, 1 452 литрді 180 күнге бөлуіміз шарт. Сонда күніне бір сиыр 8 жарым литр сүт берген болып шығады. Ал сиырдың күніне екі мезгіл сауылатынын ескерсек, бір сиыр бір сауғанда 4 литрден аса сүт беріп тұр. Көктемде, ала жаздай бір сауғанда бір сиыр он литр сүт беріп, одан кейін күзге қарай 3-4 литр ғана сүт берсе құлаққа кірер еді. Демек, біздің пайымымызша, облыс бойынша сауынды сиырлардың сүт беру әлеуеті төмен.
Осы мақаланың жазылуына облыс әкімдігінде өткен бір жиын түрткі болғанын айта кетуіміз керек. Ерте көктемде өткен сол бір басқосуда жүзеге асырылатын жобалар реті пысықталған болатын. Сол кезде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданында ашылғалы жатқан сүт өңдейтін кәсіпорынға қатысты «Жуалы ауданында онсыз да сүт тапшы. Сондықтан сүт өңдеу кәсіпорнын ашуды әзірге қоя тұрып, қолда бар кәсіпорындарды сүтпен қамтамасыз ету жағын ойластыру қажет» деген сарында ой айтқан еді.
Расында да бұл жаны бар сөз. Мәселен, осы ауданда 9 сүт өңдейтін кәсіпорын бар десек, оның бірі – «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік ішкі және сыртқы нарықта барынша экологиялық таза сүт өнімдерін шығарумен айналысады. Оның директоры Свамбай Ариновтың айтуынша, зауыттың тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт қабылдауға мүмкіндігі бар. Бірақ ауданда сүт тапшылығына байланысты аталған мөлшердің жартысына жуығын ғана өңдеп отыр.
– Ауылдық округтердің сүті бізден басқа кәсіпорындар мен облыс орталығына және өңірдің басқа да аудандарына жөнелтілуде. Бұл мәселе зауыттан шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға қолбайлау болып отыр.
Шаруалардан сүтті майлылығына қарай 300 теңгеден қабылдаймыз. Сүт қорын молайта түсу үшін аудандағы шаруалар және жеке кәсіпкерлермен, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басшыларымен жиі бас қосып, келіссөздер жүргізіп келеміз, – дейді ол.
Сүт кластерін дамытуда шикізаттың жеткілікті болуы басты шарттың бірі. Сондықтан біз Жуалы ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Сайын Қылышбаевқа хабарласып, былтыр ауданда қанша сиыр қанша тонна сүт бергенін сұрадық.
– Ауданда қазіргі таңда 48 153 мүйізді ірі қара бар болса, оның ішінде аналық бас – 24 968. Былтыр 21 248 сауынды сиырдан 43 792 тонна сүт кәсіпорындарға жөнелтілді. Бірақ елдің өзінде қалған, қара базарға өткізген сүт мөлшерін ескеріп, оны 30 пайыз деп алсақ, сонда кәсіпорындарға жөнелтілген сүтке тағы да 145 тонна сүт қосамыз. Сонда аталған сауынды сиырлардан бір жылда 188 792 тонна сүт сауылған болып шығады. Осыны күндікке шақсақ, орта есеппен бір сиыр күніне 7-8 литр ағарған берген болып есептеледі, – деді Сайын Бегімұлы.
Бұл ауданда, әсірелей айтсақ, бір сиыр күніне 9-10 литр, ал орта есепке жүгінсек, 8 литр сүт берді деуге негіз бар. Қазіргі таңда ауылдық жерде бір сауғанда 7-8 литр сүт беретін асылтұқымды ешкі ұстап отырған тұрғындар бар. Сонда облыстағы сиырлар күніне сүтті ешкінің бір сауғандағы мөлшердегі сүтін бере алмаса, ондай сиырды «малым бар» деп айтып не қажеті бар? Қолдағы сиырды сатып, одан ешкі ұстаған пайдалы емес пе?! Жуалы ауданының жері Талас, Сарысу секілді Зеңгі баба түлігіне қолайсыз, қуаң дала болса бірсәрі. Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы аудан үшін бұл сын емес пе? Ауданда сүт тапшылығы туындап тұрғанда оныншы етіп тағы бір кәсіпорын ашудың қажеттілігі қанша? Осыны біз аталған ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтан сұрадық. Ол ауданға сүт қырғыз елінен де келетінін айтты. Айырқалпақты ағайынға сеніп сүт өңдеу кәсіпорнын ашу қандай нәтиже беретінін алдағы уақыт көрсете жатар.
– Кешке өрістен келгенде 5 литр, таңерең 4 литр сүт беретін, бір сауғанда 10-13 литр сүт беретін де сиырлар бар. Бұл жай ғана орта есеп. Дегенмен сиырлардың сүт беру әлеуеті төмен екенін статистикалық сандар көрсетіп отыр. Десе де ауданда түліктің осы түрін төлі есебінен көбейтуді, нағыз сүтті сиыр ұстауды мақсат тұтқан шаруалар шетелден асылтұқымды сүт бағытындағы мүйізді ірі қараларды әкеліп жатыр. Асылтұқымды мал өсіруде отандық және шетелдік сүтті малға мемлекет тарапынан өте жақсы қолдаулар көрсетілуде. Мысалға айтар болсақ, ТМД мемлекеттерінен сатып алынған сүт бағытындағы мүйізді ірі қараның әр басына 225 000 теңге, Еуропа елдерінен сатып алынған мал басына 400 000 теңге, ал өзіміздің отандық асылтұқымды сүт бағытындағы сиырларға 200 000 теңге субсидия төленуде. Соның арқасында асылтұқымды малдың бағасы базардағы жай сиырмен шамалас болып отыр. Осы аталған мемлекеттік қолдауларды бүгінгі таңда біраз шаруалар қолайлы санап, «Не ексең, соны орасың» деген нақылға сүйене отырып асылтұқымды мал асыраудың пайдасы көп екенін түсіне бастады. Осы түсіндіру жұмыстарының бір көрсеткіші – былтыр ауданға Чехия мемлекетінен 31 момбилиярд тұқымы әкелінгені. Боралдай ауылдық округінен «Береке» шаруа қожалығы биыл Ресей мемлекетіне барып, 25 асылтұқымды Голштейн тұқымына өз таңдауын жасап, карантинге қойып келді. Осындай қолдаудың арқасында сүтті сиыр шаруалар табынында көбейіп келеді.
Бұдан бөлек біздегі нақты жоспардың бірі – жеке қосалқы шаруашылық малын асылдандыру. Өйткені ауылдық тұрғындардың көбісі сүтсіз сиыр ұстайтын болғандықтан олардың иелігіндегі малын да асылдандыруымыз қажет. Мысалы, белгілі бір сүт өңдейтін кәсіпорын әр ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылық есебіндегі тұрғындармен келісімшарт жасасып, соның арқасында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие арқылы асылтұқымды мал алуына болады. Ашып айтқанда, кәсіпорын шетелден 100 сүтті сиыр әкелсе, оның екеуін бір тұрғынға, келесісін тағы біріне үлестіріп береді. Бұл бүгінде 6 пайыздық несиемен үлестірілуде. Ал несиені тұрғын сүт есебінен өтей ме немесе шетінен кәсіпорынға қаржылай беріп құтыла ма, ол кәсіпорын мен тұрғын арасындағы келісімге байланысты.
Қазіргі таңда біз аудан бойынша соны жоба, тың жоспар жасап, қажетті қаражатты есептеп, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беруі жөнінде ұсыныс жасадық. Мұны аталған акционерлік қоғам біздің пайдамызға шеше ме, жоқ па, ол алдағы күннің еншісінде, – деді Ержан Байұзақұлы.
Бейімбет Майлиннің «Бәрін айт та бірін айт, коллективтің жырын айт» деген сөзі бар. Не десек те дәл қазіргі уақытта өңірде сиырдың жаңа сауылған сүті де, айран, сүзбе, құрт, ірімшік секілді сүт өнімдері де өңірлік нарық сұранысын қанағаттандыра алмай жатқаны белгілі. Оны іргеміздегі қырғыз ағайындардан келіп жатқан шикі сүт пен сүттен жасалған дайын өнімнен-ақ аңғаруға болады. Сондықтан «Айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарадының» керін келтірмей, сауынды сиыр баққан шаруа да, қолында бір екі тана-торпағы бар ауыл тұрғыны да мейлінше асылтұқымды мал ұстауға ұмтылғаны абзал. Сонда ғана ішкі нарықтан шетел өнімін ығыстыруға оңды қадам жасалады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала