100 МЫҢ ШАБАҚ ЖІБЕРІЛДІ
Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі. Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және қолдан балық өсіру. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне иек артсақ, еліміздің табиғи суайдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
Қазақстанға шамамен 41 мың тонна мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді және 25 мың тоннаға жуық балық пен балық өнімдері экспортталады. Оның негізгі үлесі – терең өңделген өнім (балық филесі). Бұл ретте отандық балық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болып келеді. Бұл жұмыстардың жандануына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып отыр.
Апта басында ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Қаракемер ауылында болып, аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұловпен бірге «Атамакен» шаруа қожалығының «Форель» балық шаруашылығының жұмысымен танысты.
Шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Шаймқұловтың айтуынша, 15 бассейн қазылып, суайдынға 100 мың шабақ жіберілген. Жоба құны 140 миллион теңгені құрайды. Жылдық өнім 100 тоннаға жетеді.
Екі ағайынның бірлесіп ашқан жобасына ризашылық танытқан Қанатбек Қайшыбекұлы жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілетін көмектер ұсынылатынын алға тартты.
Қызықты көрсеткіштерге тоқтала кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 килограмм балық өнімдерін тұтынуды ұсынады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 килограмнан аз екен.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Жамбыл ауданы