Сот ісін жүргізу жеңілдетілді
Азаматтық істерді қарау тәртібін процесс тараптары үшін ыңғайлы және жылдам ету әрі оларды татуластыру бағытын ұстану, қазіргі заманғы технологияларды кеңінен пайдаланып, азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту туралы міндет қойылған еді. Бұл тапсырманы іске асыру мақсатында жылдам, сапалы әрі процеске қатысушылар үшін қымбатқа түспейтін сот төрелігі талаптарын қанағаттандыра алатын оңтайлы процестік тәсілдер қарастырылды. Бұл ретте іс жүргізу шығындарын үнемдеуге және азаматтық іс жүргізудің дәстүрлі, іргелі негіздерін сақтаудың теңдігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген іс жүргізуді дамыту маңызды рөл атқарады.
Жеңілдетілген іс жүргізу халықтың басым көпшілігі үшін өз құқықтарын қорғаудың қарапайым, түсінікті әрі аса қымбатқа түспейтін тетігін қарастырады. Бұл көптеген әлеуетті процеске қатысушылар үшін істердің аса кең таралған санаттарына, жиі кездесетін жағдайларға іс жүргізу заңнамасының бейімделуін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды. Осындай іс жүргізуді кеңінен қолдану оларға сотқа қол жеткізуді жеңілдету және процесті дербес жүргізу мүмкіндігін беретін әлеуметтік маңызы бар функциялардың жүктелуіне байланысты болып отыр.
Жаңашылдықты жүзеге асыру мен сот реформаларын жүргізудегі басты мақсаттың бірі – сот істерін жүргізуді жеңілдету. Бұл өз кезегінде түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын барынша қысқартуға және судьялар жүктемесін азайтуға мүмкіндіктер береді. Мәселен, баламен кездесу уақытын белгілеу, баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау, алимент мөлшерін азайту туралы санаттағы істер бойынша тараптарды татуластыру арқылы істі аяқтайды. Алайда, тараптар келісімге келмеген жағдайда судья азаматтық істі өз өндірісіне қабылдап, ары қарай сот отырысын тағайындайды.
Сот жүйесінде жаңа технологияларды қолдану аясы кеңейіп, ақпараттық сервистерді және оларды пайдалану механизмдері күн өткен сайын жетілдіріліп жатыр. Сот жүйесі жұмысын оңтайландыру, сот төрелігін жеңілдету мақсатында «Сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Бұл сервис азаматтардың арыз-шағымдарын қашықтықтан беруіне және сот процесіне қатысушылардың іс жүргізу кезінде қабылданған сот актілерімен және басқа да қажетті ақпараттармен танысуға мүмкіндік береді. Барлық соттарда 2015 жылдан бері «Төрелік» ақпараттық жүйесі жұмыс жасайды. Сот жүйесінде күнделікті жүргізілетін жұмыстар аталған жүйе арқылы жүргізіледі. «Төрелік» ақпараттық жүйесінің артықшылығы, басқа мемлекеттік органдармен ақпарат алмасуға қолайлы, жүйені пайдаланушыларға тіркеу рәсімі жеңілдетілген сондай-ақ ақпарат алу жүйесі жеделдетілген.
Жалпы, бұл жүйе арқылы сот процесіне қатысушыларға СМС хабарлама жолдау және оларды электрондық пошта арқылы хабардар ету жүйесі, «Сот құжаттарымен таныстыру», «Істерді қарау тізімі», «Сот кабинеті» және «Сотқа шақыру қағазы» сервистері қарастырылғанын айтуға болады. Атап өтерлігі, бұрын азаматтың жеке қатысуы қажет болса, енді қазір жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы сотқа қашықтықтан қатысуға болады. Яғни, халықтың уақытымен қаражатын үнемдеп, сот жүйесінің ашықтығына мүмкіндік беретін бар жағдай қарастырылған.
Қайрат ОРАЗБЕК,
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман - сот мәжілісінің хатшысы
Келесі мақала