Кәсіби бағдар беру – мамандық таңдауда маңызды
Бүгінде болашағын жол саласымен байланыстырғысы келетін жасөспірімдер аз болса да, бар. Мәселен, Тараз қаласындағы №23 орта мектептің 11 сынып оқушыларының бірқатары бұл салаға қазірден-ақ қызығушылық танытып отыр. Ақжолтай жаңалық жас жеткіншектерге кәсіби бағдар беру мақсатында онлайн байланыс барысында белгілі болды.
Нақтылай түссек, жол активтері сапасы ұлттық орталығының өңірдегі филиалының қызметкерлері «ZOOM» платформасы арқылы мектеп оқушыларымен тілдеседі. «2000 мектеп» жобасы аясында жүзеге асқан шара аясында филиал қызметкері Жұмахан Шакирбаев болашақ мамандық иелеріне өз жұмысы жөнінде толыққанды ақпарат береді. Сондай-ақ, оқушылардың назарына автокөлік жолдарын салу мен олардың сапасын бақылау жұмыстары жөніндегі бейнесюжет ұсынылады. Нәтижесінде, білім ошағын биыл тәмамдайтын түлектердің бірқатары осы салада қызмет етуге ниетті екенін жасырмады.
Жалпы, дәл осы филиалда «Ашық есік» күндері де жиі ұйымдастырылады. Онда мектеп оқушылары мен қатар колледж студенттері жолшылардың жұмысымен танысуға мүмкіндік алып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап табуына жағдай жасалады.
Келесі мақала