Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОБЛЫСТА БИЫЛ ҚАНША ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ?

ОБЛЫСТА БИЫЛ ҚАНША ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ?
ашық дереккөз
ОБЛЫСТА БИЫЛ ҚАНША ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ?
Халықты баспанамен қамту – негізгі басымдықтардың бірі. Еліміз тәуелсіздік алғалы тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға айрықша көңіл бөлініп, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Әрине, отыз жылда еліміз түрлі сындарлы кезеңдерді бастан өткерді. Дегенмен қандай қиын жағдай болмасын халықтың басты қажеттілігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар бір сәтке де босаңсыған емес. Керісінше жыл өткен сайын тұрғын үй құрылысы қарқынды дами түсті. Жамбыл облысында да мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озды. Жаңа ықшамаудандар бой көтеріп, жүздеген, мыңдаған тұрғынның қол жетпес арманы ақиқатқа айналды. Шаһарда бой көтерген сәні мен салтанаты келіскен жаңа ықшамаудандар тұрғындардың көкірегінде қуаныш сезімін оятып, үміт отын маздата түсті. Қала халқының саны өсіп, тұрғын үйге деген сұраныс көлемі күн санап артып жатқан кезде баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың ерекше қарқын алғаны әрине, көңіл қуантады. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі істер кейінгі екі-үш жылда тіпті үдей түсіп, жаңадан салынып жатқан 15-ықшамауданда бүгінде қоныстой көбейіп тұр. Бұдан бірнеше жылдар бұрын ашық дала болып, мал жайылымы ретінде пайдаланған алқап бүгінде алып құрылыс алаңына айналған. Мәселен, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың 2022 жылдың наурыз айындағы есеп беру кездесуінде айтқан мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15-ші ықшамауданда 29 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліпті. «Өткен жылы бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 19,7 миллиард теңгеге 131 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 53-і 2022 жылға өтпелі нысандар. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны – 22 073 (көпбалалы отбасылар – 3 052, 29 жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 959, әлеуметтік жағынан қорғалатын топтар – 10 066, мемлекеттік, бюджеттік және әскери қызметкерлер – 6996)», деді халық алдындағы кездесуінде Ержан Жұматұлы. Облыста 2022 жылы да тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту бағытында жоспарға сай тиісті жұмыстар жүргізілмек. Облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңір бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 36 149 тұрғын тіркелген екен. Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында былтыр бюджет көздерінен тұрғын үй құрылысына 16,6 миллиард теңге бөлініп, 4 481 пәтерлі (313,8 мың шаршы метр) 76 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілген. Жыл қорытындысымен 41 көпқабатты үй пайдалануға беріліп, 2 241 отбасы баспанамен қамтылған. Сонымен қатар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен бөлінген 921,3 миллион теңгеге 94 пәтер сатып алыныпты. – Жалпы жыл қорытындысымен тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 704,7 мың шаршы метрді құрап, 2020 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 14,1 пайызға артты (мемлекеттік меншік – 169,2 мың шаршы метр, жекеменшік – 535,5 мың шаршы метр). 2022 жылы көпқабатты тұрғын үй құрылысы бойынша 24,4 миллиард теңгеге 4 388 пәтерлі 68 үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың қорытындысымен 3 120 пәтерлі (218,4 мың шаршы метр) 47 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде, – дейді облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев. Тек облыс орталығында ғана емес, Қаратау, Жаңатас секілді шағын қалаларда да құрылыс саласының тамырына қан жүгірген. Бұрынғы қаңырап бос тұрған, қаңғыбастардың мекеніне айналған үйлердің көбі қалпына келтіріліп, шағын шаһардың шырайын аша түскен. Мәселен, өткен жылы Қаратау қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 24 708 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігінің арқасында қаратаулық 72 отбасы қоныстойын тойлаған. Нәтижесінде бір жылда 217 отбасы баспаналы болған. Биылғы жылдың жоспары да ауқымды. 2022 жылы 3-ықшамаудандағы №5, №6 жатақханаларды қайта жаңғырту, Б.Момышұлы көшесіндегі №17 үйді қайта жаңғырту және 15 пәтерді демеушілер есебінен жөндеу жоспарлануда. Бұдан бөлек Б.Момышұлы көшесіндегі №10 және 3-ықшамаудандағы №16 үйді дайын күйінде 925,4 миллион теңгеге сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар биылғы жылы Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында Қаратау қаласында 9 үй күрделі жөндеуден өтеді. Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында да тұрғын үй құрылысы жандана түскен. Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтың айтуынша, өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бұрнағы жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге артқан. – Өткен жылы ауданда пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі 23 мың шаршы метрді құрады. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,1 пайызға артты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 316 отбасы баспаналы болды. Ағымдағы жылы 160 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің (Жаңатас қаласындағы 6-ықшамаудан аумағынан) жаңадан салуға арналған жобасы әзірленіп (сараптамадан өтіп), облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Сонымен қатар 2 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарда бар (оның ішінде №32 үйді қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы 2022 жылдың 1 сәуіріне дайын болады. №33 үйдің құжаттары сотқа өткізілген. Соттың шешімімен №48 үй коммуналдық меншікке өткен. Қалған 12 пәтердің үй иелері бар болуына байланысты сот шешімі қараусыз қалдырған). Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы өзекті мәселелер қатарында тұрған «Үш алып» ғимаратының мәселесі шешілді. Биыл аталған тұрғын үйді «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірге 240 пәтерлі тұрғын үй ретінде қайта жаңғырту жоспарлануда, – дейді Марат Қырғызәліұлы. Жалпы өткен жылы Сарысу ауданында 82 нысанның құрылысы жүргізіліп, құрылыс көлемі 11,6 миллиард теңгені құраған. Жоспар толығымен орындалған. Марат Қырғызәліұлы тұрғындарды жеке тұрғын үймен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. – Күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелердің бірі – инфрақұрылым тарту. Аудан орталығынан жеке тұрғын үй салу үшін 3 алқап (4,5-ықшамауданнан 90 учаске, «Құрылысшы» массивінен 100 учаске) қаралған. Қала ішінде орналасқан 2 алқапты сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне, электрмен жабдықтауға 221,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін конкурс өтуде. Сонымен қатар саяжайдағы «Құрылысшы» массивіне ауызсу тарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өтуде. Сондай-ақ «Құрылысшы» массивіне жоба құны 93,1 миллион теңгені құрайтын газбен және электрмен жабдықтау үшін облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды, – дейді М.Сұлтанғалиев. Қордай ауданында да құрылыс жұмыстарының қарқыны көңіл қуантады. Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың сөзіне сүйенсек, 2021 жылы атқарылған жұмыстар ауқымды, биылғы жоспарлар да аз емес. – 2021 жылы Қордай ауылындағы «Батыс» ықшамауданында 60 пәтерлі тұрғын үй және Гвардейский қалашығындағы БҚПҒЗИ қызметкерлеріне 60 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесінің құрылысы аяқталған. Отар және Жамбыл ауылдарында мәдениет үйі, Гвардейский қалашығында спорттық-сауықтыру кешені салынып, ел игілігіне тапсырылды. 2021 жылы Қордай ауылында «Батыс» ықшамауданында 2 көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үй және Қордай ауылы Жібек жолы көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерден жалпы 180 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілді. Сонымен қатар ауданда «Асарлатып үй салу» жобасы іске асырылып, тұрғын үйге мұқтаж 15 отбасы баспаналы болды, – дейді Мәден Тоқтарбайұлы. Міне, біз келтірген аз-кем статистикадан-ақ облысымызда тұрғын үй құрылысы индустриясы жаңа леппен қарқын алғанын байқауға болады. Аудандарда да бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай тірліктер тындырылған. «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, қара шаңырағында арқаны кеңге созып жатуды армандап жүргендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жемісті жалғаса бермек.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар