АЛАШТЫҢ АСАНӘЛІСІ
Жалпы, қазақ аналары расында да алтын құрсақты ғой, шіркін. Оның ішінде Әулиеата өңірі Бауыржан Момышұлындай батырды, Жазылбек Қуанышбаевтай атақты шопанды, Жақсылық Үшкемпіровтей әлемге әйгілі балуанды тудырған қасиетті өлке. Ауылда туып, аты күллі алашқа мәшһүр болған театр және кино актері Асанәлі Әшімов те біздің жамбылдықтарға ғана емес, қазаққа ортақ дарын иесі.
Биыл осы қазақ театр өнерінің ұстазы 85 жасқа толып отыр. Тұлғаның тойын туған жері лайықты деңгейде атап өтуді құп көрген екен. Қазақстанның және Кеңес Одағының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері сынды атақтарды асыл өнердің арқасында алған Асанәлі Әшімовке туған жері қандай құрмет көрсетсе де жарасады.
Мерейтой иесі кеше өңірге жолы түсіп, тараздықтармен қауышқан. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған зиялы қауым өкілдері өнер иесін А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратында үлкен қошеметпен күтіп алғаны да ұрпақ үшін өнегелі іс. Туған жерге табаны тие сала атақты актер өзінің рухани және өмірдегі ұстазы Асқар Тоқпановтың рухына тәу етіп, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін жұрт Асанәлі Әшімовтің көшпелі музейін аралап, танысты.
– Өнер халықтікі. Халық болмаса, өнердің де өзгенің де көк тиын құны жоқ. Біз осындай жетістікке А.Тоқпановтай ұстаздың арқасында жеттік. Турасын айтқанда, Тоқпановтың тоқпағынан шықтық. Одан үйренгенім мен үшін өмірлік азық болды. Ұстаз алдында мәңгілік қарыздармын.
Мүшел жасымда өзімнің туған жеріме келіп, ел-жұрттың арасында, көпшіліктің ықыласына бөленіп жатсам, ол біріншіден Құдайдың, екіншіден халқымның арқасы. Бабалар аруағының демеуімен бүгінде сексен бес жасқа келдік. Осы күнге дейін не істесекте ел үшін, ел игілігі үшін деп ойлаймын. Бүгін әулиеаталықтармен қауышып-дидарлассақ, одан кейін елдің түкпір-түкпірін аралауды жоспарладық, – деді Асанәлі Әшімов.
Бұдан кейін мерейтой иесінің 85 жылдығына орай Тараз қаласындағы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрында Асанәлі Әшімовтің шығармашылығы, өмірі туралы «Жаңа ғасыр» театрының «Тағдыр тақтасы» атты қойылымы жұрт назарына ұсынылды. Ол қазақ киносының майталманы Асанәлі Әшімовтің өнерде басып өткен жолы мен оның ұрпақтарға өнеге болатын істерінен сыр шертеді. Біз мұны тұлғаны кейінгі ұрпаққа дәріптеуді мақсат тұтып, осы бір киелі өнер жолындағы абыздың алаш жұртына жасаған еңбегін елге көрсету деп ұғындық. Қойылымда Асанәлі атамыздың таза өнер үшін өмірдегі бар қиындықты қалай еңсергені, өнер адамы үшін бақ пен сордың қатар дәмін татудың азабы мен ләззатын бейнелейді. Бақыт Беделханның қаламынан туған «Тағдыр тақтасы» атты драма жұрт көңілінен шықты.
Қойылым соңында облыс әкімі Н.Нұржігітов мерейтой иесіне інілік ізетпен шапан жапты. Сондай-ақ А.Әшімовтің және театр ұжымының құрметіне облыс әкімінің ықылас гүлі сахна төріне шығарылды.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала