Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

САУАБЫ МОЛ СОҢҒЫ ОН КҮН

САУАБЫ МОЛ СОҢҒЫ ОН КҮН
ашық дереккөз
САУАБЫ МОЛ СОҢҒЫ ОН КҮН
Хадисте «Қасиетті Рамазан айының алғашқы он күні рақымға толы, ортаңғы он күні кешірімге толы болса, соңғы он күні тозақтан қалқан» делінген екен. Айлардың сұлтаны Рамазан айы да аяқталуға жақын. Санаулы-ақ күн қалды. Әр әулетте, әрбір ұжымда оразаға ниет етіп, ауыз бекіткен жандар бар. Баршамыз үшін сауабы мол рақымды айдың соңғы онкүндігін қалай өткізген дұрыс болады екен? Айт мейрамы келе жатыр. Ұлық мерекенің мәнін балаларға қалай ұғындырамыз? Осы сауалдармен «Һибаттула Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпекпен әңгімелескен едік. Имамның айтуынша, қас қағым сәтте өте шыққан мыңнан да қайырлы айда не істеп үлгердік, тақуа түрде жүрегімізді таза сақтап әрі рухани азық алдық па деп өз-өзімізге есеп беру керек екенбіз. Неден тыйылдық? Қандай жақсы әдеттер қалыптастырдық? Немен қоштастық? Енді бір айдағы ең берекелі он күн зулап өтпекші. Құлшылығымызды арттырып, оңашаланып, ойларымыз бен сөздерімізді екшеп, намаз оқитын қауым түнгі таһаджут намазын үзбей оқып, Жаратушыдан арман-тілегіңді сұрап қалатын кез екен. Бұл айдағы тілеген тілектер қайтарылмайды. Таза ниетпен сұрасаңыз сұрағаныңыз орындалатын ғажайып ертегі ай деседі. Ораза айында балаларға, жақындарымызға сыйлық сыйлап үлгермеген болсақ, жылы сөзіміз бен сыйымызды аямай оларды қуантатын шақ. Осы онкүндікте Алладан кешірім тілеп, өзгелерді, ата-ана мен балаларыңды қуантатын сәт келді. – Рамазанның соңғы онкүндігі он түрлі алтын жамбы секілді. Ұзын сонар әңгіме-дүкен құрып, ауызашардан соң артық әңгімеге жол бермей, Аллаға деген құлшылығымызды арттыру керек. Таңнан кешке дейін мешітте отыр демейміз. Қолдан келсе мешітке келсін, болмаса әркімнің өз үйі – алтын кеніші. Үйінде отырып дұға жасап, намаз оқып, кешірім тілеген жөн, – дейді Ғ.Жәпек. Имам ауызашар бергенде де аста-төк дастарқан жайып, ысырапқа жол бермеу керектігін ескертті. Таңда ерте тұрған жанның ырысы артық болатынын қазақ баяғыда-ақ білген. Ерте тұрып, тірлігін қылып, мақсаттарды тиянақтап, алға жоспарлар қойып, жаман әдеттерден арылып, әр күнімізді әсемдеу – адамның өз қолында екен. Ораза айында әр түні екі рәкәт намаз оқыса, сол оқылған намаз Қадыр түніне дөп түссе, 83 жылдан аса күн сайын Құранды толық оқып шыққандай болады екенсің. Бұл жолы Қадыр түні сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түніне сай келіп тұр. Мұсылмандар Қадыр түнін қалай күткені жөн дегенімізде Ғалымбек Жәпек бұл түні арнайы бекітілген құлшылық түрі жоқ екенін айтты. – Бұл түнді барынша нәпіл намаздармен, зікір, тиләуат, дұғалармен өткізу керек. Көк жәшікті қосып қойып, сериалдар мен түрлі шоу бағдарламаларды көріп отырып тілеген тілек шынайы емес. Рамазан айының соңғы онкүндігінде әр түні 50 немесе 100 теңге мөлшерінде садақа берген жөн. Сонда садақа міндетті түрде Қадыр түніне түскен болады. Әрбір түні «Ықылас» сүресін 3 реттен оқыған дұрыс. Өйткені «Ықылас» сүресін оқу Құран Кәрімнің үштен бірін оқығанмен бірдей. (Бұқари). Демек, бұл сүрені үш рет оқысақ толық оқығандай сауапқа кенеледі екенбіз, – дейді ол. «Һибаттула Тарази» мешітінің найб имамы Ғ.Жәпек бар ықыласпен ораза айтта әр мұсылман орындауы тиіс сауапты амалдарды да түсіндірді. – Біріншіден, ораза айт – ізгіліктің, мейірімділіктің, қайырымдылықтың мерекесі. Ораза аяқталып, халық аузын ашып, қуанышқа кенелген кез. Бұл мереке баршамызға қуаныш сыйлайтын, бір-бірімізге шағын да болса сый-сияпат жасайтын мейрам екен. Әсіресе кішкентайларды қуантып, киім, тәтті әперетін, мерекенің мәнін сездіретін кез. Балалар келесі жылғы айт қашан келер екен деп күтетіндей болуы керек. Сол себепті ең жақсысын балаларға берген жөн. Ораза айттың қадірін, ерекшелігін ескерген абзал. Әдемі киініп, иіссу себініп, бір-бірімізден халімізді сұрасып, айналамызға жылышырай танытуымыз қажет. Сырқат адамдардың көңілін сұрап, араздасқандар татуласып, жылы жүзбен, емен-жарқын айттаған жөн екен, – деген «Һибаттула Тарази» мешітінің найб имамы барша мұсылман қауымының қасиетті айдағы дұғаларының қабыл болуын тіледі.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар