Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жарамазан қалта қамы үшін айтылмайды

Жарамазан қалта қамы үшін айтылмайды
ашық дереккөз
Жарамазан қалта қамы үшін айтылмайды
Дінімізде айлардың сұлтаны деп құрметтелген Рамазан айының да бітуіне санаулы күндер қалды. Бұл айды жыл сайын күллі мұсылман баласы асыға күтеді. Отыз күн ораза ұстап, Аллаға құлшылық ететін айды қазақ баласы қошеметпен қарсы алады. Соның бір белгісі, өнерге жақын қарадомалақ балалар қолдарына домбырасын алып, қоржындарын мойнына асынып, екі кештің арасында «Жарамазан» жырын айтуға шығады. Бұл жыр әуелгі нұсқада халықтық әуенмен айтылатын. Оны жұрт біздің ата-аналарымыздың буынына дейін өз жолымен айтып келді. Онда жырдың айтылу ережесі бар болатын. Бірінші жыр басталып, екінші жыр төкпеленіп айтылатын. Ең соңында бата жыры шырқалады. Оның ежелгі нұсқасына назар аударсақ, жарамазан былай басталатын. Бірінші жарамазан желдірмесін: «Үйің, үйің үй екен, Үйдің көркі ши екен. Саба көркі бие екен, Сандық көркі түйе екен. Ақсарайдай көрінген, Қандай байдың үйі екен! Үйің, үйің үй екен, Үйдің көркі ши екен. Ақсарайдай көрінген, Өз ағамның үйі екен», деген сияқты төкпелетіп, екпіндетіп соғатын болған. Кейбір кезде өз жандарынан да суырып салып отыратын. Міне, осылай бастап келіп, жарамазан сөзіне қарай ойысқанда: «Айтайын айт дегенде жарамазан, Бір келген он екі айда ораза иман! Ассалаумағалейкум, дәуіт ғалам, Ағаға осы үйдегі бердік сәлем. Ағаға осы үйдегі берсек сәлем, Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам! Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған, Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған, Ораза намазыңды күтіп барсаң, Алдыңда Нұр Мұхаммед күліп тұрған. Мінгені Пайғамбардың жирен дейді, Намазды он екіңде үйрен дейді. Намазды он екіде үйренген соң, Тіліңе қызыл істік түйрелмейді. Меккеде бір ағаш бар іші қуыс, Ораза намазыңның несі жұмыс. Ораза намазыңды күтіп барсаң, Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс. Ассалаумағалайкум, мұсылмандар, Мойынын хақ жолына ұсынғандар. Құт орнап отбасыңа, бағың артсын, Құдайым қабыл етсе, ісіңді оңдар. Айтамыз жарамазан ауылыңа, Бақ қонсын бар мұсылман қауымына. Береке, құт әкелсе, Ораза айы, Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!» деген сияқты өнегелі, үлгілі ораза айының шаттығын, берекесін жырлайтын салмақты сөздер айтатын болған. Кейде жарамазан айтушылардың арасындағы қушыкештері өздерінің бірдеңе сұрап тұрғанын білдіргісі келмей, бір жағы үй ішіндегі жеңгелеріне назданғансып, жыр арасында: «Адыр-адыр таулардан, Айғыр мініп біз келдік... Ауыздыға бой бермей, Бай үйіне кез келдік. Бұдыр-бұдыр таулардан, Бұқа мініп біз келдік. Мұрындығы бой бермей, Бай үйіне кез келдік», деген сияқты жыр жолдарымен үй иесінің мерейін асырып, бір жағы әдейілеп келмей, өздерін де кездейсоқтықта Құдай айдап келгендей сезіндіріп төкпелетіп айтатын болған. Міне, осыны естіген есті қазақ үйден шығып, оларға өзінің жөн-жоралғысын көрсетпей қайтсін енді?! Аларын алғаннан кейін жарамазан айтушылар бата береді. Ол «Жарамазан батасы» деп аталып жүр. Балалардың мінгені, Жорға-жорға тай болсын. Жорғалатып келгенде, Байдың көңілі жай болсын. Ай жағыңа қарасаң, Алтыннан терек орнасын. Күн жағыңа қарасаң, Күмістен терек орнасын… Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол, Бозторғайдай төлшіл бол. Бәйтеректей бүрлі бол, Пайғамбардай нұрлы бол. Әумин!» деп бетін сыйпап, келесі ауылға немесе үйге қарай тартып отыратын болған. Бұл береке айын мерекеге айналдырып, әнмен әрлеп жүрген қазақтың бүгінгі балалары осы жарамазанның әуелгі нұсқасын қалай айтып жүр дегенге тоқталсақ, әркім әртүрлі пікір айтады. Тіпті кейбірі бүгінгі жарамазан айтушылардың зеріктіріп жібергенін айтады. Бұған не себеп? Біз осы сауалдың жауабын алмаққа бүгінгі «Жарамазан» жырының сыйқы туралы ұлт тәрбиесінің басында тұрған ұстаздарымыздан сұрап едік. Олар да өз уәжін айтудан жасқанып қалған жоқ. – Жарамазан – арнайы өзінің мақамымен әуендетіп, әуелетіп айтатын дәстүрлі жыр. Оны бала кезімізде өзіміз де айттық. Біз бір үйге бір рет баратынбыз. Ешқашан қайталап кірмейтінбіз. Сонымен қатар кейбір кездері жақын туыстарға барғанда да арнайы айтатынбыз. Мысалы, нағашымыздың ауылына барсақ, «Жарамазан айтайын нағашыма, ауылдың жасы үлкен ағасына» деген сияқты әндетіп ала жөнелетінбіз. Бірақ қалай болмасын оның әуелгі нұсқасы нәпақа тауып алу үшін емес, халықтың көңілін көтеру үшін, бір жағы оразаның қызығын асыру үшін айтылатын. Ал қазіргі таңдағы жарамазан айтушылар тіпті сол өзі келген үйдің бергенін місе тұтпайтын, ақша бермесе көңілі түсіп кететін дәрежеге жетті. Бұл өте ұят дүние. Жырды өзгертіп алып, оны сұраншақ әдетке айналдырып, «Алып шық, алып шық. Сары табақты алып шық, бес жүз теңге салып шық» деп, берген бауырсағы мен ірімшігіне риза болмай, қайталап тұрып алу ол ұлттық болмысымызға сын. Әрине, бала болған соң оны білмей, тіпті өзінің не айтып тұрғанын да түсінбеуі мүмкін. Алайда үлкендер жағы оларға барынша үйретуге тырысуы керек, – дейді филолог Бақытжан Маханұлы. Жалпы «Жарамазан» жыры бізге қайдан келген? Неге біз ораза айында жарамазан айтамыз? Бұл жайлы асыл дініміз не дейді деген сұрақтармен имамдарға да қайырылған едік. – Жарамазан – ата-бабамыз ислам дінін қабылдағаннан кейін пайда болған, тұрмыс-салт жырының бір парасы. Бұл туралы дінде арнайы жырлар, нақты деректер жоқ. Алайда араб тілінде «Жә рамазан» деген тіркес бар. Оның мағынасы «Рамазан келді» дегенді білдіреді. Міне, сол сөзді қазақ даласына ислам дінін таратушылар жарамазан ретінде танытқан деуге болады. Бір жағынан, ерте кезде қазақ даласында уақыт болған жоқ. Міне, сол кезде сәресіге ояту мақсатында, екінші жағынан, ауыз ашқаннан кейін ораза ұстаушылардың көңілін көтеру мақсатында ән қылып, әуендетіп, нақышына келтіре көбіне балалар айтатын болған. Сондықтан бүгінгі күнге дейін жетіп отырған бұл ескі жырдың үлгісіне деген көзқарасымыз дұрыс болуы керек деп ойлаймын, – дейді Тараз қаласындағы «Әулие ата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев. Иә, қазіргі «Жарамазан» жырының төңірегінде айтылып жүрген сыни көзқарастағы пікірлер де аз емес. Олардың көбіне «Жарамазан» жырының сөзі жақпайтын көрінеді. Өйткені қазір буын жырдың әуелгі нұсқасын өзгертіп, өздерінің пайдасына қарай бұрмалап алған. Оның үстіне қолдарында домбыра түгіл, қу таяқ та жоқ. Жетіп келіп, жырдың екі жолын айтқан соң берген бауырсақ, құрт, тәттілеріңді алмай, ақша дәметіп тұратын болғанын жұрт жиі айта бастады. Біз бұл жөнінде тұрғындардың өзінен сұрап едік. – Жарамазан айтып келетіндерге қарсылығым жоқ. Бірақ қазіргі балалар «сары табақты алып шық, бес жүз теңге салып шық» деп бұйрық беретінді шығарыпты. Бір-екеуін дұрыстап, жөндеп айтыңдар деп ұрсып та алдым. Бірақ бала ғой, олар не біледі дейсің. Сондықтан үлкендер жағы дұрыс тәрбие беріп, оларды ұлттық болмысымызды бұзбауға бағыттауымыз керек, Оның үстіне «Жарамазан» жыры бүгін ғана шыққан жоқ. Оның өзінің айтылу үлгісі, айтылғаннан кейін жасалатын жөн-жоралғысы бар. Сонымен қатар оны жай ғана жыр ретінде емес, өнер ретінде де қабылдаған дұрыс. Олай дейтінім, «Жарамазан» жырын айтушылардың өзінің жанға жайлы мақамдарынан бөлек, домбыра, сыбызғы, қобыз сияқты саз аспаптары да болуы керек қой. Оны естіген адам риза болып, көңілі көтерілуі керек. Ал қазіргілер екі шумақ жырды айта сала ақша бер дейтінді шығарыпты. Бұл айналып келгенде бассыздық емей немене? Сондықтан «Жарамазан» жырына селқос қарамау керек. Оны айтқан адам, біріншіден, нақты өз әуенін бұзбай, сөзімен, нақышына келтіре орындау керек. Екіншіден, халықтың батасын алу мақсатында айтылуы керек. Оны бизнеске, ақша табудың құралына айналдырмау керек, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Шыңғыс Ғабдолла. Ал «Жарамазан» жырын айтушы балалар бұл жырды бірінен-бірі үйренгенін айтады. Әрі өздерінің қызық үшін, бір жағы ораза айында сауап жинау үшін айтып жүргендерін алға тартады. – Біз бес-алты бала бірігіп алып, күнде көршілерге жарамазан айтамыз. Кейбіреуі алдында 100, 200 теңгеден ақша беріп қайтаратын. Кейін келе бермейтінді шығарды. Кейде 5 мың теңгеге дейін, кейде 3 мың теңгеге дейін тапқан күндеріміз де болды. Кейбір апайлар бауырсақ, құрт, самса береді. Оны да алып аламыз. Қазір домбырамыз жоқ. Есейгенде сатып аламын, – дейді жарамазаншы балақай Нұрдәулет Бағылан. Мейлі қалай болмасын, ежелден келе жатқан салт-дастүріміз бен ұлттық болмыстағы дүниелеріміздің қалпын бұзбай халыққа жеткізу біздің парызымыз екені анық. Сондықтан «Жарамазан» жырын да жаңғыртамыз деп жанқалта қамын күйттейтін дәрежеге түсіргеніміз жарамас. Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

АНАҒА ТАҒЗЫМ
Алдыңғы мақала
АНАҒА ТАҒЗЫМ

Ұқсас жаңалықтар