Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Шынықсаң шымыр боларсың!»

«Шынықсаң шымыр боларсың!»
ашық дереккөз
«Шынықсаң шымыр боларсың!»
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Шынықсаң шымыр боларсың!» атты мотивациялық іс-шара өтті. Кездесуге аталмыш білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Кештің арнайы қонағы ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Төлен Әмірхан. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың бойында бұқаралық спорт және дене шынықтыруды дамыту, ұлт саулығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа еліміздің спорт ардагерлерін дәріптеу арқылы студенттердің спортқа деген қызығушылықтарын арттыру және сол спорт жұлдыздарын үлгі тұтуға шақыру. Тағылымды басқосуда алғашқы сөз кезегі кеш қонағы Төлен Смақұлына берілді. Т.Әмірхан сөзінің кіріспесін жастарды спортқа шақырудан бастады. Ол білімгерлерге спортпен қатар, білімді де ұмыт қалдыруға болмайтынын атап өтті. Спортта жеңіске жету, чемпион атану үшін білімді болу керектігін жастарға жеткізді. Айта кетейік, ардагер спортшы 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО-ның 2 дүркін жеңімпазы Кәрімжан Әбдрахманов секілді спорт саласына еңбегі сіңген халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 40-тан аса спорт шеберін дайындап шығарған. Осы орайда жаттықтырушы жастарға өзінің бапкерлікке қалай келгендігі туралы қысқаша баяндады. – 1970 жылдары қалаға келіп оқуға түстім. Білім ала жүріп, бокспен қатар айналыса бастадым. Оқуымды аяқтаған соң ауылға бірден қайта қоймадым. Мұныма әкем реніш білдірді. «Қалаңды қой да, ауылға қайт!» деген әкеме «Жоқ, әке, осында қаламын, бапкер боламын» деп келіспеген шырай таныттым. Қарсылық жауабымды естіген әкем бұл сұраққа қайта оралмады. Осы әңгімеден кейін спортзалды даярлап, ойымда жүрген ісіме кірісіп кеттім. Аз ғана уақытта бірнеше жастың басын қосып, күнделікті жаттығуларды жүргізіп жаттым. Бір күні ойламаған жерден жаттығу залыма әкем келіп тұр. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін әкем: «Жұмысыңды жалғастыра бер, маған мән берме» дегендей ишара білдіріп, анадайдан жұмысымды бақылаған коммисиядай болып қарап отырды. Өздеріңе етене таныс Серік Қонақбаев бастаған жиырманың үстіндегі спортқа деген құлшынысы бар жап-жас жастарды ақ тер, көк тер болып жаттықтырып жатырмын. Сол мезет «Әкем бокстан еш хабары жоқ, не аңғарып отыр екен» деген ойда болдым. Әкем тура солай қатарынан екі күн сыртымнан бақылап отырды. Күндегідей жаттығуымды аяқтап, спортшыларымды қайтарып болған соң әкемнің қасына келіп жайғастым. Әкем: «Қәне, балам, қолыңды жай. Мен саған батамды берейін», деді. «Ауылға кел, қызметіңді елге жаса» деп бапкерлігімді құптамаған әкем ойынан неге айныды екен деп таңырқадым. Алайда есімді тез жиып алдым. Әкем айнып қалмасын дегендей бірден қолымды жайып, алдына тізерлей отыра кеттім. «Еңбегің жансын, ұлым! Еңбегің өте адал жұмыс екен. Мынау алдыңдағы халықтың балаларына адал бол. Өзіңе сенім артқан шәкірттеріңді ренжітпе. Ешкімнің ала жібін аттама, алдама. Жұмысыңа адал бол, халықтың және спортшыларыңның мүддесінен шық», деп әкелік ақ батасын берді. Міне, сол күннен бастап әке алдында берген уәдемді бұзған емеспін. Жасым жетпіс жетіге келсе де жас балаша шауып жүргенім сол спорттың, қызметіме адалдық пен әкенің батасының арқасы деп ойлаймын, – деді бапкер жастарға өмірінің ең құнды естеліктерінен сыр шерте. Кездесу соңында жалынды жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, бүгінгі басқосудың арқасында өмірге деген көзқарастарының, спортқа деген қызығушылықтарының артқанын айтып, алған әсерлерімен бөлісті, Колледж ұжымы бокс ардагері Төлен Смақұлына мотивациялық кездесуге келгеніне алғыс білдіріп, естелік суретке түсіп, құрмет көрсетті.

Талғат ШИРКЕЕВ, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

САУАБЫ МОЛ СОҢҒЫ ОН КҮН
Алдыңғы мақала
САУАБЫ МОЛ СОҢҒЫ ОН КҮН

Ұқсас жаңалықтар