АДАМИ КАПИТАЛ САПАСЫ білім саласындағы реформаға байланысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында елімізде жүргізілетін реформалардың нақты бағдарларын нақты атап көрсетті.
Аталған Жолдауда Мемлекет басшысы: «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.
Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», деген болатын.
Сондай-ақ Президент техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керектігін де назардан тыс қалдырмады.
Жалпы біздің білім-ғылым саласын дамытуда «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының тигізер пайдасы орасан деп білемін. Осы ұлттық жобаны облыста жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Онда негізінде 4 бағыт (I. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; ІІ. Орта білім; ІІІ. Техникалық және кәсіптік білім; ІV. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім), 5 негізгі міндет, 15 нәтижелі көрсеткіш айқындалған. Аталған көрсеткіштердің 11-і өз өңірімізде толығымен орындалып жатса, 12 көрсеткіш бойынша 2025 жылы халықаралық салалық стандарттарға сәйкес құзыреттілік орталық қүрылатын болды. Атап айтқанда, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде құзіреттілік орталығы құрылмақ.
Президент атап көрсеткендей, бүгінде көзделген міндеттердің бірі – бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін, сапасын қамтамасыз ету. Облыста 59 мың 894 баланы қамтитын 573 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 343-і мемлекеттік болса, 230-ы жекеменшік. Өткен жылы 20 жекеменшік балабақша ашылып, нәтижесінде тағы да 2 270 бала мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтылды.
3-6 жас арасындағы балалардың қамту үлесі 100 пайызды құраса (республика – 98,2 пайыз), 2-6 жас арасындағы балалардың қамту үлесі – 94,1 пайыз. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші бойынша өткен жылы аталған ұлттық жобада белгіленген жоспар толық орындалды.
Биыл бекітілген қадамдық жоспарға сәйкес 1 937 орындық 17 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін көрсеткіш 94,2 пайызға жетеді. 2025 жылға қарай 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесін 95 пайызға, 2028 жылға қарай 100 пайызға жеткізу көзделген.
Биылғы оқу жылында облыстағы орта мектептерде 11 мың 936 түлек білім алуда. Ұлттық бірыңғай тестілеу облыс аумағында «USTUDY» орталығының 2 пунктінде электронды форматта компьютерлік тест түрінде өтеді.
Наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 6 мың 624 мектеп бітіруші қатысты. Облыс бойынша өткен осы тестілеуде орташа балл 77,6-ны құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 2,3-ке жоғары.
Мектеп оқушыларының олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарындағы жетістігі – білім сапасының нәтижелі көрсеткіші.
Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 13 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленіп келеді. Биылғы жарыс 4-7 сәуір аралығында онлайн форматта өтуде, облыстан 59 оқушы қатысады. Нәтижесі осы айда белгілі болады.
Тағы бір маңызды міндеттердің бірі – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Өткен жылдың басында тіркелген үш ауысымды мектептің екеуінің мәселесі жаңа құрылыс есебінен шешілген болатын. Дегенмен жаңа оқу жылында оқушылар санының артуына байланысты үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер саны 3-ке артып, биылғы оқу жылында 4 мектеп үш ауысымда жұмыс істеуде. Алдағы уақытта осы мәселені шешу жүйелі жолға қойылып отыр.
Мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруда мектептердің заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады. Осы жылы 30 мектепке 90 жаңа модификациялық кабинеттер алу жоспарланған. Өткен шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жоспарға сәйкес тиісті мектептер жаңғыртудан, күрделі және ағымды жөндеуден өтті.
Ұлттық жобаға сәйкес даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамту көзделген. Облыстың білім саласында осы секілді басқа да міндетті жұмыстар өз ретімен жүзеге асырылуда. Сөз жоқ, бұл білім-ғылым саласына жүргізіліп жатқан реформалардың жемісі.
Жалпы ел ертеңі, мемлекетіміздің өркениетті елдердің қатарына қосылуы әр салада жүргізілген реформаларға байланысты. Білім адами капиталдың негізгі құндылығы болғандықтан ұлт ұрпағының қарым-қабілеті, интеллектуалдық даму деңгейі, білімі, жады жоғары болуы керек. Ол үшін елімізде білімнің сапасы жоғары болуы – ең басты шарт. Қазір біз осы биіктікті бағындыруға талаптанып жатырмыз. Бұған мемлекетіміздегі білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан ауқымды реформа арқылы қол жеткізе алатынымыз анық.
Мейірхан ӨМІРХАН,
облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы
Келесі мақала