Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАЗ ДИДАРЛЫ – Жаз-ата

ЖАЗ ДИДАРЛЫ – Жаз-ата
ашық дереккөз
ЖАЗ ДИДАРЛЫ – Жаз-ата
Аудан орталығында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 127 жылдығына байланысты аудан орталығындағы «Жаз-ата» саябағында орналасқан әйгілі шопанның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Рәсімге Жаз-атаның туыстары, ұрпақтары, көзін көрген, бірге қызметтес болған еңбек ардагерлерімен ауыл тұрғындары қатысты. Гүл шоқтары қойылған соң ауданның бас имамы Ұзақбай Бадықов Жаз-атаға және арамыздан кеткен еңбек ардагерлерінің рухтарына арнап, Құран бағыштады. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Әлихан Балқыбеков сөз сөйлеп, даңқты шопанның өмір жолынан өнегелі сөз өрбітті. – Қазақ қашаннан төрт түлік малды береке мен байлықтың басы санап, көп игілігін көрген. Маңғаз жатқан маң дала – Мойынқұмда да ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны тікелей тыныс-тіршіліктің тиімді көзіне айналдыра білген. Осы ретте алдымен ауызға алатынымыз – қазақтың қасиет қонған азаматтарының бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев. Иә, кәдімгі жайдары мінезді, жарқын жүзді Жаз-ата атанған, «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деп есептелген, бүкіл ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған, Мойынқұмның гүлденуіне, көркеюіне үлкен үлес қосқан Жазылбек Қуанышбаев. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, біздің ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды, – деді аудан басшысы. Содан соң Жаз-атаның еңселі ескерткішінің алдына, естелікке суретке түсіп, аудандық мәдениет үйінде Жазылбек Қуанышбаевтың 127 жылдығына арналған «Қазақтың қара шалы» деректі фильмін тамашалады. Осы күні «Жаз дидарлы Жаз-ата» аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Ал аудандық спорт мектебінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 127 жылдығына орай 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ауданның ашық турнирі өтті. Оған 10 команда қатысып, 10 салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов қатысып, қатысушы балуандарды айтулы күнмен құттықтады. Сонымен қатар Жазылбек қорының мүшесі, спорт жанашыры Сәбит Өтешов, спорт ардагері Ерқадыр Жұмабаев және ауданның Құрметті азаматы Мақсат Сейдалиевтер өздерінің ізгі ниеттерін білдіріп, балуандарды патриот болуға шақырды. Аудандық турнирге Шу, Мойынқұм аудандарының ауылдарынан келген жас балуандар өз шеберліктерін көрсетіп, мықтылар жеңіс төрінен көрінді. Спортшыларға бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының мадақтама қағаздары мен сыйлықтары табыс етілді. Жалпы турнирге 150-ге жуық спортшы қатысты. Мойынқұмның маң даласын малға толтыру, әрине, оңай дүние емес. Ондай іс ердің ері, нағыз еңбектің адамы, жүз жылда бір туатын Жазылбектей ердің ғана қолынан келетіні анық.

Ажар Ниязбекова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар