Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАБИҒАТСЫЗ АДАМЗАТТЫҢ КҮНІ ЖОҚ

ТАБИҒАТСЫЗ АДАМЗАТТЫҢ КҮНІ ЖОҚ
ашық дереккөз
ТАБИҒАТСЫЗ АДАМЗАТТЫҢ КҮНІ ЖОҚ
Жылдың төрт мезгілінің ішінде тіршілік бастауы – көктем айы. Бұл мезгілде күллі дүние жаңарып, Жер-ана бусанып, жасарады, жаңғырады. Адам баласынан бастап жыбырлаған жәндікке дейін тіршілік қамына кіріседі. Бұл жалпыға ортақ өмір заңдылығы екені белгілі. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» дегендей, тірі адам тіршілігін жасайтын осы бір шақта небір игі шаралардың бастау алып, бірлігі мен тірлігі үйлесім табатын берекелі, мерекелі істің әрбір сәті бағалы. Жаңа босанған анадай буырқанып, бусанып жатқан Жер-анаға, қысқы тонын шешіп, көктемгі көйлегін киген табиғаттың сұлулығын сақтап қалу – бәріміз үшін парыз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл бекер айтылмаған. Республика бойынша барлық өңірде алдымен қоршаған ортамызды аялауға қатысты жаңа қадамдар жасалады. Соның ішінде біздің облыс тұрғындары да тұрғылықты жерін көгалдандыруға қатысты көптеген шаралар атқаруда. Тараз қаласы әкімдігінің Медиа-орталығы берген мәліметке сүйенсек, осы жылы наурыз-сәуір айларында қала аумағында және округтерде бойы 2,5-3 сантиметрлік, жабық тамырлы 7 000 ағаш көшетін отырғызу жоспарланып, қазіргі таңда бұл іске асырыла бастапты. Алайда біздің қолымыздағы құжат бойынша 5 532 ағаш көшетін отырғызуға арналған жоспар бекітіліпті. Бүгінде «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі 3 259 ағаш отырғызған. Атап айтқанда, Төңкеріс аллеясы мен Тәуке хан, Төле би, Айша бибі, Сәтпаев, Сүлейменов, Ниетқалиев көшелері және Жамбыл даңғылы бойына, «Бәйтерек» ықшамауданының ауласына көшеттер отырғызылыпты. Сонымен қатар қыстан кейінгі 20 000 дана раушан гүлдің түптерін ашу және күтім жасау, қыстан кейінгі қар, құм, тұз астында қалған жарамсыз көгалды кайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сметалық жоспар бойынша көгалдандыру шаралары 22 300 шаршы метрді құраса, оның 1 850 шаршы метрі орындалған. Бойы 5-10 сантиметрге дейін өсіп кеткен, яғни қырқылатын көгал сметалық жоспар бойынша 1 442 600 шаршы метрді құраса, оның 43 234 шаршы метрі орылған. Облыстық, қалалық әкімшіліктердің алды және Төле би көшесінің бойы, Тұңғыш Президент атындағы саябақ, «25 жылдық» монументі, «Қазақ хандығы» алаңындағы өскен шөптерді ору жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы сметалық жоспар бойынша 1 171 800 гүл отырғызу қолға алынып, облыстық, қалалық әкімшіліктің алды мен Төле би, Абай көшелерінің бойы, «Жеңіс», Қайрат Рысқұлбеков атындағы, Тұңғыш Президент атындағы саябақтары мен «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» монументі, «Қазақ хандығы» алаңдарын қосымша абаттандыру шаралары жүргізілуде. Қаңтар-наурыз айларында қала аумағындағы көшелердің бойындағы 4 320 қураған ағаш бұталып, бекітілген сметалық құжат бойынша 1 333 данасы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне жеткізіліпті. «Жасыл ел-Тараз» ЖШС мекемесі директорының орынбасары Айдын Бейсеков: «Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында суғаруға арналған құбыр жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық және қалалық әкімшіліктің алды мен Төле би, Абай көшесінің бойы, Төле би мен Тәуке хан көшелерінің қиылысындағы көпір, Тәуке хан көшесі, «Жеңіс», Қайрат Рысқұлбеков атындағы, Тұңғыш Президент атындағы саябақтар мен «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» монументі, «Қазақ хандығы» алаңдарында да осы жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді. Облыс аумағында орналасқан ауылдық окугтердің тұрғындары да өз айналасын абаттандыруға атсалысуда. 9639 тұрғыны бар Жамбыл ауданына қарасты Полатқосшы ауылдық округінің азаматтары Жалпақтөбе ауылына 1000-ға жуық терек көшетін отырғызуды жоспарлап отыр. Бұл игі бастамаға округ әкімі Ержан Данаев бастаған ауыл белсенділері мен ерікті жастар үлес қоспақшы. – Жалпы жалпақтөбеліктердің ауызбіршілігінің арқасында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Табиғатты аялау –адамзаттың ең басты борышының бірі. Ауасы таза, табиғаты тамаша ауылдың тұрғындарымен бірге биыл 1000 терек көшетін егуді жоспарлап отырмыз. «10 күндігіңді ойласаң – тал өсір» дегендей, ағзамызға тұнық ауа сыйлайтын өсімдіктердің жылдан-жылға санын арттыру басты мақсатымыз, – дейді Е.Данаев. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экологі Арман Қарағалиевпен де сөйлестік. Ол да кәсіпорынның экологияны қорғауға қатысты атқарып жатқан жұмысынан мағлұмат берді. – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде айналаны көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспары жылда қарастырылады. Осы жылға да тал отырғызу жұмыстары жоспарланған. Серіктестіктің филиалдары – Жаңа Жамбыл фосфор зауытында (НДФЗ) – 5000 тал көшеті, Минералды тыңайтқыштар зауытында да осыншама тал көшеті, сондай-ақ шайқорықтықтардың сұранысы бойынша бұл ауылға 1000 тал көшетін және Тараз қаласының 15-ықшамауданында 2000 тал көшетін отырғызу жоспарланды, – дейді А.Қарағалиев. Қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту, табиғи байлықтарды сақтау және көркейту негізінде табиғат пен қоғамның өзара үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету – жалпыға ортақ парыз. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, қоршаған ортаны қорғау – біздің міндетіміз. Бұл біздің болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы болып қала бермек.

Нұржан Әліш

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар