Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫН ОЙЛАҒАН АҒАШ ЕГЕР

ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫН ОЙЛАҒАН АҒАШ ЕГЕР
ашық дереккөз
ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫН ОЙЛАҒАН АҒАШ ЕГЕР
XIX ғасыр жаңа технологиялар мен ғылыми жетістіктер дәуірі дегенмен қоғамда ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселелер бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе қоршаған ортаға деген адамзаттың ғасырлық қатынасы ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Адам баласы жаратылғалы бері өзін табиғаттың бөлінбес бөлшегі санады, піріндей қасиет көріп, анасындай қадір тұтты. Сонау бүлдіршін кезімізден бау-бақша ісіне баулып, қызығушылығымызды оятқан үлкендердің әрекетін бүгінгі заман көзқарасымен бағамдасақ, сол кісілердің өзі бүтін бір өмірлік мектеп болғандығына шарасыз иланасың. Қазақ қашанда өзін Табиғат-ананың төл перзенті көріп, қоршаған ортаға, айналасына ұқыптылық танытқан. Әсіресе ұлтымыз тал-дараққа, ағаш атаулыға аса ықыласпен, байыппен қараған. Себебі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ағаштан жасалған бұйымдардың алар орны ерекше болған. Қарапайым ыдыс-аяқ атаулыдан бастап, ер-тұрман әбзелдері, қару-жарақтары, музыкалық аспаптары, тіпті қазақтың баспанасы да ағаштан жасалды. Ауыл-аймақты мекендеген ағайын бақанға асылған еттің де дәмін ұмытпаған болар?! Міне, мұның бәрі тал-дарақтың, ағаш атаулының біздің ұлт тарихындағы маңызы туралы сөздің бір парасы ғана. Әйтпесе оның адамзат өміріндегі пайдасы ұшан-теңіз ғой. Құдайдың құтты күнінде, сәт сайын тұтынатын оттегіміздің өзін сол жасыл желектер өзінен бөліп шығармаушы ма еді!? Замананың түрлене түсіп, техника күшінің дамыған шағында табиғатқа деген кешегі ыстық ықыластың да суынып бара жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Зауыт-фабрикалар мен автомобиль түтінінің мөлшері артып, ауадағы көмірқышқыл метан газының үлесі күн санап көбейе түскенін аңғару үшін арнайы білімнің қажеті де жоқ. Ал сол метан газының қандай кеселі бар десеңіз – ол Жер ғаламшарын радиактивті сәуледен қорғайтын озон қабатының қабынуына бастамашы болады. Тиісінше жер бетіне күн сәулесінің мол мөлшерде түсуі жаһандық жылынуға, ауызсудың тартылып, мұхит суларының молаюына себепкер болады. Мұндай кесапаттың алдын алудың жалғыз жолы – өзіміз өмір сүретін ортаны мейлінше молынан жасыл желекпен қамтамасыз ету. Мұны қазақ сан ғасыр бұрын-ақ бағамдап біліп, «Жүз жылдығын ойлаған ағаш егер» деп бірақ түйген. Бүгінде ел аумағында мемлекеттік бағдарламалар аясында осы игі бастама қолға алынып та жатыр. Әріге бармай-ақ, өзіміздің облыстағы тал егу жұмыстарын да мысал етуге болады. Жылдың әр мезгілінде орман шаруашылығының қызметкерлері масштабты түрде ағаш отырғызу жұмыстарын жүзгізіп жатады. Облысымыздың біршама бөлігі шөлді, шөлейтті жерлер болғандықтан көбіне жүзген, қара тал сынды ағаштар отырғызылады. Бұл өз кезегінде құм көшкінінен сақтап, жердің құнарлана түсуіне жол ашады. Адамзат игілігі үшін жасалып жатқан осынау сауапты істің машақаты да жоқ емес. Мысалы, көктемгі науқан шағында басшылық көшеттерді көрші облыстардан тапсырыс арқылы алдыруға мәжбүр. Өйткені өз аймағымызда кәсіби түрде көшет дайындаумен айналысатын адамдар қарасы тым аз. Болған күннің өзінде олар мемлекет қажеттілігін толыққанды өтей алмай жатады. Осындайда Шығанақ Берсиевтей, Ыбырай Жақаевтай кетпен ұстар бір азамат болса дейсің! Әсіресе зейнет жасындағы қариялар үшін бұл бір пайдасы мол ермек болар еді. Қазіргі таңда адамзат қажеттілігі күн санап артып келеді. Сәт сайын бір тал емес, мыңдап тал кесіліп жатыр. Бірақ сол олқылықтың орны бір талдап болсын жабылып жатыр ма? Міне, бұл енді үлкен сұрақ. Әрбір азамат, әрбір тұрғын бір ағашты кесер алдындағы жауапкершікті шындап сезінсе екен. Әйтпесе мейлі бір тал ек, мейлі он тал ек, олар жетіліп, жайқалатын уақыт өткенше бір үлкен ағаштың орнын толтыра алмайды. Бүгінде эколог ғалымдар мәуелі бәйтеректің өзі қарапайым қарасорадан жиырма есе аз оттегі бөлетінін айтып отыр. Ендеше ойланатын не бар? Өзіңді аясаң – өлкеңді аяла! Сонау жылдары экс-президент Н.Назарбаевтың бастамасымен бас қаланың айналасын абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Сондағы мақсат Арқа жерін жасыл белдеумен қамтамасыз етіп, Көкшенің қылқанжапырақты орманына қосу болатын. Бүгінде елордаға сапар шексеңіз қаланы қоршаған қалың тоғайды көресіз, бұрынғы қақаған аяздың ашуы қайтқанын аңғарасыз. Бұл бірінші кезекте зәулім ғимараттардың көбеюімен байланысты болса, екіншіден, қалаға қалқан болған орманның ықпалы. Міне, осындай бастамаларды жалпыхалықтық қозғалысқа айналдыра алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Абаттандыру жұмыстарына жастарды бүлдіршін кезінен баулып, маңызын түсіндіре білсек, тал егу жұмыстары қай кезеңде болсын тікелей мемлекет арқылы қолдау тауып жатса, экология саласындағы талайғы мәселелерді шешіп тастар едік.

Нұрболат АМАНБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар