Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тағылымға толы театр фестивалі

Тағылымға толы театр фестивалі
ашық дереккөз
Тағылымға толы театр фестивалі
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының жарық жұлдызы Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Халықаралық театр күні мерекесі аясында Темірбек Жүргенов атындағы ішкі театр фестивалі өтті.  Ашылу салтанатында сөз алған Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының аға оқытушысы, театртанушы Айзат Қадыралиева фестивальдің басты мақсаты Жүргеновтей тұлғаның есімін тереңірек танытып, насихаттау екенін айтты. – Еліміздің тарихында, әдебиеті мен мәдениетінде, өнер және білім саласында өзіндік биік орны бар көрнекті тұлға Темірбек Жүргенов туралы ұзақ айтуға болады. Кезінде ел аузында «Темір нарком» аталып кеткен Темірбек Жүргенов 1930 жылдары Қазақстан Үкіметінің Халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған кезде еліміздегі мектеп жүйесін реттеуге, қазақ мектептерінің санын көбейтуге, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға көп күш салды. Орталық Азия мен Қазақстандағы ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүрлеріміздің, туған тіліміздің сипатын жарқырата көрсетуге ұмтылған үлкен жүректі, ұлтжанды қайраткер болды. Облыстық қазақ драма театрына есімі берілген Асқар Тоқпанов та кезінде Темірбек Жүргеновтей ағасының көп қамқорлығын көрген. Қолдау көрсетуімен Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетінде оқыған. Темірбек Жүргеновтің жазып қалдырған қаншама еңбектері мен мұралары да бүгінде халқымыздың сарқылмас ұлттық қорына айналған. Әлі зерттеліп жатқан еңбектері де жетерлік, – деді Айзат Қадыралиева. Екі күнге жалғасқан театр фестивалі аясында түрлі қойылымдар сахналанып, бірқатар іс-шара өтті. Сондай-ақ «дөңгелек үстел» мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Фестиваль аясында Қолқанат Мұраттың «Мұғалім» драмасы, Қырғыз драматургі Бексұлтан Жакиевтің «Жүрейікші жүрек ауыртпай» трагикомедиясы, Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы, Сұлтанбек Құдайбергеннің «Періште қонған үй» драмасы, Қуандық Шаңғытбаев пен Қаныбек Байсейітов бірігіп жазған «Беу, қыздар-ай!» комедиясы, Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» символикалық драмасы сынды 6 қойылым сахналанды. Ал Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Анар Еркебай төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен «Үздік ер адам бейнесі» аталымын Жүніс Әлімбеков, «Үздік әйел адам» бейнесін Анар Алтыбаева жеңіп алды. Ал «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» аталымына Абзал Дәулетбақов лайық деп танылса, «Эпизодтағы үздік ер адам» аталымына Әбиірбек Тінәлі, «Эпизодтағы үздік әйел адам» аталымына Жадыра Құлтаева ие болды. «Актер өнеріне қосқан үлесі үшін» аталымы Төлеген Жорабек пен Нұрсипат Салықоваға берілді. Шара соңында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков Алматыдан арнайы келген қонақтарға рақмет айтып, ұжымның атынан сый-құрмет көрсетті.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар