Қазақтың қобызын қастерлеген қайсар қыз
Қобызда ерекше тылсым сыр бар. Адамды тұңғиыққа тартады, жүректі қозғайды. Оның үстіне Қорқыттың күй сарынын орындаған негізгі аспабы – қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін ол шын мәнінде қасиетті.
Бір кездері қобызға деген түсініспеушілік салдарынан аспап заман көшіне ілесе алмай, ескіліктің қалдығы саналып, жоғалып кетудің алдында қалды. Бүгінде қобыз тарту өнері қайта жанданып, аспапты серік етушілердің қатары көбейіп келеді. Айнұр Кенжебаева – солардың қатарынан.
Қоңыр үннен шабыт алып, оның тарихи мән-маңызын ішкі жандүниесімен сезіне білетін қобызшы Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы.
Жас күнінен музыка өнеріне жақын Айнұр музыкалық гимназияны домбыра сыныбы бойынша аяқтаған. Кейін білімін Рудный музыкалық колледжінде жалғастырған. Музыкалық білімін үздіксіз жетілдіріп отыратын ол Астана қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясын аяқтаған. Бұл оқу орнын тәмамдаған соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Қазақ халық аспаптары» кафедрасының қобыз-прима сыныбын бітірген.
Негізінде қобыздың тұлғасы қарапайым болғанымен оны меңгеру өте қиын. Себебi қобыз – табиғи әрi философиялық аспап. Сондай-ақ қобыздың үнi ауа райына, белгiлi бiр температураға байланысты өзгерiп отырады. Сонымен қатар қобыздың күйлерi де күрделi. Осындай үлкен ізденісті керек ететін аспапты жастайынан жанына серік еткен қыз бүгінде өз өнерімен Америка жұртшылығын таңғалдырып жүр.
Айнұр Е.Өмірзақов атындағы Қостанай филармониясында қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі-орындаушы қызметтерін атқарды, Алматыдағы «Happy Kingdom» студиясында сабақ берді.
2021 жылы Америкаға көшіп, Нью-Йоркте музыкалық студия ашты, әртүрлі жастағы балаларға фортепиано мен домбырадан сабақ берді. Қостанайда туып, Америка Құрама Штаттарын мойындатқан Айнұрдың таудай талабы сүйсіндіреді.
Ол Америкадағы қазақ қауымы ұйымдастырған шараларда сұхбат беріп тұрады. Жеке және дуэтте Қазақстаннан көшіп келгендерден құралған ансамбльдерде қазақтың ұлттық аспаптарында ойнап жүр.
Шәкірттері негізінен АҚШ-та туған қазақ балаларынан құралған. Олардың ата-анасы бір кездері осында көшіп келген екен. Бірақ ұлттық аспапқа қызығушылық танытып, үйренуге талпыныс білдірген ағылшын балалары да көп. Сырт елде жүрсе де Қорқыттан қалған қасиетті қобызды ағылшындықтарға мойындатып жүрген Айнұр Серікқызының ісіне еріксіз сүйсінесің. Айнұр жас күнінен отаншыл болып, патриоттық негізде ата-анасынан, қоршаған ортасынан тәрбие алған. Сондықтан Айнұр бұл балалармен жұмыс істеп, олардың бойына қазақ халқының мәдениетін музыка арқылы сіңіргенді мақсат тұтатынын түсінуге болады.
Америка топырағында қызмет ету, өнерді дамыту, балалардың көзін білімге ашу оңай жауапкершілік емес. Ол үшін бірнеше тіл білуің қажет. Халықаралық деңгейде сауатты болуың шарт. Айнұр Серікқызы осындай мақсат-мұраттардың үдесінен шығып жүр. Мұхиттың арғы жағында еңбек етіп жүрген қазақтың қызы Айнұр Кенжебаева – бүкіл қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Біз Айнұрмен қазіргі ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалана отырып хабарластық.
– Қазақ елінде, Қостанай жерінде туып өстім. Қобыз аспабына ерекше назарым ауып, оны меңгеріп алдым. Атам қазақ тартқан қобыз маған да қымбат. Білім іздеп, өнер жолымен мұхит асып, Америкада жүрмін. Мұнда жүріп шетелдіктерге қазақ елінің өнерін, өркениетін насихаттап жүрмін. Өз елімнен іргемді бөлген емеспін. Америкада жүрсем де Қазақтанға жиі байланысқа шығып, ата-анамнан, бауырларым мен достарымнан хабар алып отырамын. Алдағы уақытта біраз уақыт Қазақстанда болып қайтуды да көздеп отырмын. Мұхиттың арғы бетінде қызмет етіп жүрсем де қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық болмысы, ұлттық тағамы, қымызы мен шұбаты ойымда тұрады. Кейде Америкада ет асып, қазақ бауырларымызбен бірге жеп, мәре-сәре боламыз. Мұндағы қазақ балаларына ұстаз және жанашыр әпкесі болып жүрмін. Оны қазақ халқы жастарының біразын тәрбиелеуге қосқан үлесім деп есептеймін, – дейді Айнұр Серікқызы.
Жат жерде жүрсе де ұлтының мәдениетін ұмытпай, қазақтың қобызын қастерлеп жүрген қобызшының алдағы істеріне, жаңа бастамаларына сәттілік тілейміз!
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала