Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АҚЫРТАС АҚИҚАТЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АШЫЛМАДЫ

АҚЫРТАС АҚИҚАТЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АШЫЛМАДЫ
ашық дереккөз
АҚЫРТАС АҚИҚАТЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АШЫЛМАДЫ
Тарих – адамзат баласының ғасырлар бойы жасаған ұлы істері мен мәдениетінің және өсіп-өнген өркениетінің жемісі. Тарихты білу – өзіңнің, ата-бабаңның жүріп өткен жолын ұғыну, оны санаға сіңіру. Жылдар мен ғасырлар өткен сайын әр халық түп негізінде қалыптасқан өзінің халықтық тәрбиесі мен салт-дәстүрін жаңғыртып отырмаса, ол елдің санасы саңылауланып қалары ақиқат. Халқымыздың сан жылдық тарих қойнауынан атадан балаға мұра болып жеткен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы – баға жетпес асыл қазыналары. Бабаларымыздың дәстүрін сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын рухы биік ұлтымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, өзен-көлін киелі деп санаған. Туған жерге, жаратылыс құбылыстарына, табиғатқа, қасиетті саналатын орындарға деген дүниетанымдық көзқарасы, ықыласы таңғажайып көркем болған. Ұлтымыз үшін өткен тарихымыздан қалған қасиетті мекендердің барлығы да тарих шежіресі болып қалатыны анық. Ұлы даланың ұлағатты тарихының сан тараулы шежіресін парақтасақ, киелі Тараз жерінде іргетасы қаланған қалалар мен қамалдардың кемел болмысы бірден көзге шалынары хақ. Ұлы Жібек жолының бел ортасында жатқан тарихи мекеннің жалпы адамзат өркениетіне қосқан үлесі қомақты екені белгілі. Үлкен руханият орталығы болған Тараз қаласы – тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өңір. Оған мысал ретінде аймағымызда анықталып, белгісі бекітілген 3 441 тарихи-мәдени нысанның тарихын тілге тиек етуге болады. Соның ішінде халықаралық және республикалық маңызға ие 30 ескерткіш Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының еншісінде. Жамбыл облысының аумағында орналасқан ортағасырлық бес ірі қала – Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас сарай кешені 2014 жылы «Ұлы Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізі» маршруттар желісінің ескерткіштері ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді. 2018 жылы Ақыртас кешені мен Айша бибі кесенесі ерекше туристік тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізімін толықтырды. Ақыртас сарай кешені – Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ теміржол стансасынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Әлемдік мәдениетте тарихын тасқа жасырған құпия құрылыстың ғаламдық кереметтердің қатарынан орын алары заңдылық. Мұндай ғажайып, керемет құрылыстар әлем тарихында санаулы ғана. Таудың қызыл түсті тастарын әдемілеп ойып отырып, салмағы тонналап тартатын бітеу тас блоктар жасап шығару – адамзат баласының есте жоқ ескі замандағы өркениетінің ерекше құндылығы. Талай ғасырлар мен шапқыншылықтардың куәсі болған бұл кешеннің кереметтілігіне қызыққан ғалымдар кезінде өз зерттеулерін де жүргізіп, сансыз пікірлер қалдырды. Алғаш рет кешен туралы жазып қалдырған XIII ғасырдың басында осы өңірге келген қытай саяхатшысы Чан-Чунь екен. Ол өзінің саяхат күнделігінде: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады», деп қызыға жазған екен. Осының негізінде Ақыртас құрылысын зерттеген әлем ғалымдарының да сүйенері осы қытай дереккөзі. Чан-Чуньнің алғашқы жазбасынан кейін бұл алып құрылыс туралы ешқандай дереккөз айтпайды. Себебі сол Чан-Чуньнің кезінде-ақ бұл ғажайып құрылыс тоқтап қалған еді. Неге соғылмады, не үшін аяқталмады, ол жағы құпия күйінде қалып қойды. Тек Ресей империясы оңтүстік қазақ жерін жаулап алғаннан кейін ғана орыс ғалымдарының қызығушылығымен толық зерттеле бастады. Бірінші көңіл аударған орыс суретшісі М.С.Знаменский болатын. Ол 1864 жылы осы қаланың орнына келіп, Ақыртас панорамасының сызбасын және төрт қатар блоктан тұратын қабырғалардың фрагменттерін қағаз бетіне түсірді. Бұдан кейін 1867 жылы тарихи кешенді аралаған белгілі шығыстанушы П.И.Лерх: «Ақыртас – салынып бітпеген будда ғибадатханасы», дейді. 1893-1894 жылдары В.В.Бартольд ескерткіш жайлы аңыз-әңгімелерді жазып алып, оны христиандар құрылысы – несториандар монастырі деп түсіндірді. 1945 жылы Ақыртаста ҚазКСР-ның Министрлер Кеңесі жанындағы архитектура істері жөніндегі бөлімнің экспедициясы жұмыс істейді. Олар құрылыстың жобасын сызады, зерттеу материалдары архитектор Т.К.Басеновтың мақаласында жарық көреді. Т.К.Басенов Ақыртасты буддалық та, несториандық та емес, ол VIII-IX ғасырларда салынған қамал-сарай деген болжам айтады. Ақыртасты анықтауға қатысты Л.Ю.Маньюковская да өз пікірін ұсынады. Оның айтуынша, Ақыртас үлкен сауда орталығы және аялдамалық, түнемелік ретінде салынған бекет. Ал неміс ғалымы Б.Брентьес Ақыртасты VIII ғасырдың басында араб қолбасшысы Кутейба өздері жаулап алған жерлердің солтүстік аймақтарында бас сауғалайтын пана, қамал ретінде салғызған деп болжам жасайды. Осы ғимаратты 1940 жылдан 30 жыл бойы тікелей өзінің бақылауында ұстап, терең зерттеген ғалым, академик П.Пацевич былай дейді: «Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы – ғажап ескерткіш Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да, құпиясы да, құдіреті де жетеді». Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары академик К.Байпақов бастаған ғылыми топ археологиялық жұмыстарды француз ғалымдарымен бірге жүргізе бастайды. Соның нәтижесінде «сарай кешен» деген тұжырым шығарған. Өйткені құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы ортағасырлық құрылыстарға ұқсас болып шықты. Бірақ өзге ғалымдар әлі нақты шешімге тоқтаған жоқ. Қызыл тастан қашап, шегендеп жасалған кешенді қандай мақсатпен пайдаланбақ болғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Аталарымыздың сол замандарда қазіргідей дамыған техникасы жоқ кезде осындай адам айтса нанғысыз ірі кешенді тұрғызуы керемет-ақ! Өркениеттің даму барысында мәдениетімізге қосқан үлкен үлесі болған Ақыртас сарайы – тұла бойы тұтас жұмбақ күйінде аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Оның 70-ке жуық бөлмесі, 15 колонна галереясы мен ортада жарты гектар ашық алаңы бар. Сыртқы қабырғалары ені 5, іргетасы 2 метр тереңдікке қазып орнатылған ірі тас блоктармен қаланған. Кешен әртүрлі қызмет атқаратын бірнеше құрылыстардан тұрады: сарай, қала сыртындағы тұрғын жайлар, XIII-XIV ғасырлардағы керуен сарайы, қамал, қарауыл мұнарасы, хауыздар (суқоймалар), каналдар мен құбырлар, алқаптар мен бақшалық немесе саябақтық аймақ. Ақыртас кешенінің құрылыстарын салу үшін тас алу, топырақ алу карьері, қыр дайындау шеберханалары болған. Міне, ақиқаты әлі де толық ашыла қоймаған, әртүрлі болжамдарға байланған алып құрылыстың жалпы көрінісі осындай. Ата-бабаларымыз тас өндіруді, өңдеуді, оны құрылыс орнына жеткізуді, қамал тұрғызуды қалай жүзеге асырғанына еріксіз таңданамыз. Кешен құрылысы өте сауатты, геометриялық есептерге сәйкес салынған. Салмақ түсетін топырақ тығыздығы, жерасты су деңгейі, ғимараттың жалпы жерге түсер салмағы, іргетасының қазылуы мен орнатылуы Ақыртаста өте ұқыпты, қатаң сақталған. Туризмнің заманауи индустриясы – бүгінде қызметтердің халықаралық нарығында жоғары табысты және серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштері мен археологиялық қазбалар – Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлеуетінің негізі. Облыстың туристік нысандар қатарына қосылу үшін Құлан, Қостөбе, Өрнек, Ақтөбе (Баласағұн) қалашықтарына автомобиль жолын салу, инфрақұрылым жүргізу (интернет, электр желісі, су, кәріз), абаттандыру жұмыстарын (МАФ), автотұрақ, қызмет көрсету ғимараттарының (қарауылхана, ақпараттық бөлме) жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Онсыз тарихи-мәдени ескерткіштерді туристік нысанға айналдыру мүмкін емес. Бүгінгі таңда ЮНЕСКО ескерткіштерінің ішінде Ақыртас сарай кешеніне ғана толық инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген. 2022 жылы «Ақыртас» келушілер орталығының ғимаратына артезиан ұңғымасын бұрғылау және су құбыры тартылды. Жұмыс облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша инвесторларды тарту арқылы жүргізілді. Осылайша тарихы әлі күнге тылсым күйінде қалып келе жатқан, аты аңызға айналған бұл құрылыстың әлем мәдениетінен орын алары ақиқат. Аталарымыздың тарихтың даму барысында сан ғасырлар бойы Еуразия даласын көшіп-қонып жүріп-ақ қала мәдениетін дамытып, ғаламдық өркениетте мәдениеттің озық үлгісін жасай білгені, әрине, ғажап дүние!

Мадина ИБАДІЛДАЕВА,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени

музей-қорығының тарихшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар