ІСМЕР КЕЛІНШЕКТІҢ ІСІ КӨПКЕ ҮЛГІ
Қазір көбіміз «Instagram» әлеуметтік желісінде отырамыз. Жуырда «Instagram»-ды ақтарып отырып «rawshan_koloner» парақшасына тап болып, құрақ көрпелердің, киім, перделердің түр-түрін көрдік. Осылайша бастапқыда ісмер келіншекпен желі арқылы таныстық. Сөйтіп, көзбе-көз сөйлеспек ниетте Жамбыл ауданының Аса ауылына тарттық.
Қолына ине ұстап, тігін тікпейтін қазақтың қыз-келіншегі кемде-кем шығар. Бірақ құрақ құрау кез келген жанның қолынан келе бермейді. Себебі мата қиындыларын үйлестіріп, қиюластыра отырып әдемі дүние жасап шығару асқан төзімділік пен ептілікті қажет етеді.
Жалпы құрақ құрау – бабадан жалғасқан асыл өнер. Құрақтан жасалған көрпешені сыйлы қонақтың астына салып, басы құралсын деген ырыммен қыз жасауына қосқан. Бүгінгі кейіпкеріміз –
құрақ құраудың шебері, ауылында «тігінші келін» атанып кеткен ісмер келіншек Раушан Бағысова. Қолөнер шебері Жамбыл ауданындағы Аса ауылының келіні. Аса ауылына келін болып түскелі он жылдан асыпты.
Тігіншілікті анасынан үйренген ол 6-7 жасынан бастап қолына ине-жіп алып, көктеуді, тігуді бастаған екен. Жамбыл өңіріне келін болып түскеннен бастап өз үйіне көрпе, жастық, перде тігіп, көршілердің, елдің көзіне түсіпті. Үйде келіндік қызметпен қатар түнде тігін тігіп, табыс тауыпты. Бертін келе, 2019 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы 500 мың теңге грант ұтып алыпты. Оған тігін машинасын сатып алып, кәсібін дамытады. Бүгінде Асаның төрінде шағын ғана жеке ісмерлік қолөнер шеберханасы бар. Сонда отырып тігеді, құрайды, жаңа дүние жасайды. Қарамағында әзірге бір адам жұмыс істейді. Сәндеп тігетін үш тігін машинасы бар. Сонымен қатар бес сиыр сауып, құрт-май жасап, сүті мен айранын сатып, оны да табыс көзіне айналдырып отыр.
– Тігін тігу менің сүйікті ісіме айналды. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеке кәсібімді ашқаныма қуаныштымын. Заманауи үлгіде киім пішіп, тігуге арналған машина жұмысымды жеңілдетеді. Матаның сапасына көңіл бөліп, ою-өрнек түскен сан түрлі бұйымдарды жасауға дағдыланып келемін. Алдағы уақытта шеберханамды кеңейтіп, кәсібімді жандандырғым келеді, – дейді тігінші.
Ісмер келіншектің сөзінше, тапсырыс беретіндер көп ретте көрпешенің түр-түсін бөлмесінің немесе перденің түсіне үйлестіріп таңдап жатады екен. Сондай-ақ тек көрпешелер ғана емес, қазіргі кезде жұмсақ жиһаздың бетін де құрақпен жауып қою сәнге айналған. Құрақтың түр-түрін тігетін келіншек перде, диван жапқыш, орындық қаптағыш, қазақы киім, шапан, қамзол, тақия, бір сөзбен айтқанда, қандай тапсырыс болса да бәрін тігеді. Ал құрақ құрайтын матаны арнайы тапсырыспен емес, кәдімгі базардан, тапсырыс берушінің таңдауына қарай алатынын айтады. Кейде базардан таба алмаған маталарды басқа қалалардан да әкеледі екен. Айтуынша, қазір көпшілік «ши» құраққа құмар көрінеді. Оның жұмысы өте қиын болғанымен, табысы да соған сай жоғары.
– Қолдан құралған көрпенің, жалпы көз майыңды тауысып жасаған дүниеңнің қымбат болғаны жөн. Алайда мен көңілге қонымды, арзан, қолжетімді бағаны ұсынамын. Көп алып жатса бағасын түсіріп те беремін.
Пандемия кезінде көптеген кәсіпкерлер жұмысын тоқтатып, қиындыққа душар болып жатса, мен керісінше кәсібімді аштым. Содан бері тапсырыс толастаған емес.
Жалпы құрақ құрау – бірігудің, ысырап жасамаудың белгісі. Ал құрақ құраумен кез келген адам айналыса алмайды. Өнерді түсінетін, ұшқыр ой мен бояу сырын білетін танымы бар адам ғана істің көзін таба біледі. Сондай-ақ түс пен түсті сәйкестендіру аса жоғары шеберлікті қажет етеді.
Құрақ өнерімен айналысу адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, төзімділік пен сабырлылыққа, тазалық пен әсемдікке баулып, жандүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Ерте заманда қыз балалар кішкентайынан құрақ құрауды біліп, үйренуге тиіс болған. Қазіргі кезде бұл қолөнерді ісмер қыз-келіншектер мен көнекөз әжелеріміз ғана ермек қылады, – деген қолөнер шебері жұбайы Даниярдың малшаруашылығымен айналысатынын, бүгінде отбасында 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырғанын жеткізді.
Ғаламтордан қарап отырсақ, құрақ құрау өнері әлем елдерінде де қарқынды дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Мәселен, құрақ өнерін орыстар «лоскутное шитье», жапондықтар «сашика», ал ағылшындар «почворк» дейтін көрінеді.
Таңғажайып көркемдігімен талайды тамсандырған қазақтың қолөнері Раушан сынды ісмер жандар барда бүгінгі жаһанданған заманда да өз мәнін жоғалтпасы анық.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА, Жамбыл ауданы, Аса ауылы
Келесі мақала