Шет тілін меңгеру – заман талабы
Күн сайын ілгерілеп, қарқынды дамып келе жатқан бұл қоғамда көп тіл білудің маңызы зор. Қазіргі жаһандану дәуірінде дамудың даңғыл жолына түсу кезеңінде ағылшын тілінің шоқтығы биік. Білімді, кәсіби біліктілігі жоғары тұлғаны тәрбиелеп, оларды бәсекеге қабілетті білім негіздерімен қаруландыру – бүгінгі заман талабы. Бұл жаңа кезеңде адамдарды өмір сүруге баулу үшін бұрынғыдан да мол деңгейде білім беру қажет деген сөз.
Еліміздің қарыштап дамуымен ағылшын тілінің де біздегі басымдылығы 10 есе өскен. Қазіргі кезеңде қоғамда болып жатқан өзгерістер адам өмір сүріп жатқан ортадағы барлық саланы, соның ішінде білім беру саласын да қамтып отыр.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жерінен шыққан ұлы тұлғалардың көбі әртүрлі тілде сөйлегендігін атап өтуге болады. Солардың ішінде Әбу Насыр әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілін білсе, ұлы Абай атамыз да орыс, парсы, араб тілдерін жетік меңгерген. Қай кезеңде болмасын, көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар алдыңғы қатарлы елдердің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық қабілетін кеңейтіп отырғаны тарихтан баршамызға белгілі. Мәселен, ежелгі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған көрінеді. Көп тіл білу – заман талабы. Әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан қазақ халқы да өркениеттен кенже қалмай, қарыштап даму үшін халықаралық маңызға ие тілдерді меңгеруіміз қажет.
Ағылшын тілі – әлем мойындаған жаһандану тілі. Жер бетіндегі халықтардың төрттен бір бөлігі ағылшын тілінде сөйлейді. Дүниежүзінде қолдану аясы жағынан қытай мен испан тілдерінен кейінгі 3-орында тұр. Бірақ әлем халқы арасында кеңінен қолдану аясы мен экономика, ғылым тілі бойынша өзгелерден алдыңғы қатарда. Бұл көрсеткіш жыл сайын артуда. Ағылшын тілі сонымен қатар халықаралық бизнес, ғылым мен технология, спорт пен музыканың негізгі тілі боп есептеледі. Бұл орайда шет тілі пәні мұғалімдерінің жауапкершілігі мол. А.Байтұрсынов өзінің «Мектеп деректері» еңбегінде былай деп жазды: «Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақшы». Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Шет тілінің білім сапасының жоғарылауына себеп болатындай мектептегі шет тілі мұғалімдерінің кәсіптік және әдістемелік деңгейлерін көтеру керек. Оқушылардың ағылшын тілін меңгеру қызығушылығын қалыптастыру алдыңғы қатарда.
– Ағылшын тілін үйренудегі басты мақсат – ағылшын идеологиясын жастардың бойына сіңіру немесе ағылшын болып өмір сүру емес, тіл ғана үйрену, болашақ ұрпақты әлемге қанат жайған ағылшын тілімен қаруландырып, сусындату. Бұл жұмыс оңайға соқпауы мүмкін, дегенмен ақпараттық технологияның дамыған заманында тілді үйренемін дегендерге бар жағдай жасалынған, – дейді ұстаз Ләззат Бектайқызы. Келер ұрпақ ана тілін жақсы білумен қатар, өзге тілде жетік сөйлесе – бұл баршамызға мақтаныш емес пе? «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейтін бабаларымыз тілдің құдіреттілігін ертеден-ақ айқындап берген. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді.
Қазіргі кезде ағылшын тілі пәні мұғалімінің міндеті – балаларды ағылшын тілін меңгертіп қана қоймай, оларды өздігінен жұмыс істеуіне, тілге деген қызығушылықтарын дамыту. Осы қағиданы ұстанып келе жатқан 9-сынып оқушысы Темірлан Ержанұлы ағылшын тілін меңгеруіне 2 жыл қажет болғанын айтады.
– Бастысы ынта мен шыдамдылықты талап етеді. Есесіне баяу болса да баппен оқылған қызықты процесс, – дейді мектеп оқушысы.
Шет тілін үйрету қиын әрі қызықты жұмыс. Ұстаздардың алдына қойылған міндет – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіру. Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік шығармашылық қабілеттерін арттыруға қажетті іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруға қолайлы жағдай жасауға қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерді қамтиды. Сондықтан сабақты бірсарынды өткізбей, түрлендіріп, тартымды өткізу, оқулықпен шектеліп қоймай, қосымша материалды да пайдалану әр ұстаздың шеберлігіне байланысты.
Өз ана тілін қадір тұтып, шет тілдерін еркін меңгерген, ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын, тәуелсіз мемлекеттің ойшыл ұрпағын тәрбиелеу – еліміздің білікті ұстаздарының қарызы мен парызы деп есептейміз.
Әнел Әшірқұл, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті
Келесі мақала