Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жүрегімдегі жауһарым – дәстүрлі ән»

«Жүрегімдегі жауһарым – дәстүрлі ән»
ашық дереккөз
«Жүрегімдегі жауһарым – дәстүрлі ән»
Қасиет қонған халқымыздың рухани бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Қазақ дәстүрлі музыкасы – ықылым замандардан келе жатқан көне жанр. Оның халықтық музыка атануы да содан болса керек. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп хакім Абай жырлағандай, біздің салт-дәстүріміздің бәрі де өрелі өнермен өріліп жатыр. Осы орайда Жамбыл жұртшылығы Кенен атамыздың әндерін, ұлы Абайдың шығармаларын асқақтата шырқайтын, күміс көмей, жезтаңдай әнші Айгүл Есекееваны ерекше құрмет тұтады. Ол «Қалқаның әні», «Бастау», «Заман туды», «Ал бір мақал айтайын» атты әндерін әуелетіп салғанда тыңдарманы таңдай қағып тамсанады. Дәстүрлі ән атты табиғатынан кірпияз, ақсүйек жанрды «жетелеп» жүрген Жамбыл облыстық филармониясының белді әншісімен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз. – Айгүл Маратқызы, сіздің орындауыңызда киелі қара домбыраның сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі әндер кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді. Дәстүрлі әнді қай жақтан үйрендіңіз? Қай жастан ән айта бастадыңыз? Әңгімеміздің әлқиссасын жақынырақ танысумен әдіпдесек. – Мен осы Тараз қаласынанмын. Алғашқы ұстазым – анам. «Баланың жақсысы нағашыдан» демекші, нағашы жұртымның бәрі шетінен әнші. Анам домбыра шертіп, ән айтатын. Ол кезде он жаста едім. Бір күні анам домбырамен үш ән үйретті. Осылайша әнге деген махаббатым ашылды. Радиодан тыңдаған әндерді домбыраға келтіріп орындайтынмын. Әлі есімде, бір күні Мадина Ералиева апамыз ән салып жатты. Сол ән көңілімнен кетпей, домбыраға салып орындап шықтым. Кейіннен қаламыздағы №17 мектептің табалдырығын аттадым. Сол жердегі ән сабағынан берген ұстазым Жанар Едігеева да мені өнер жолына жетеледі. Оқушы кезімде ән сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Мектеп бітірген соң Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне түстім. Мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Әнші болғанымды ата-анам аса қаламағандықтан, мұғалімдікті таңдадық. Дегенмен, мұнда да түрлі конкурстарға қатысып, білім ордасының атын шығарып жүрдім. Арман деген қойсын ба, жүрек қалауын орындап сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында музыкалық білім мамандығын да тәмәмдадым. Әбдімомын Желдібаевтың құрметіне арналған республикалық күйшілер мен әншілер сайысында бас жүлдені иеленіп қайттым. 2012 жылы Жамбыл облыстық филармониясында әншілерге іріктеу өтті. Өзім әлі студент болсам да бағымды сынап көрдім. Сөйтіп іріктеуден іркілмей өтіп, жұмысқа орналастым. Филармонияда қызмет атқарғаныма он бір жылдан асыпты. Керемет әнші Сәуле Жанпейісова филармонияны басқарған жылдары ол кісіден де көп дәріс алдық. Дәстүрлі әнші Дүйсенбек Өмірәлиев те қабілетімді шыңдады. Ол кісі де менің ұстазым. – «Ел іші – өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Республикалық «Домбыра», «Мұнара» телеарналарынан сіздің әндеріңізді жиі естиміз. Көбіне кімнің әндерін орындайсыз? Жалпы, халықтың дәстүрлі әнге деген сұранысы қандай? – Рас айтасыз, аталған арналардан бөлек «Qazaqstan», «Хабар», «Еуразия» каналдарында да жиі өнер көрсетіп тұрамын. Мен сол Жетісу мектебінің әндерін орындаймын. Өздеріңіз білесіздер, Кенен Әзірбаев атамыздың әндерін шырқаймын. Қазақтың халық әндерін, жыр -термелерін айтамын. Дәстүрлі әннің өз тыңдарманы бар. Үлкендер жағы халық әндерін сұрап, айтқызып жатады. Жастардың арасында да талғамы биік жыр-насихат тыңдайтындар жетерлік. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, даңғаза музыканың да дәурені өтеді. Қандай жағдайда да төл өнерімізді төрге шығара білуіміз керек. Өзім дәстүрлі әнді жүрегімдегі жауһарым деп әспеттеп жүремін. – Кезінде Сәуле Жанпейісова «Қазіргі қазақ дәстүрлі музыкасы бір орында қазығын айналып жүрген ат секілді көрінеді. Құлдырау да, даму да жоқ» деген екен. Сіз не дейсіз? – Сәуле Жанпейісова айтса сөзінің жаны бар шығар. Қазақ өнерінің, әсіресе дәстүрлі әннің падишасы ғой ол кісі. Осы саланың жарық сәулесі дер едім. Бұл тұрғыда менің де өз ойым бар. Даламыз қандай кең болса әндеріміз де биікте самғаған қырандай еркін қалықтайды. Ал шығу тарихына үңілсеңіз тіптен керемет. Сол дәуірдің тынысын сезініп, танымыңыз да кеңи түседі. Тұнып тұрған тағылым, тәлім-тәрбие. Сезімдерді жеткізудің өзінде терең ой жатыр. Өз басым қандай ән айтсам да бірінші кезекте мәніне үңілемін. Талғам әртүрлі ғой. Жоғарыда айтқанымдай насихат тыңдайтын жастар көбейіп келеді. Домбырамен айтылған әндерді бағалап, жиі шақырып жатады. Түбі есті әндерге келе жатырмыз деп ойлаймын. «Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, тыңдар құлаққа жағымды, мағыналы әндерді тыңдайтын жастар өте көп. – Телеарналардағы эстрадалық музыкаларды насихаттайтын «Екі жұлдыз», «X-фактор» сынды бағдарламаларды көп адамның қарайтыны рас. Ал «Телқоңыр» сынды дәстүрлі музыкаға арналған бағдарламаның аудиториясы аса көп емес сынды. Неге бұлай? Дәстүрлі музыка бағытындағы бағдарламаларды шоу түрінде жасай алмағандығымыздан ба? – Шоу бағдарламалар көрермен көп жинайды. Телеарналардан дәстүрлі әндерді көп насихаттай берген дұрыс. Жетісу, Арқа, Алтай мектептерінің әндерін шырқап, халыққа паш ете беруіміз керек. Кезінде Ақан серінің, Біржан салдың орындаған әндерін халыққа айта беру қажет. Сонда өз көрерменін таба түседі. Бәлкім дәстүрлі әнді шоу түрінде өткізсе мағынасы кетіп қала ма, кім біледі? – Кейде кейбір әншілеріміз «бесаспап» болып кеткен бе деген ой мазалайды. Өзі ақын, өзі актер, өзі продюсер дегендей. Бұл таланттылардың көптігінен бе, талғамсыздардың көптігінен бе? Сіз бір хабарды жүргізу туралы ұсыныс түссе келісер ме едіңіз? Әнші болмағанда кім болар едіңіз? – Иә, бес-алты жылдың жүзі болды, осындай бір үрдіс қалыптасты. Сахнадағылар журналист те, ақын да, бәрі болып жүр. Мені бір бағдарламаны жүргізуге немесе басқа салаға шақырып жатса бармас едім. Әркім өз биігінде қалу керек. Нені терең түсінесің, нені нақты білесің, соны бүге -шегесіне дейін ақтарып, халыққа паш ету қажет. Әркім өз саласында қалсын. Ақын-жазушылар кітап жазып, өлең шығарады. Ол – дара талант. Журналистер мақала жазып, бағдарлама түсіреді. Ол да тек сол саланың өкілдеріне табиғат берген дарын. Журналист болу да оңай емес. Айтарың, жазарың болмаса қалай журналист атанасың? Мен осы әншілік жолымды аяғына дейін апарып, әнші болып қалар едім. Ал әншілік жолға түспегенде мұғалім болар ма едім деп ойлаймын. – Сөз соңында Наурыз мерекесіне орай тілегіңіз. – Ұлыстың ұлы күні ұлағатпен ұштасып жатқан ұлық мереке. Дархан дала төсінде даналықтың дәнін себе білген бабаларымыз әз-Наурызды тойлауға әуелден айрықша көңіл бөлген. Міне, осы сабақтастық үзілмей, салт-санамыз жаңғыра берсе екен деймін. Ғибратқа толы ғұрыптарымызды жарқыратып көрсете білсек, тамаша емес пе? Осы орайда «AR-AI» газетінің ұлттық құндылықтарды насихаттап, оқырманға ойлы дүниелер ұсынып жүргеніне тәнтімін. Келіп жеткен мерекемен барша қауымды шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар