ЖАМБЫЛДЫҚ ИМАМДАР ҚАН ТАПСЫРДЫ
Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бастаған облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің және Тараз қаласындағы басқа да барлық мешіттердің имамдары, қызметкерлері мен «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің ұстаздары, шәкірттері облыстық қан орталығында қан тапсырып, игі бастамаға өз үлестерін қосты.
Ислам ғалымдарының пәтуасына сай, облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы «Донор болып, адам баласының өмірін аман алып қалу – исламдағы игі амал» екендігін тілге тиек етті.
Жалпы облыстық қан орталығына күніне кем дегенде 100-ге жуық адам келіп қан тапсырады екен. Донорлар ең алдымен арнайы тексеруден өтіп, талапқа сай болса ғана қан өткізе алады. Айта кетейік, қан тапсыруды әдетке айналдырған адамның ағзасы әртүрлі ауруларға қарсы тұра алатындығы дәлелденген. Сондықтан дін өкілдері қала тұрғындарын өзгеге өмір сыйлап, сауапты іс жасауға шақырады.
Құран Кәрімде: «... Кім кісі өлтірмеген не жер бетінде бұзғыншылық жасамаған бір адамды өлтірсе, шын мәнінде, ол адамдардың барлығын өлтіргендей болады, ал кім оны тірілтсе, адамдардың барлығын тірілткендей болады...», десе, хадисте: «Кімде-кім бауырына көмек етуге мұршасы болса, қол ұшын берсін», деген.
Қан тапсыру – шариғат үкімі бойынша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннет амалы болып саналады. Сонымен бірге, денсаулыққа тигізер пайдасы да зор. Қасиетті Құранда кімде-кім бір адамға өмір сыйласа, ол адам барлық адамға өмір сыйлағанымен тең екені айтылған.
Бұл ізгі амал адамдарға өмір сыйлауға үлкен себеп болмақ.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ