Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаланың тазалығына тек әкімдік жауапты емес

Қаланың тазалығына тек әкімдік жауапты емес
ашық дереккөз
Қаланың тазалығына тек әкімдік жауапты емес
Күнделікті өмірде қоғамдық орындарда болсын, мейлі әлеуметтік желіден болсын «Әкімдік қайда қарап жүр? Көше қоқыстан көз ашпайды!», «Әкімдік ай қарап жүр ме, аула неге тазаланбайды?» деген секілді арыз-шағымдарды көзіміз шалып не естіп қалатын кезіміз аз емес. Жалпы, қоқыс мәселесі – ғасыр қасіреті. Әсіресе көпқабатты үйлердің аулалары бей-берекет шашылып, сыпырылмай, тазаланбай, қоқыс иісі қолқаны қауып жататыны үйреншікті әдетке айналды. Бұл тақырып жылдың қай мезгілінде болмасын өте өзекті. Сөзіміз дәйекті шығуы үшін Тараз қаласының «Бәйтерек» ықшамауданын (13-ықшамаудан) мысалға ала отырып, зерттеп көрдік. Аталған ықшамаудан тәуелсіздіктің соңғы онжылдығының бедерінде салынғандықтан, біз үшін әлі де жаңа қоныс болып есептеледі. Алайда жоғарыда айтқанымыздай сұрықсыз көрініске жуырда ұйымдастырылған «Менің қалам – менің аулам!» акциясы аясында аталмыш ықшамауданда көшет егу шарасына қатысқанымызда куә болдық. Мұндағы қызылды-жасылды көз қарықтырар жаңа үйлердің ауласы қоқысқа толы. Тазаланбағанына біраз уақыт болғаны көрініп тұр. Ауладағы жұрттың демалуы үшін арнайы жасалған шағын үйшіктерде бос шөлмектер мен шағылған шекілдеуіктің қалдығы шашылып жатыр. Полиэтилен қалта дейсіз бе, сынған ағаш, шытынаған шишалардан адам аяқ алып жүре алмайды. Біз акцияға атсалысуға шыққан аула тұрғынын сөзге тартып көрдік. – Мен осы маңда тұрамын. Жасым 76-да. Сенбілікке атсалысуға шықтық. Еліміз, келешегіміз үшін тал егуді мақсат тұттық. Өздеріңіз байқап отырсыздар, ауланың тазалығы сын көтермейді. Бұл мәселеге осында тұрып жатқан тұрғындардың салғырт қарайтыны көрініп-ақ тұр. Егер көп болып, жұмыла сенбілікке шығып, айналаны сыпырып, қоқысын тазалап, шығарып тастаса демде-ақ біте қалатын жұмыс. Бірақ өкінішке қарай ондай белсенді, өз ауласы мен табиғаттың тазалығына жауапкершілікпен қарайтындар аз. Ауланы тазаламақ түгілі, үйіндегі қоқысты да төгуге ерінетіндер бар. Кішкентай баласына қоқыс шелегін беріп жібереді. Ойын баласы оңдырсын ба, оны қоқыс жәшігіне жеткізбей төгіп кетеді. Одан қалса жәшіктегі қоқысты өртеп кететіндер шықты. Оның түтіні ашық тұрған терезеден кіріп, адамды тұншықтырады. Қазір қария болсақ та өзіміз шығып, тал егіп жатырмыз. Менен басқа да қариялар келіп, атсалысып жатыр. Тал отырғызған соң жұрт сыртқа шығып, маңайды жинап, ретке келтіріп жіберсе құба-құп болар еді. Бірақ тал егуге шыққан бұл маңның бірен-саран тұрғындарын ғана байқап тұрмын, қалғаны терезеден сығалап тұр, – деді Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков. Қаламызда көктем және күзде сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Тазалық іс-шарасы әлеуметтік желідегі түрлі парақшалар арқылы алдын ала хабарланады. Бірақ тұрғындардың белсенділігі төмен екенін байқаймыз. Сенбілікке қатысуға ниет білдіретін көпқабатты үйлердің тұрғындары да көп емес. «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Талғат Торғаев арыз-шағым айтқанда белсенді, бірақ алдынан кездескен, көлденең жатқан бір шөңгені көтеруге қиналатын шолақ белсенділер көп екенін айтады. – Қаланың тазалығына біз жауап береміз, дегенмен біздің мекеме магистральды орталық көшелерді тазалайды. Оған қоса қоқыс жәшіктері бар. «Бәйтерек» ықшамауданында бүгінде 13 қоқыс алаңшасы бар. Тасымалдаушылар кесте бойынша қоқысты тасымалдап, қоқыс полигонына алып барады. Қаланың тазалығына тек әкімдік жауапты емес, ауласын таза ұстау – әрбір адамның міндеті. Осындайда көпқабатты үйлердің тұрғындары салғырттық танытпаса екен дейсің. Үйдегі үлкендер сенбілікке шығып, ауланы тазалап жатса, оны көрген балалар да қоқыс тастамайтын болады. Өздеріңіз білесіздер, біздің мекеме қызметкерлері ауа райының құбылғанына қарамай, таңнан қара кешке дейін еңбек етеді. Тым болмаса осы еңбекті ескерсе дейміз, – дейді ол. Алайда тазалық сақтау мекемелері тұрғын үйлердің есігінің не ауласының алдынан қоқысты күн сайын алып кетіп жатса да бұл келеңсіздіктен арылмайтын аумақтар жетерлік. Осы тұста біз аймақтық округ инспекторынан да пікір алуды жөн санадық. – Біздің округ аумағы өте үлкен. Округке әуежай, Арай, Тайвань алқабы, Көктем иіні, «Бәйтерек», «Алатау», «Арай 2» ықшамауданы, Байзақ батыр, Ташкент, Лермонтов, Комратов, Қойгелді көшелері қарайды. Бұл жердің тазалығына жауапты «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі және осы округке қарасты 9 қоғамдық жұмысшы бар. Қоғамдық жұмысшылар күнделікті қала тұрғындарының көшеге, аулаға тастаған қоқыстарын, үйлерінен шыққан қоқыстарын қарап, тазалап шығады. Ол жиналған қоқыстарды арнайы орынға тастайды немесе «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің көлігіне салып алып кетеді. Ықшамаудандағы шығарып тастаған ағаш қалдықтары, кішкентай қоқыс салғышқа дейін тазалап шығады. Бірақ аулалардың ішіне кірмейді. Ауланы тұрғындар тазалауы керек. Қоқысты тастайтын тұрғындардың өздері. Тұрғындар аптасына 1 рет сенбілікке шығуы қажет. Немесе 1 адам жалдап, соған ақыға тазалатқаны жөн. Үйі қандай болса – есік алды да сондай деген сөз. Ластанып кетсе оны әкімдіктен көреді. Шыны керек, қазір көбісінің қоқыс тастауға келгенде мәдениеттен жұрдай екенін байқайсың, – дейді Тараз қаласы әкімінің №9 округ бойынша бас инспекторы Ернұр Әуезұлы. Тараз қаласы полиция басқармасының берген мәліметінше, өткен жылы қоршаған ортаға зиян келтірген, яғни рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төккен 688 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған. Биыл осы уақытқа дейінгі кезеңде тәртіп бұзғандар тарапынан 263 әкімшілік айыппұл төленіпті. – ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 434-бабы бойынша қоқысқа учаскелік полиция инспекторлары, жасы кәмелетке толмағандар бойынша полиция инспекторлары қызметтік хат толтырып, айыппұлды салады. Айыппұл 5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Қоқысты жергілікті атқарушы билік өкілдері бекіткен, заң талаптарына сай, нормаларға сай қойылған урналар мен қоқыс жәшіктеріне салу керек. Кез келген жерге қоқыс тастап, ластағаны анықталған жағдайда хаттама толтырылады. Биылғы жылы полиция қызметкерлері тарапынан жүргізілген алдын алу іс-шараларының нәтижесінде, қоқыс тастауға қатысты құқықбұзушылық едәуір азайғанын көрсетіп отыр, – дейді Тараз қалалық полиция басқармасының ресми өкілі Жанерке Әзімхан. Қоқысты тастамау – әрбір адамның мәдениетін көрсетеді. Өкінішке қарай, бұл тақырып өзекті болғанымен, оны бірінші кезекте әркім өз деңгейінде шешуі керек. Қарап тұрсаңыз, бей-берекет тасталған қоқысты жинайтын да өзіміздің азаматтар. Балабақшалар мен мектептердің қабырғасында балаларды қоршаған ортаны аялай білуге үйретеді, экологиялық тәрбие берумен айналысады. Бірақ балабақша, мектеп қабырғасынан тыс жерлерде бала шынайы өмірде бәрі басқаша болатынын көреді. Сондықтан үлкендер де өзіне тиесілі қоқыстарды шығарып, қоғамдық тазалық жұмыстарына араласып өскелең ұрпаққа үлгі болса дейміз.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар