Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аңқау елге арамза балгер

Аңқау елге арамза балгер
ашық дереккөз
Аңқау елге арамза балгер
Интернет дамығалы көріпкелдер мен халық емшілері де онлайн жүйеге көшкен. Анығырақ айтсақ, коронавирус өршіп, ел жаппай пандемияға ауысып, жұмыстың бәрі онлайнға көшкен уақыт бақсы-балгерлерге өте тиімді сәт болды. Бүгінгі күні жарнамасы жер жарған емшіні іздеп, сабылып, таныстардан сұрастырудың қажеті жоқ. «Instagtam», «Tik-Tok» секілді әлеуметтік желілерге кіре қалсаң бақсы-балгердің, емші мен сәуегейдің парақшасынан көз сүрінеді. Ғаламтор мұншалықты танымал болмай тұрғанда базар маңындағы жол бойында қаздай тізіліп құмалақ ашып, алақанға қарап «саған көз тиген. Емделу үшін маған үш литр су, бір бөлке нан әкел» деп орамалға оранған көріпкел әжелер отырушы еді. Оларға да талайы алданды ғой. «Шаншар» театрының қойылымында әртіс Нұржан Төлендиев «Ақ тырна» деп сол тәуіптерді әжуалап, шынайы бейнелерін ашып берген көрініс бәріміздің есімізде болар. Ал қазіргі блогер-балгерлер клиенттерімен отырып сөйлеспек түгіл, түріңді де көрмейді. «Арадағы арақашықтық ештеңе шешпейді» деген олар есімің мен жасыңа қарап-ақ сізді не күтіп тұрғанын айтып береді. Бағзы заманда халық емшілері үкілі тымақ киген деседі. Ал бүгінгілер тікелей эфирге жалаңбас, тыртиған киіммен де шыға береді. Ең сорақысы сол, оларға имандай сеніп бал аштырып, алдағы өмірін болжатып отырғандар қазақтың қыз-жігіттері. «Жұлдызды» көріпкелдерге тіркелушілердің бір сұрақ қою мүмкіндігі үшін 500 теңге төлейтінін ескерсек, олар орта есеппен бір сағаттық эфирден 25 000 теңгеге жуық табыс таба алады. Тікелей эфирде төлем жасамаған оқырмандар тарапынан сұрақ қойылса, тәуіптер егжей-тегжейлі үңіліп жатпайды, үстірт жауап береді немесе мүлдем жауап бермейді. Суға эфир майы секілді бір затты құйып, одан шыққан кескінге қарап болашақты болжайды. Кейбірі картамен, құмалақпен, оқытылған тастармен бал ашып отырады. «Блогер бақсылар болашақты қалай болжайды екен?» деген оймен тікелей эфирлеріне қосылып, қарым-қабілетін біз де бақылап көрдік. Барлығы аккаунттарының төбесіне «Kaspi Gold» нөмірін жазып қойған. Жоғарыда айтып өткенімдей, бір сұрағы 500 теңге, бірден 2 сұрақ қойсаң жеңілдікпен 800 теңгеге жауап береді. Бәлкім, бірінші байлық болған соң ба, денсаулыққа қатысты сұрақ қойсаң 1000 теңге төлейсің. Түс жору мен жол ашу – 3000, толық тазалану 5000 теңгеден басталады. Асханадағы ас мәзірі секілді бәрінің бағасы жазылған. Көріпкелдің «Kaspi Gold» номіріне қаржы аударып, сұрақ қойып жатқандар өте көп. «Адам қиындық көріп, күйзеліске ұшырағанда не істерін білмей осындай бақсы-балгерсымақтарға ұрынады екен ғой» деген ойға қалдым. Себебі сұрақтың дені «Бала көтеремін бе?», «Күйеуіммен қосыламын ба?», «Биыл қарыздан құтыламыз ба?» деген ауанда болды. «Қалай жауап береді екен?» деп біз де шыдамдылықпен бақыладық. Әлеуметтік желідегі «жұлдызды» көріпкелдердің көшін бастап тұрған Жанар ханым есімді балгер. Әуелі оның онлайн болжауына зер салып көрдім. Әр күн сайын «Tik-tok» желісінде тікелей эфирде көпшіліктің түрлі сұрақтарына жауап беріп жүретін Жанар балгердің өзіндік талаптары бар. Бұл кісіге 300 теңге беріп, кезек арқылы жазыласыз. Бүгін ақшаңызды аударсаңыз, ертеңгі эфирде бал ашып береді. Егер кезексіз кіретін ойыңыз болса, 500 теңге төлейсіз. Көріпкелдің эфиріне бір күнге 30-ға жуық адам жазылады. Бала көтеру, тұрмысқа шығу секілді сұрақтарға алаңдағандар болашағын Жанар ханымға карта арқылы болжатуға асығатын көрінеді. Мәселен, эфирде Райхан есімді бойжеткен «Тұрмысқа шығамын ба, балам бола ма?» деп сұрақ қойды. – Сіз біреумен ренжісіпсіз ғой. Бірақ алда тұрмысқа шығасыз. Шамамен бір жыл ішінде, – деп жауап қайырды балгер. Эфир арқылы көпшіліктің сауалына жауап беріп, тек тағдыр төңірегінде ғана болжам айтатын балгер ақша аудармағандардың сұрағын қарамайтынын жеткізді. «Сұрақтарыңызды банк картама ақша аударып, жекеме жазып жіберіңіздер. Тікелей эфирде қойылған сұрақтарға жауап бермеймін», дейді тәуіп. Жанар ханымды сынап жатқандар да көп. «Аңқау елге арамза молда» деген осы», «Эфирде отырып алып сіз де айта бересіз-ау» деген сыңайда пікірлер айтылған. Тағы бір отыздан асқан әйел: «Мен бала көтеремін бе?» деп сұрақ қойды. Балгер көзін тарс жұмып, сұрақты ішінен бірнеше рет қайталап, картасын бір-екі рет сапырды да: «3 ай немесе 3 жылда көтересіз. Дәрігерлерге қаралмай-ақ қойыңыз», деп сенімді түрде қысқа қайырып, келесі сұраққа өтіп кетті. «Нақты осындай уақыттарда жақсы жаңалық күтіңіз» дегендей анық ештеңе де айтпады. Құдай-ау, 3 немесе 4 ай десе бірсәрі, енді 3 ай мен 3 жылдың арасы әжептәуір уақыт емес пе?! Әлгі болжатқан кісі көріпкелге алданғанын енді түсінген шығар десем, «Әмин, айтқаныңыз келсін» деп картаны бір-екі рет сапырып, екі-ақ ауыз сөз айтқан кісіге Құдайдай сеніп отыр. Шынымен бос нәрсеге сеніп отырған аңқау халыққа жаным ашыды. Әлде көп оқырмандар қалжың ретінде тексеріп көрейін деп әдейі істеп отыр ма? Әдейі жазып отыр дейін десек, мыңнан астам адам аямай ақшаларын салып жатыр. Бұл тек бір ғана адамға түсетін қаржы. Ал әлеуметтік желіде қаншама көріпкелсымақ отыр. Соқыр сенімінің жетегіне еріп, алаяқ бақсы-балгердің арбауына түсіп жатқан жандарды көріп жүрегің ауырады. Келесі сұрақ қоюшы да 30-дан асқан әйел болды. Ол: «Енемнен қашан бөлек шығамыз? Күйеуім үйдің тұңғышы еді», деді. Әлгі балгер: «Енеңнен күйеуің үй алғанда бөлек шығасыңдар. Бірақ биыл емес. Басында қиыншылық болады. Кейін жақсы өмір сүресіңдер», деді. Бір қарағанда күлкілі, әрине. Бірақ әлгі балгерге ақжарма тілегін ақтарып, бірауыз жылы сөзге сеніп отырғанына налып қаласың. Шындығында, адамның алдағы өмірі Аллаға ғана аян! Қыз баланың қашан жүкті болатынын, кімге үйленетінін, жалпы алдағы өміріңді көріпкелдер дөп басып айта алмайды. Бұл жөнінде Тараздағы «Әбдіқадыр» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбайдың да айтары бар. – Қазіргі заманда басына қиыншылық түскенде көпшіліктің жүгінетін алғашқы нәрсесі құдіреті шексіз Алла Тағаланың жәрдемі емес, қолынан түк келмейтін бақсы-балгер, емшінің тәтті өтірігі болып кеткені жасырын емес. Бал ашудың және балшыларға барудың шариғаттағы үкімі Фиқһ ғалымдарының пәтуасы бойынша, көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) – харам. Шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша да харам. Сонымен бірге ғалымдар «Тәуіпке барып, өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген. Балшыға барудың зияны онымен бітпейді. Балшыға бару адамның ғибадатқа барлық жолын жабады. Себебі келесі хадистерде былай делінген: «Кімде-кім балгерге келіп бір нәрсе сұраса, оның намазы қырық күн бойы қабыл етілмейді» (Муслим, 2230). Демек, балшыға барып жолымды аштырамын деген адам, керісінше, өз жолын жаптырып жатқанын білмейді, – дейді имам. Ал психотерапевт Лаура Жексембаева адамдар көріпкелдің алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын айтты. Сондай-ақ маман ем іздеп, тәуіп аралап жүргендердің көбеюі тұрғындардың психологиялық тұрғыдан сауатсыз екенін көрсетеді дейді. – Адам тіректі сырттан іздей бастайды. Яғни қандай да бір бақсы оған «мен сенің мәселеңді шешіп беремін, көмектесемін» деп үміт сыйлайтын болса, ол адам тез манипуляцияға ұшырап, оның айтқанының барлығын істеуге көндігеді, – дейді психотерапевт Лаура Жексембаева. Осылай тікелей эфирден көріпкелдерді көремін деп түннің жарымын өткіздік. Құр отырмай қызық болсын, әрі не айтар екен деп ақша аударып, студент інім екеуміз сұрақ жолдап та көрдік. Алдында өзге жас жігіттердің осылай эксперимент жасап көргені есімізге түсіп, інім екеуміз сол қызықты қайталайық деп шештік. Өтірігімізді байқар ма екен деп інімнің жасын ұлғайттық. Ол Жанар ханымға «Үйленгеніме бір жыл болды. Келіншегім бала көтермей жүр. Қашан балалы боламыз?» деген сауал қойды. Төлем де інімнің атынан жасалды. Көріпкел апамыз өтірікті аңғармағаны былай тұрсын, беті бүлк етпестен «Уайымдама. Келіншегіңнің аяғы ауыр» деп соға салды. Әлі жиырмаға толмаған жігітті ұзақ жылдан бері сәби сүюді күтіп жүрген отағасына айналдырып жіберген балгерге әбден күлдік. «TikTok»-та саңырауқұлақша көбейген алаяқ бақсы-балгерлерге алданып жатқан халықты көріп қатты қынжылдым. Және тағы бір айта кетер жайт, әлгі көріпкелдер желіде тек түнде ғана отырады. Күнімен ұйықтап, түнімен бал ашса – тұрақты жұмысы жоқ, күнкөрісі осы болғаны. Ауру кешке қозатыны секілді адамдар да түнде миы шаршағанда өмірін өзгертемін деп осындай жолға қалай түсіп кететінін білмей қалады. Алайда өмірін өзгертемін деп өкінішке ұрынғандар өте көп. «Телефоным өшсе болды, арғы жақтағы емделушімнің жүрегі тоқтайды», деп көпшілікті таңдай қақтырған онлайн емші, сынықшы Бағдагүл Лепесованы талқылап жүргенімізде өзге қулар қаптап үлгерді. Онлайн емшілер экранның арғы жағынан-ақ жауырыныңызды ашып, дем салып, сынығыңызды салып, жаныңызға керектінің бәрін жасап береді. Тек қажетті «ставкасын» берсеңіз болғаны. Телеарна, газет-журнал тілшілері қаншама рет арнайы репортаж, әлеуметтік эксперимент жасап бұл көріпкелдердің ісі нағыз алаяқтық екендігін дәлелдеп беріп жатса да тәуіптерге сенімі азайып, теріс айналған халықты көрмедік. Әйтеуір көздері байланып, ессіз сеніп, өздерінің «онлайн бақсылардың» қалтасын томпайтып, миллонер етіп жатқандарын сезбейді де. Ем іздеймін деп қалтадан қағылып жүрген жұрт балгерге барар алдында соқыр сенімнің жетегінде қалай кетіп қалғанын байқамай қалады. Ал дәл осылай көпті алдайтын көріпкелдерге құрық салатын заң әзірге біздің елде болмай тұр.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар