Жақсы бастама – жанға тыныс
Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков аудан аумағындағы бірнеше нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты. Осы орайда Меркі тұқым зертханасының директоры Нышан Базилов былтыр барлық шаруашылық еккен дәндер осы жерде тексеруден өткенін жеткізді. Ал биыл бұл жұмыс сылбыр.
Қазіргі таңда бірнеше шаруашылық 1 017 тонна тұқымды зертханадан өткізген. Осы мәселеге байланысты аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бұтабаевқа барлық шаруаларға хабарлама беріп, тексеруден өткізбегендерге карантиндік қызмет мамандарымен бірге тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Аудан әкімі себілген дәннің өнімділігі төмен болса, тыңайтқыштың да, сумен қамтудың да маңызы болмайтынын еске салды. Сол үшін тек 2-сұрыптан жоғары тұқымды пайдалануға барлық шаруашылықтарды шақыруды тапсырды.
Аудан әкімі көктемгі егіс науқанына дизель отынының дайындығын тексерді. Биыл бұл жұмыстарға қажетті жанар-жағармай толығымен дайындалған. Аудан аумағында суармалы жер көлемін арттыру мақсатында 46 ұңғыма қазу жоспарланған. Ұңғымадан шыққан су жаңартылған каналдар арқылы үлкен Шу каналына үйлестіріліп, егіс алқаптарына жіберілетін болады. Осы орайда атқарылған жұмыстар барысын тексеру үшін аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы «Қазсушар» РМК облыстық филиалы Меркі аудандық өндірістік бөлімінің басшысы Мәлік Әділқұловпен кездесті. Оған биыл егіс алқаптарын, әсіресе қант қызылшасы егілетін алқаптарды сумен қамту үшін қолдан келген барлық амал жасалуы керектігі айтылды. Өйткені осы жылы қант қызылшасы алқабын 1000 гектарға ұлғайту көзделуде. Жалпы 2 700 гектар алқапқа қант қызылшасы егілмекші.
– Ауданда суармалы жерлердің ауқымын ұлғайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, қазіргі таңда 42 ұңғыманы қазу жұмыстары басталып кетті. Мекеме теңгеріміндегі 44 су каналының 40-ы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмыстарды мердігер «Еламан» және «ТрейдИнтерКом» ЖШС жүргізіп отыр. Дегенмен «ТрейдИнтерКом» ЖШС-ның жұмыстары тоқтап, дайын ұңғымалардан егіс алқаптарына су жіберуге кедергі келтіріп отыр, – деді М.Әділқұлов.
Қазіргі таңда каналдарды жаңарту жұмыстары тек 45 пайызға атқарылған. Қазір мердігерлермен келіссөздер жүргізіліп, жұмыс кестесі нақтылануда.
Бұдан соң аудан әкімі «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» суқоймаларының құрылыс жұмыстарымен танысты. Мердігер «Толағай 2050» компаниясының өкілдері нысанды конкурстан ұтып алып, бастауға дайын екенін айтты. «Толағай-2050» компаниясының атқарушы директоры Қанат Нышанов келесі жылы мамыр айына дейін суқойманың жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен. Аудан әкімі кездесу барысында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды компания өкілдеріне тапсырды.
Келесі кезекте аудан басшылығы Кеңес ауылдық округіндегі «Кеңес-4» суқоймасының жағдайын, «Смарт Агро Каркара» ЖШС-ның көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтарын көріп, «Мыхан орда» ЖШС-ның жаңбырлатып суару қондырғыларымен танысты. Су үнемдеу технологиясына ден қойған шаруашылық иесі Мақсұт Несіпбаев Түрік елінен «Atlantis» суару қондырғыларының 19 данасын әкеліпті. Бір қондырғының бағасы 30-50 миллион теңге шамасында. Жалпы өздеріне тиесілі алқаптарды осындай құрылғымен жабдықтау үшін 2,2 миллиард теңге қаражат жұмсалыпты.
Агрегатты сумен қамту үшін арнайы су жинау бассейнін де жасақтапты. Шаруашылық басшысы биыл 450 гектар жерге қант қызылшасын орналастыруды көздеп, қамданып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар шаруашылық күздік бидай егіп, көктемгі дала жұмыстарын да қызу жүргізіп жатыр.
– Осы алқаптың көлемі – 130 гектар. Бұл жерге қант қызылшасын егу үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Түрік елінен әкелінген жаңбырлатып суару құрылғысының 2 данасын осы алқапқа қойдық. 1 200 гектар жерді 19 жаңбырлатып суару құрылғысы арқылы толық ылғалдандыра аламыз. Мұндай құрылғыларды ауданға алдыртуға да болады. Шаруалар ниет білдірсе, келіссөздер жүргізіп, көмек қолын созуға дайынбыз, – деді М.Несіпбаев.
Ауылшаруашылық саласымен қатар, ауданда балық шаруашылығы да қарқынды дамуда. Болат Мәмедалиев осыдан біраз жыл бұрын балық шаруашылығымен айналысуға ден қойған. Қазіргі таңда жұмысы өрге басып, еңбегінің жемісін көруде.
Аудан әкімі Аспара ауылдық округінде орналасқан Болат Мәмедалиевтің шаруашылығымен танысты. Мұнда тұқы, амур, жыланбалық, көксерке секілді балықтар өсіріліп жатыр. Балықтардың алды 5 келіден 15 келіге дейін жетеді.
Биыл уылдырықтан шабақтарын өсіру үшін 8 арнайы құрылғы сатып алып, контейнерден орны да дайындалыпты. Бір құрылғының 1 миллион шабақты өндіруге әлеуеті жетеді. Кәсіпкер алдағы уақытта қырғауыл шаруашылығын қолға алмақшы. 82 гектар көлемді алып отырған көлдің айналасы көз тартарлық. Бәрі де талғаммен, еңбекпен жасалғаны көрініп-ақ тұр.
Болат мырза өзі тек қаржылық жағын реттегені болмаса, қалған жұмыстың бәрін баласы Айдостың атқарып жүргенін айтты. Айдос балықтардың күтімі мен ем-домы, көбейтуіне қатысты да шаруаларды жетік меңгерген. Ол мұның бәрін туризмді дамыту, келген қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін үйренгенін жеткізді.
Ләззат СЕРІКБАЙ, Меркі ауданы
Келесі мақала