ТРЕНДТЕГІ КІТАПТАР МОТИВАЦИЯ БЕРЕ МЕ?
«Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікірі жоқ өмір хайуан тірлігіне ұқсас» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінгілер қалай жетістікке жетсем, жаңа кәсіпті қалай бастасам немесе қалай тез байысам екен деп күш-қайрат пен жігерді кітаптан іздеп жатады.
Соңғы жылдары мотивациялық кітаптар саны артуда. Трендтегі кітаптардың көш басында шетелдік авторлардың аудармалары, яғни Джордж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам», Роберт Киосакидің «Бай әке, жарлы әке», Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары», Марк Мэнсонның «Бәріне қолыңды бір сілте» еңбектері тұр. Қазақ авторлар да қалысар емес. Атап айтсақ, Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма», «Құпия», Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық», Луиза Хейдің «Әйел даналығы», Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға: нәзік жан», Бағлан Әбдірайымовтың «Ақ пен қара» сынды мотивациялық кітаптары қаламыздағы кітап дүкендері мен кітапхана сөрелерінде самсып тұр. Жалпы мотивациялық кітаптардың мәні қандай? Шын мәнінде адамға мотивация бере ме? Әлде құр сылдыр сөз бе?
Жуырда Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханаға барып, мотивациялық кітаптармен танысып шықтық. Кітапхана қызметкері Айжан Тілеумұратова бақыт пен байлыққа, табысқа жетелейтін бірнеше кітапты ұстатты. Қолымызға бірінші алғанымыз – «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» кітабы. Саясаттанушы, журналист, «Amal Books» баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай жазған бұл кітаптың ерекшелігі – қазақ кәсіпкерлерінің, соның ішінде «Forbes» тізіміне енген бизнесмендердің тәжірибесімен таныстыратындығында. Яғни бұл туындыны оқи отырып, сіз «бір оқпен бірнеше қоянды атасыз». Кітапта Шынар Бұғымбаева, Райымбек Баталов, Марғұлан Сейсембай, Арманжан Байтасов, Нұрлан Смағұлов, Елдар Әбдіразақов, Қайрат Құдайберген, Қуаныш Шонбай сынды бизнесмендердің тәжірибелері көрсетіліпті. Содан соң Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға»: нәзік жан кітабын қарап шықтық. Нәзікжандыларға арналған кітап ер-азаматты құрметтеу, оны жамандамау, мінезін түзеймін деп алыспай бірінші өзін түзеу керектігі айтылыпты. Сондай-ақ күйеуіңе бағыну, онымен келісу, нәзіктігіңді ештеңеге айырбастамау, жұбайлар жарасымын сақтау мәселелері жайлы жазыпты. Тақырып өте өзекті. Бұл кітапты қыз-келіншектер баспадан шығысымен талап әкететін көрінеді.
Кезекті бір кітап – Ұлдана Ерқасымның «Қоқыстан табылған миллионер қыз» кітабы. Кітап авторы – алғашқы миллионын 17 жасында тапқан қазақ қызы. Негізгі мамандығы – журналист. Бүгінде ол «Dream Trips» компаниясының белді мүшесі. Кітапта автордың балалық шағы, өмірде көрген қиындығы, алған сабақтары туралы баяндалады. Ол осы туындысы арқылы оқырманды қандай жағдай болмасын мойымауға үндейді, тағдыр салған сынақтардан өтуге болатынына сендіреді.
«Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» кітабы осы уақытқа дейін бірнеше рет мыңдаған данамен басылған. Психолог Кәмшат Бекжігітованың бұл туындысы аз ғана уақытта қазақ тіліндегі бестселлерге айналып үлгерді. Автор әлемдік психологтардың кеңестерін өзінің өмірлік тәжірибесімен ұштастырып, оқырманға ұсынған. Кітапта өзіңді бағалау, ойыңды өзгерту, кешіру, мақсатты айқындау, қарым-қатынасты жақсарту, сабырлы болу, денсаулықты сақтау сияқты тақырыптарға қатысты түрлі кеңестер айтылады. Сонымен қатар алған білімін жүзеге асырғысы келетіндерге ішінде арнайы практикалық тапсырмалар да бар. Көзімізге түскен кезекті бір кітап «Қош бол, қиындық!» деп аталады екен. Назила Слямқызының бұл кітабында біршама ақыл-кеңес беріліпті. «Үй сатып алудың жолдары» жобасының авторы Н.Слямқызының аталған кітабы армандауды сүйетін жандарға арналған. Кітапта жалпы білім мен өмір сүрудің қарапайым қағидаларын байланыстыру арқылы арманды қалай мақсатқа айналдыруға болатындығы жазылған. Сондай-ақ автор өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып, қандай қиындықтардан өткенін ашық айтады. Сол арқылы оқырманның сеніміне кіріп, мимен жұмыс істеудің қаншалықты маңызы барын жеткізеді.
Осы орайда Тараз қаласындағы «Кітап ал», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендерін қарап шықтық. Кітапханаларда Сайдмұрад Давлатовтың кітаптары мен Құралай ханымның, отандық жаңа авторлардың кітаптары толып тұр. Басқа да авторлардың мән-мағынасы қисынсыз кітаптары да сөрелерден орын тауыпты. Жасырып қайтеміз, не оқып отырғаныңды түсінбейсің.
– Аудармалары шала. Оқырманға күш-жігер, мотивация бермек түгіл, оқығаныңа өкініп қалатын кездерің болады. Ал керісінше трендтегі, бір айда жүз даналап өтетін кітаптарды Алматыдағы баспа үйінен алдыртамыз, – дейді «Кітап ал» дүкенінің сатушысы Жәмила Алшынбекова.
Біз осы мақаланы жазу барысында оқырмандармен де тілдестік.
– Кітап оқу – мәдениеттің бір белгісі. Тек жетістікке жетіп, байлыққа батқандардың кітабын оқумен шектелмеу керек. Арасында жан-жануарлар, адам тағдыры, мелодрама сынды басқа кітаптарды да оқыған жөн. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегендей, байып кетсем екен деп кітапта айтылғанды жасау біреуге жағады, біреуге жақпайды, – деп пікір білдірді студент Өркен Алпамыс.
Ал Жанерке Талғатқызы: «Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» кітабы өмірге жеңіл, алаңсыз, күле қарауды үйретті», дейді. Әрбір адам өзі іштей қалаған кітабын оқиды. Ойлы жас Елдар Боранбек мотивацияны кітаптан емес, үйдегі айтары бар, көргені көп қария ата-апасынан алатынын айтады.
Жалпы кітаптың жақсылығын көру – ол адамның өзіне байланысты. Кез келген мотивациялық кітаптың мәні – айтылған нәрсені ә дегеннен-ақ бірден жасасаңыз нәтижесін көресіз дейді. Іске бірден кірісу керектігін меңзейді. Кітапты құр оқып қана қоймай, сонда айтылғанды тез арада жасау – мотивациялық кітаптардың құпиясы шығар. Миды «қоқыстан» тазартып, жоспар жасап, асығыстық қылмай, ынта-жігерімізді бір бағытта ғана ұстасақ, дегенімізге жетеріміз анық. Не десек те оқығанымыз, көңілге тоқығанымыз қажетімізге жарасын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала