Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«АПАМНЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ»

«АПАМНЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ»
ашық дереккөз
«АПАМНЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ»
Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінде тілші ретінде жемісті еңбек етіп жүрген қаламгер, әріптесіміз Марат Құлибайұлының бұған дейін балалар тақырыбында жазылған бірқатар көркем шығармалары балғын оқырмандарға «Мейірім», «Қолқанат» атты жинақ кітаптары арқылы жол тартса, биыл Балалар жылына орайластырылып жазушының «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабы баспадан жарыққа шықты.  Аталған кітаптың алғашқы тұсаукесер рәсімі облыс орталығында ұйымдастырылса, осы аптада қаламгердің жаңа кітабының тұсаукесері мен таныстырылымы кітап авторының туған жері Жуалы ауданында өтті. Қаламгер Марат Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабының тұсаукесеріне арналған «Балғын ұрпақ бақытым» атты кездесу кешінің өтуіне Жуалы ауданының басшылығы ұйытқы болғанын айта кеткен ләзім. Танымдық кеш аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған аудан орталығындағы мектептер мен мектеп-гимназиялардан балғын оқырман оқушылар шақырылды. Сонымен қатар кездесуге ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагер журналистер мен ардагер ұстаздар да арнайы шақырылды. Қаламгердің оқырмандармен кездесу кешіне М.Құлибаевтың қаламдас әрі әріптес аға-інілері облыс орталығынан арнайы келіп, шығармашылық кеш иесіне ақжарма ізгі тілектерін айтқалы келген екен. Алдымен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков құттықтау сөз сөйледі. Ерғали Өтемісұлы өз сөзінде, журналист-жазушы Марат Құлибаевтың жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, қаламгердің балаларға арналған шығармаларының тілі жатық, мағынасы өте ұғынықты әрі оқуға жеңіл екенін баса айтты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы Марат Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабының көтерер жүгінің салмақты екенін айта келе, аудан халқы атынан және өз атынан жаңа кітаптың жарық көруіне құтты болсын айтты. Кітаптың қызыл лентасын ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков, журналист, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» Ақылжан Мамыт салтанатты жағдайда кесіп, кітап авторына игі тілектер айтып, шығармашылық табыс тіледі. Облыстық «Aq jol» қоғамдық-саяси газетінің аға тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы кеш иесінің қаламгерлік және азаматтық қырларына, ерекше қасиеттеріне тоқталып, жиналған қауымға арнау жырын домбырамен жеткізді. Ал аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова кеш иесіне жылы лебіздерін білдіріп, өңір басшылығының атынан Алғыс хат және ықылас гүлін табыстады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар