Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараз тарихынан сыр шерткен «Төрткүл ханзадасы»

Тараз тарихынан сыр шерткен «Төрткүл ханзадасы»
ашық дереккөз
Тараз тарихынан сыр шерткен «Төрткүл ханзадасы»
Аймақта Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесін тойлау басталды. Облыс орталығынан бөлек, барлық қала, аудандарда да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, көктем мерекесі лайықты түрде аталып өтуде. Амал мерекесіне орай А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Төрткүл ханзадасы» ертегісі және балаларға арналған «Наурыз думан» қойылымының премьерасы өтті. Ақын Сәнтөре Пірмановтың тарихи аңыз негізінде сахналанған «Төрткүл ханзадасы» ертегісінде қазіргі Тараз қаласының аумағында орналасқан «Төрткүл» көне қалашығында болған оқиға баяндалады. Аталған қойылым арқылы ел билеушісі – ханның ұлы ханзаданың ел басқаруды қолына алғандағы және өзіне жар таңдаудағы дүйім жұртты таңғалдырған тапқырлығы, ақыл-парасаты ұтымды суреттеледі. Ертегі қойылымда киелі Тараз өңірінің ежелгі тарихи мекені – Төрткүл керуен сарайының тыныс-тіршілігі шежіре, аңыздар негізінде баяндалып, ежелгі Ұлы Жібек жолының ізімен жүрген сауда керуендерінің көші, сол кезеңдегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, ән мен биге құрылған сауық кештері қызықты да нанымды көрсетіледі. Төрткүл ханзадасын Әнуар Уалиханұлы жақсы сомдады. Жас көрермендерге көз алдарында шын ханзада тұрғандай әсер қалдырды. Ханзаданың жолаушыларды торуылдап, керуенге қарақшылық шабуыл жасап, алтындарын қолды етіп, арам жолмен ақша тауып жүрген қарақшыларға лайықты жазасын беріп, өмір бойына «Ақыртас» сарайының құрылысында еңбек етуге шешім шығаруы балаларға «Ұрлық түбі – қорлық» деген мақалдың мағынасын ұқтыра түсті. Қойылымда ханзаданың айшылық алыс жерден келген Иран, Парсы елдерінің керуенбасыларын ыстық ықыласпен күтіп алып, Тараз жерінің қонақжай халық екендігін көрсеткен жері де өте әсерлі шықты. Төрткүл ханзадасы өзінің Қараханның ұрпағы екендігін мақтанышпен айтып, «Төркүл» керуен сарайының тарихын баяндады. Осы тұста оқушылар туған өлкесінің шежіресінен хабардар болып, «Атлах» шайқасына қатысты біраз деректерге қанықты. «Төрткүл» қалашығын тамсана жырлаған шайырлардың өлеңдерін әсерлене тыңдады. Төрткүл ханзадасын ақылымен тәнті еткен Айсұлу ханшаның рөлі де сәтті шықты. Ханзаданың білім-біліктілігін сынамақ мақсатта қойған сұрақтары жас көрермендердің ой-өрісін кеңейте түсті. Ең бастысы ертегі-қойылым жас көрермендер мен бүлдіршіндерді туған елі мен жерін, Отанды сүюге тәрбиелеп, ата-баба аманатына берік болуға шақырады. Мұнан соң қойылымнан әдемі әсер алған балаларға «Наурыз думан» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Мұнда Қыдыр ата, Ұмай ана, Наурызбек, Күн, Түн, Ақпан-Тоқпан кейіпкерлері кішкентай көрермендердің көңілін баурап, табиғаттың тамаша көріністерімен қызықтырды. Мерекелік шара ән-бимен көмкеріліп, бірлік пен береке ұғымдарының мән-маңызын айшықтай түсті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар