Отан қорғау – ортақ парыз
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте былтырғы күзгі мерзімнің әскери қызметіне шақыру жұмысы қорытындыланып, осы жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруға қатысты міндеттер пысықталды. Сонымен қатар жастардың Отанды қорғауға деген әскери-патриоттық сезімін ояту, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулу мақсатында «Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы, полковник Нұрбол Зейнелов ашып, жүргізген әдістемелік сабаққа Тараз қаласының және аудан әкімдерінің орынбасарлары, медициналық комиссия төрағаларының, облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен аудандағы бөлімдердің басшылары және әр саладағы белсенді жастар мен студенттер қатысты. Басқосуда Н.Зейнелов өткен жылы күзде азаматтарды өңірден әскер қатарына жіберу жоспары 111 адамға артығымен орындалып, облысымыз республика бойынша алдыңғы орынға шыққанын тілге тиек етті. Бұдан кейін аталған салада өз міндетін мінсіз атқарып жүрген бірқатар офицерлер марапатталды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Нұржан Календеров былтыр азаматтарды әскерге шақыру жұмысы ойдағыдай атқарылғанымен бірқатар кемшілікке де жол берілгенін атап өтті.
– Өткен жылы қыркүйек-желтоқсан айы аралығында облыс аудандары мен Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма және бөлімдері арқылы кезекті күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы ойдағыдай ұйымдастырылған болатын. Өңірден ҚР Қарулы Күштеріне және басқа да әскери құрылымдарға шақыру және жасақтау жоспарына сәйкес
1 436 адам әскер қатарына алынып, қазіргі таңда олар Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп жүр. Бұл былтыр күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысының дұрыс ұйымдастырылып, берілген тапсырмалардың дер кезінде орындалуының жемісі.
Өткен жылғы күздегі әскерге шақыру науқаны өз деңгейінде аяқталды, оған әрқайсысыңыз өз үлестеріңізді қостыңыздар. Бұл жұмыстар Байзақ, Сарысу, Жуалы, Талас, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында және Жамбыл, Қордай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінде шақырту жұмысы толығымен орындалса да аталған жұмыс деңгейін біршама көтеру қажет етіліп отыр. Әсіресе Мойынқұм ауданында бұл жұмыс көңіл көншітпейді. Сондықтан нақ осы ауданда жұмысты барынша жандандыруымыз қажет.
Биылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы 1 наурыздан басталды. Сондықтан сәуір-маусым айы аралығында өңірдегі 1 360 адамды әскерге шақыруда тапсырманы мінсіз орындауға тиіспіз. Ендігі басты мақсат – бұған дейін орын алған кейбір кемшіліктерге жол бермеу. Алдағы науқандық жұмыс сапалы әрі нәтижелі аяқталатынына сенімім мол, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Жиында сөз алған аталған департамент басшысының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы, полковник Хасен Қарабаев 2022 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысының қорытындысын баяндады.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыс бойынша департамент басшысының тәрбиелік идеология және кадрлық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Саян Шубаев әскер қатарына шақырылушылардың кейбірінің құжаты түгел болмайтынын сөз етті.
– Былтыр күзде жергілікті әскери басқару органдары жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырды. Мәселен, бізге іріктеуге ұсынылған 592 адамның ішінен еліміздің Шекара қызметіне қажетті азаматтарды іріктеп алдық. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Соның бірі – әскерге шақырылушылардың жеке істерінің толық қалыптастырылмауы. Мысалы, шақырылушылардың алған білімін растайтын құжаты, жұмыс орнының, жергілікті полиция басқармасының мінездемесі немесе анықтамасы, ата-анасының құжаты бірінде болса, бірінде болмайды. Сонымен қатар олардың денінің тұрғылықты мекенжайы дұрыс көрсетілмейді. Осы кемшіліктер жылда кездеседі. Соның әсерінен аудан-ауданды аралап, шақырылушыларды іріктеу, зерделеу ісімен айналысып жүрген жұмыс тобының уақыты қазір текке өтуде. Әскерге шақырылушылардың кемінде жартысы әртүрлі себеппен Отан алдындағы борышын өтеуден ашық түрде бас тартады.
Тағы бір айта кетер жайт, Мойынқұм ауданы жүктеме бойынша көрсетілген 10 адамнан 6-ақ адам ұсынды. Жамбыл ауданынан әскерге 28 адам алыну керек болса, орындалғаны – 14, Сарысуда 15 адамнан іріктелгені – 8, Таласта да жоспарда – 15, ал бізге ұсынылғаны – 5 азамат, – деді ол.
Сонымен қатар ҰҚК ШҚ облыс бойынша департаментінің өкілі қазіргі таңда сарбаздарға туған жерінде әскери борышын өтеуге мүмкіндік берілгенін сөз етті.
– Департаменттің Қордай ауданында өз оқыту орталығы бар. Әскерге жаңадан алынған сарбаздар сол жерде дайындықтан өтеді. Ол жерде облыс аумағындағы Шекаралық қызмет бөлімшелеріне қажетті бақылаушыларды және атқыштарды дайындаймыз. Дегенмен әскер қатарына алынғандардың арасында дәнекерлеуші, слесарь секілді тағы басқа да мамандық иелері болады. Оларды біз екі айға Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу облыстарында орналасқан Шекара қызметінің әскери оқыту орталықтарына жібереміз. Ол жақтан екі ай дайындық курсынан өткеннен кейін өз өңірімізге қайта оралады. Мұны сөз етіп жатқан себебім, қазіргі таңда сарбаздардың өзі туған өңірінің Шекара қызметінде әскери борышын өтеуіне мүмкіндік жасалған.
Былтыр күзде Әулиеата өңірінен Шекара қызметіне алынған 267 сарбаздың барлығы өз өңірімізде қалды. Оның ішінде 60-қа жуығы келісімшарт бойынша түбегейлі әскери салада еңбек етуге ниет білдіріп отыр. Сол секілді осы жылғы көктемгі шақырылымдағы сарбаздар да осында қызмет ететін болады, – деді ҚР ҰҚК ШҚ өкілі.
Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары, аудандық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Жақсыбек Исақов азаматтардың әскер қатарына уақытысында жіберілмеу себебін және әскерге шақыру бойынша ауданда орын алған мәселелер жөнінде хабарлама жасады.
– Былтыр көктемгі әскерге шақыру науқанын жоспарға сәйкес орындадық. Ал күзгі шақырылым бойынша орын алған олқылыққа азаматтардың тұрғылықты жерінде болмауы себеп болды. Нақты айтқанда, әскерге шақырылушы азаматтарды үйіне іздеп барғанда олардың кейбірі тұрғылықты жерінде болмай шығады. Ата-аналары олардың басқа өңірге жұмыс істеуге кеткенін, шақырту қағазына өзі келіп қол қоятынын айтып, шақырту қағазына қол қоюдан бас тартып жатады. Қазіргі таңда бізді осы мәселе алаңдатып отыр, – деді ол.
Жиында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің медициналық қызметінің басшысы Сергей Золотарев және ҚР Ұлттық ұланы әскерлерінің, Оңтүстік аймақ әскери прокуратурасының, ҚР Ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы Тараз бөлімінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Тараз өңірлік горнизонының, әскери полиция басқармасының, облыстық полиция департаментінің өкілдері баяндама жасады.
Жалпы аталған іс-шара еліміздің Қарулы Күштері қатарына шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізерде дәрігер мамандардың тапшылығы, кейбір ауданда арнайы ғимарат болмағандықтан болашақ сарбаздарды аудандық ауруханадан тексеруден өткізіп жүргені, қоғамда әскерден қасақана жалтаратын азаматтардың бар екені секілді тағы да басқа мәселелер қозғалып, оның шешілу жолдары қарастырылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ