ОЙЫНШЫҚ ТОҚУ ОҢАЙ ІС ЕМЕС
Өмірде баланың шат күлкісінен артық сазды әуен жоқ шығар, сірә! Сәбилердің шынайы шаттығының куәсі болу үшін ұдайы сыйлық сыйлап, қуантып тұрғың келеді. Ал сыйлайтын ойыншығыңыз қолдан жасалған болса, тіпті керемет емес пе?! Осы орайда талай бүлдіршінге қуаныш сыйлап жүрген тараздық жас кәсіпкер Дилафруз Махмадулоева туралы айтқымыз келеді. Дилафруз кәсіптің көзін тапқан алғыр қыз. Кейіпкерімізді іздеп барып, қолөнер туындыларын көргенде қызылды-жасылды ойыншықтар әлеміне тап болғандай болдық. Бала кезімізде ойнаған қуыршақтар мен көліктерден өзгешелеу ойыншықтарды көрдік. Өзгешелігі сол – олардың қолдан тоқылғаны.
Дилафруз кішкентай күнінен қолына ине-жіп алып, ойыншықтар тоқумен айналысқан екен. Көздің жауын алатын ойыншықтарына кішкентай бүлдіршіндер тұрмақ, ересектер де қызығады. Айтуынша, тоқыма өнерін оқушы кезінде анасынан үйреніп, бастапқыда шұлық тоқуды ермек қылыпты.
Жеті жасынан бастап қолөнерді серік еткен ол, егер басқа шаруалары болмаса бір тәулікте бір ойыншықты тоқып бітіре алатынын айтады.
– Алдымен ойыншықтың пішінін келтіріп тоқып алып, ішіне синтепон саламын. Кейін көзін, мұрнын, құлағын жасаймын. Бір айда 20 ойыншыққа дейін тоқи аламын. Бәрі бос уақытымның болуына байланысты. Ойыншықтарды тігу үшін балаларға арналған гипоаллергенді жіпті пайдаланамын. Сондай-ақ кез келген жіп ойыншықтарды тоқуға жарамайды. Иірілген жіптің белгілі бір түрін таңдау керек. Ойыншық тоқу үшін иірілген жіптен басқа, арнайы инелер немесе ілмек, материалдар, көзге, мұрынға, ауызға арналған керек-жарақтар, сондай-ақ шаш, тіпті киім-кешек те керек. Ойыншық ішіне салатын қажетті заттардың сапалысын қолданамын, – деп, жұмысының қыр-сырымен бөлісті.
Дилафруз ойыншықтарын сатып қана қоймай, сонымен қатар көпшілігін сыйға тартады. Қайырымдылықпен көп айналысады. Қарттар үйіне барып, тоқыған шұлық, жылы киімдерін табыстауды әдетке айналдырған. Балалар үйіне де ай сайын шала туған нәрестелерге тоқыма киімдер апарып, жаңа босанған аналарды өз ойыншықтарымен қуантады.
– «Өзіңе ұнайтын, жаныңа ләззат сыйлайтын іспен, шығармашылықпен шұғылдан» деп барлық нәзікжандыларға кеңес берер едім. Мысалы, мен қуыршақ тоқып отырғанымда күнделікті күйбең тірліктен демаламын, жаным жай табады.
Ойыншықтарымыз ешқандай зиянды қоспасыз, тек таза жіптерден тоқылған. Кішкентай балалар қолына түскеннің бәрін аузына салып көреді. Ал қолдан тоқылған ойыншықтың құрамына және сапасына еш алаңдамайсыз. Байқаусызда баланың аузына түсіп кететін немесе жарақаттайтын заттар болмайды. Егер өзіңіз қаласаңыз, балаңызға өз қолыңызбен тоқып беруге әбден болады. Тек біздің студияға келіп, тоқып үйренсеңіздер болғаны. Егер қолыңыздан келмейтін болса, еш уайымдамаңыз. Тапсырыс берсеңіз, біз сіздерге өзіңіз қалаған ойыншықты тоқып береміз, – дейді кейіпкеріміз.
Дилафруз 2018 жылы «Ажур» шығармашылық орталығын ашады. Сондай-ақ сол жылы жанына Зухра Компликованы, Балжан Бейсебаеваны, Наргиза Ахметованы алып, команда жасақтап, «Zhas project» жобасы арқылы қайтарымсыз 1 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Айтпақшы, бұл шеберлер де мүмкіндігі шектеулі жандар. Бүгінгі таңда «Ажур» шығармашылық студиясында оқушыларға және ересектерге тоқыма бұйымдарын жасап үйретеді.
32 жасар кәсіпкердің болашаққа қойған мақсаты да айқын. Дилафрузды мүмкіндігі шектеулі жан деп айтуға ауыз бармайды. Десе де ол өздігінен жүріп-тұра алмайды. «Омыртқа бұлшықет атрофиясы» диагнозы қойылған.
Үнемі күлімсіреп жүретін ол шаруадан, тірліктен қашпайтынын айтады. Адам баласының жанына жақын, сүйікті ісі болса, сол саланы кәсіпке айналдырған жөн деп есептейді. Ол адам баласының қаласа қамал алатынына сенеді. тағдырпдың сынағына еш налымайтын, артық сөзге емес, атқарылар шаруаға мән беретін ол бастапқы алты айда жалғызбасты аналарды, зейнеткерлерді, жағдайы төмен отбасынан шыққан немесе көпбалалы жанұяның балаларын тоқыма өнеріне тегін үйретеді. Бүгінде бұл ұжым үшін шағын ғана мәселе туындап тұр. Ол – бағасы қолжетімді, жүріп-тұрғанға, кіріп-шыққанға ыңғайлы жалға берілетін ғимарат таппауында. «Көп ғимараттарда мүгедектерге лайықты жағдай жасалмаған. Әрбір мекемеде, дүкенде, әлеуметтік нысандарда, ғимараттарда пандустар болуы шарт», деп мұңын шақты кейіпкеріміз.
Тағы бір айтарлығы, бұл шығармашылық ұжым тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана қолөнерге баулымайды. Кәдімгі дені сау адамдар да тоқыма өнерін игеріп жүр. Үйренушілердің алды шәлі, кардиган, баскиім, шәркей тоқып, бүгінде өз кәсіптерін ашқан.
– Әрбір қыз секілді мен де сау адамға тұрмысқа шығамын, өмірге бала әкелемін деп армандадым. Және алдыма мақсат қойдым. Бүгінде арманым орындалды. 2020 жылы Мансұрхан есімді жігітке тұрмысқа шықтым. «Жолдасы да мүгедектігі бар кісі ме?» деген сұрақ барлығын қызықтырады. Жоқ, ол сау адам. Әрбір адам бақытты болуға лайықты. Мен үнемі аяқ-қолы сау, дені сау адамға тұрмысқа шығамын деп айтатынмын. Олай дейтінім, маған көп көмек қажет. Өздігімнен жүріп-тұра алмағандықтан мені киіндіретін, жуындыратын, тамағымды беретін, жаныма жалау болатын, барынша түсінетін азаматты кездестірдім. Құдайға шүкір, ол мені алақанына салып, үнемі көтеріп жүреді. Еркелетеді, бар жағдайымды жасайды. Бір жылдан соң дүниеге дені сау бала әкелдім. Есімі – Мұхаммад. Ер-азаматым балам екеуміздің бар мұқтаждығымызды жасап отыр. Әрине, ата-анамның да көмегі өте зор, – деді ол.
Он саусағынан өнер тамған Дилафруздың ісіне, «Ажур» шығармашылық орталығына табыс пен береке тілейміз.
Э.Тілеубердіқызы
Келесі мақала