«ДӘСТҮРЛІ АЙТЫСТЫ КӨКТЕМДЕ ӨТКІЗУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫРМЫЗ»
Жыл сайын жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының қолдауымен Жамбылда республикалық ақындар айтысы өтеді. «Еліміздің түкпір-түкпіріндегі үздік айтыс ақындарының басын қосатын жыр додасы биыл өте ме, егер өтсе оның ерекшелігі қандай?» деген сұрақтарды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаевқа қойып көрген едік.
– Ғани Кадирсизұлы, жыл сайын дәстүрлі түрде Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай республикалық айтыс ұйымдастырылатын. Биыл да сол үрдіс жалғасатын шығар?
– Әрине, жыр алыбының есімін иеленген облыс ретінде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысын дәстүрлі түрде ұйымдастыру бүгінде өңір мәдениетінің ерекше қолтаңбасына айналды десек те болады. Төл өнеріміз ретінде айтысқа халықтың да ықыласы бөлек. Жыл сайын республикалық айтысты өткізу уақыты жыр жампозының туған күніне орайластырып, 28 ақпанда ұйымдастырылып жүрді. Ал биыл көктемде өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Биылғы айтыстың ерекшелігі қандай болмақ және кімдер қатысады?
– Айтыстың тәртібі, ережесі көпшілікке мәлім. Ол жағынан ерекшелейтін, жаңартатын айтарлықтай ешнәрсе жоқ. Биыл да әдеттегідей республикалық айтысқа ақындарды іріктеу Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалымен арнайы құрылған комиссия арқылы сараланды.
Қазір ақындар айтысына басқа облыстардан шақырылатын 10 ақынның аты белгілі. Олар: Рүстем Қайыртай (Шығыс Қазақстан облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Нұрмат Мансұр (Қызылорда облысы), Олжас Отар (Астана қаласы), Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Қайнар Алагөзов (Ақтөбе облысы), Шынарбек Қабиев (Атырау облысы), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы), Жархын Жұпархан (Солтүстік Қазақстан облысы). Сондай-ақ Жамбыл облысынан 10 ақынға республикалық додада бақ сынау үшін жолдама берілді. Осы тұста сәл ерекшелік болды. Себебі өңіріміздің айтыскерлері 2022 жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылады. «Асыл домбыра» тележобасында бас жүлдені иеленген ақындарымыз Қанат Мырзахан, Айтбек Тұрсынбаев, Дархан Әбдіманат және республикалық «Жеті қазына» мегажобасында айтыс жанры бойынша бас жүлде иегері атанған Мұхтар Қонарбай, республикалық айтыста мектеп оқушысы болса да өңір намысын жықпай, жүлделі орынға ілініп, жоғары өнерімен танылған Алина Айдаралы іріктеусіз жолдама алды. Қалған 5 жолдама иегері 20 ақын арасынан арнайы құрылған комиссия құрамымен іріктелді. Олар: Есет Досалы, Дидар Апбасов, Асхат Қылышбек, Шапағат Сәбитқызы, Нұржан Манатбек. Іріктеу барысында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының басшысы Ахметжан Өзбеков те болды. Жоғарыда айтылған басқа облыстардан қатысатын ақындарымыздың тізімі жыл сайын ауысып отыратындығы көпшілікке мәлім. Биылғы айтыстың ерекшеліктері деп осыны айтсақ болады.
– Қазылар құрамы бекітілді ме? Жүлде қоры қандай болмақ?
– Қазіргі таңда республикалық ақындар айтысының қазылар алқасының құрамы толықтай белгіленіп, бекітілген. Ол облыс әкімі орынбасарының, басқарма басшысының, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалы төрағасының шешімімен жүзеге асты. Қазылар құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, айтыс ақындары, журналист, жазушы, мәдениет саласының үздіктері бар. Бұл құрамда болу өте үлкен жауапкершілік. Меніңше, айтыс әділ өтуі үшін БАҚ беттерінде қазылар алқасының құрамын жария етпеген абзалырақ. Ал жүлде қорына келер болсақ, 100 000 теңгеден 1 500 000 теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар қарастырылып отыр.
– Жыр алыбының туған күніне орай айтыстан басқа қандай іс-шаралар өтеді?
– Жамбыл Жабаевтың туған күнінде ғана емес, жыл бойы іс-шаралар легі жалғасын таба бермек. Меніңше, қай тұлғаның болмасын есімін ардақтап, шығармашылығын насихаттауда іс-шаралардың үлкен немесе кішісі болмайды. Биылғы жылы қала және аудандық мәдениет үйлерінде түрлі байқаулар өткізу жоспарда бар. Атап айтсақ, Жамбыл ауданында өзге ұлт өкілдері арасында «Жамбыл оқулары», Мойынқұм ауданында «Жамбыл оқулары» аудандық фестивалі, Байзақ, Қордай аудандарында ақындар айтысы және тағы да басқа іс-шаралар өтеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Айжан ӨЗБЕКОВА