Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Дос-Мұқасан» ансамблі Таразда

«Дос-Мұқасан» ансамблі Таразда
ашық дереккөз
«Дос-Мұқасан» ансамблі Таразда
Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Мұрат Құсайыновтың 75 жас мерейтойына және «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдығына арналған концерт өтті. Мерекелік шараға әнсүйер қауым тегіс жиналды. Концертке облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты. Көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлаған ән кешінде аты аңызға айналған топтың «Сен сұлу», «Куә бол», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Той жыры», «Жігіттер жыры» секілді өміршең әндері орындалды. Қазақтың әншілік өнері тарихында тұңғыш рет рок жанрында топ құрып, қайталанбас дауыстарымен талайды тамсандырған «Дос-Мұқасанның» тарихы тереңде жатыр. – Ансамбль құрылмаған кезде біз студент едік. Ауылдан келген төрт жігіт бір жатақханада тұрдық. Сол жылдары шетелдік «Битлз» ансамблінің дүркіреп тұрған кезі еді. Соларға қызығудан және өнерге құштарлығымыздан «Дос-Мұқасан» ансамблін құрдық. 29 жасымнан осы ансамбльді басқарып келемін. Жас кезімізде алты ай бойы Америкада 180 концерт бергеніміз әлі есімде, – деді топ жетекшісі Мұрат Құсайынов. Елу бес жылдың ішінде ансамбльдің құрамы да өзгеріп, жаңа адамдармен толығып отырды. Ұжымда барлығы 30 музыкант өнер көрсеткен. Ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген ансамбльдің репертуарында 300-ден астам ән бар. Ретро әндерден шашу шашқан концертті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтау сөзбен қорытындылады. – Қазақ өнерінде ойып тұрып орын алған, сонау 1967 жылы негізі қаланып, эстрадалық жанрда әлі күнге дейін сахна төрінде өнерін паш етіп жүрген «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдығы құтты болсын! Ал осы ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі Мұрат ағаны да 75 жас мерейтойымен құттықтаймын! Кенен Әзірбаевтай әнші-жыршыны дүниеге әкелген қасиетті Қордай ауданының тумасы, жерлесіміз ретінде сізді мақтан тұтамыз. Сіздің қазақ өнеріне сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Жарты ғасырдан астам уақыт қазақ даласын әуезді әнмен тербеген «Дос-Мұқасан» ансамблін білмейтін адам кемде-кем. Өзіміз бала кезімізден тыңдап өскен «Той жыры» әні сол кездердегі үйлену тойларының «гимніне» айналды десем, артық айтқандық емес. Ансамбльдің репертуарындағы өз шығармаларынан бөлек, қазақтың халық әндері де тыңдарман қауымды әдемі әсерге бөлеп, әсем әуенмен тербеп келеді. Алдағы уақытта да шығармашылық жолдарыңызға толағай табыс, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – дей келе, Нұржан Нұржігітов мерейтой иесіне сый-сияпат жасады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар