«СЕНІМ МАРШРУТЫ» – ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Облыстық прокуратура өткен жылы «Сенім маршруты» іс-шарасын қолға алғаны есте. Ондағы басты мақсат – ірі кәсіпорын жұмысшыларымен бетпе-бет жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдау, жұмысшы құқығын қорғап, қандай да бір туындаған мәселенің оң шешімін табуын назарға алу.
«Сенім маршруты» биыл өз жұмысын Тараз қаласындағы екі ірі кәсіпорыннан бастады. Оның бірі – «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
Ұжым мүшелерімен кездесуге облыстық басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері де қатысты.
Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу барысында облыс пракуроры Нұрғалым Әбдіров аталған жоба жайлы айтып өтті.
– Облыстық прокуратура мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып, былтыр сәуір айынан бері «Сенім маршрутын» жүзеге асырып келеді. Азаматтардың құқығын қорғап, халық арасында кездесетін негізгі проблемаларды анықтау, оның шешімін табу мақсат етілген жұмыс нәтижесіз емес. Соның арқасында қоғамда түйіні тарқатылмай жүрген мәселелер мен заңбұзушылықтар бойынша түпкілікті шешім қабылдау, қылмыстың алдын алу, құқықбұзушылықты жою бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткіздік, – деді Н.Әбдіров.
«Сенім маршруты» жүзеге асқалы қанша заңсыздықтың жолы кесіліп, қанша қылмыстың алды алынғаны сөз болған жиында Нұрғалым Мәжитұлы «Жамбыл су» мекемесінде құқығы тапталған, өз міндетін атқаруда кедергіге немесе заңсыздыққа тап болған азаматтар болса, уәжін тыңдауға дайын екенін, кездесуден кейін өз орынбасары мен Тараз қаласының прокуроры азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдайтынын айтты.
– «Сенім маршруты» іс-шарасын өткізуде облыс тұрғындарымен, оның ішінде ірі кәсіпорын жұмысшыларымен, бизнес өкілдерімен кездесіп, олардың проблемалық мәселелерін анықтау және шешуді назарға алдық. Өткен жылы осы жобамен облыстың барлық аудандарына барып, әр өңірге тән жүйелі мәселелерді бекітіп, бүгінде бірқатарының оң шешілуіне қол жеткіздік.
Прокурорлық қадағалаудың еңбек құқықтарын қорғау бағыты бойынша прокуратура органдары бірқатар жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, прокурорлық қадағалау шаралары бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы 48 ұсыныс енгізілді, 2021-2022 жылдар аралығында азаматтардың 78 341 еңбек құқығы қорғалды. Сонымен қатар 9 342 қызметкерге қатысты 570 миллион теңгеден астам сомаға жалақы бойынша мерзімі өткен берешек төленді. Сондай-ақ 4 500 қызметкердің мүдделерін қорғайтын 4 ұжымдық еңбек шарты заңға сәйкестендірілді.
Жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерді оқыту, міндетті нұсқау беру, медициналық тексеру бойынша шараларды жеткіліксіз атқарғанына да көз жеткіздік. Өртке қарсы, өнеркәсіптік және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 100-ден астам заңбұзушылық орын алғаны белгілі болды. Бұзушылықтың барлық фактілері бойынша жұмыс берушілер әртүрлі жауапкершілікке тартылып, 5 миллион теңгеден астам сомада айыппұл салынды, – деді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.
Сондай-ақ кездесуде облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Сейдалиев жұмысшылардың құқығын қорғауда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Өткен жылы облыс ұйымдары мен кәсіпорындарда жоспардан тыс 147 тексерулер мен 18 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 223 заңбұзушылық анықталды. Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 84 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 14 ескерту және 26 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылды. 7,1 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толық өндірілді. Нәтижесінде 219 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылды. Одан бөлек былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесе 14 кәсіпорында 852 миллион теңгенің жалақы қарыздарын анықтап, 3 430 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалып, оларға жалақылары толығымен төленді. Сонымен қатар өткен жылы облыстағы 1 652 кәсіпорын 47 538 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 32,9 пайызға көтеріп отыр.
Облыстағы ең ірі кәсіпорынның бірі «Қазфосфат» серіктестігі биыл қызметкерлерінің жалақысын 50 мың теңгеге көтерді. Облыстық прокуратураның талабына сәйкес облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасымен аталған серіктестіктің филиалдарына еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде серіктестік бойынша 26 заңбұзушылық анықталып, заңды тұлғаларға 9 ескерту беріліп, олар 398 190 теңге көлеміндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы «Қазфосфат» серіктестігіне қатысты 5 жазатайым оқиға орын алып, 10 адам зардап шекті, оның ішінде 5 адам қаза тапты. Жүргізілген талдау бойынша, қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты болған 4 жазатайым оқиға жұмыс берушінің кінәсінен, 1 жазатайым оқиға жұмыскердің кінәсінен орын алған. «Қазфосфат» компаниясының филиалдарында жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы енгізілген. Сондай-ақ жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша шаралар өткізілуде. Еңбек инспекциясы басқармасымен еңбек қатынастары мәселелері тұрақты бақылауда, – деді Нүркен Мұратұлы.
Кездесу соңында жұмысшылар қойған сауалдарға тиісті жауаптар берілді.
Қамар ҚАРАСАЕВА, журналист
Келесі мақала