АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ АДЫМДАП АЛҒА БАСУДА
Бүгінде мемлекет тарапынан ауылшаруашылық саласына ауқымды қолдау көрсетілуде. Қолдау көлемі жыл санап артпаса, кеміген емес. Салаға серпін беру мақсатында қолға алынған баянды бағдарламалар, жарқын жобалар мерейлі Меркі ауданында тиімді жүзеге асырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. – Есепті кезеңде өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі 37 миллиард 301,3 миллион теңгеге жетті. Ал малшаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнім көлемі 18 миллиард 393,9 миллион теңгені құрады. Ауданда ауылшаруашылық мақсатындағы егістік жердің де алқабы жыл сайын артуда. 2022 жылы 51156,6 гектарға дәнді масақты дақылдар егіліп, 92 мың 593 тонна астық жиналды. Сонымен қатар 24 989 тонна картоп, 64605,6 тонна көкөніс, 7 216 тонна бақша, 4 704 тонна мақсары жиналып, мал қыстатуға 178 744 тонна шөп, 48 412 тонна сабан дайындалды. 1 780 гектар қант қызылшасы қазылып, 66 773 тонна өнім алынды. Сондай-ақ ауданда малдың саны өткен жылмен салыстырғанда біршама өсіп, мүйізді ірі қара 3 мың 12 басқа, қой-ешкі 9 мың 227 басқа, жылқы 1 мың 852 басқа, құс 2 638-ге жетті. Мал басы өскен сайын өндірілген өнім көлемі де бірнеше есеге артты. Атап өтер болсақ, 31,3 мың тонна сүт, 12,36 мың тонна ет, 2,5 миллион жұмыртқа өндірілді, – деген Жорабек Нұрмергенұлы ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің кедергісіз жұмыс істеп, табыс тайқазанын тасытуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын айтты. Аудан әкімінің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, өткен жылдың өзінде 528,9 миллион теңгеге 130 техника сатып алынып, ауылшаруашылық техникаларының жаңаруы 11 пайызды құраған. Ал 2023 жылы 1 046 мың теңгеге 176 техника сатып алынбақ. Жорабек Баубеков биыл ауылшаруашылық саласында бірқатар жобаны жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Атап өтер болсақ, тамшылатып суару технологиясын енгізу, жылыжай шаруашылығын және балық шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше жоба қолға алынбақ.КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫН АЛДЫ
Жерінің орналасқан аумағының ерекшелігінен болса керек, Меркі ауданында негізі шағын және орта кәсіпкерлік кең қанат жайған. Табиғаты туристерді де, инвесторларды да тартып тұрады. Екіншіден, шекаралас аймақ. Әсіресе меркіліктер мал және егін шаруашылығына бейім. Әр үй өз шарбағына бақша өнімдерін егіп, артылғанын сатып, қысқы азығын да қамдап алады. Ал кәсіпкерлікте қызмет көрсету саласы басым. Аудан әкімінің берген ақпаратына сүйенсек, бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған 6 094 шағын және орта бизнес субъектілерінде 9 610 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2021 жылмен салыстырғанда өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 1 559-ға, жұмысшылар саны – 1 734 адамға ұлғайыпты. 2023 жылы да бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырып, тұрғындарды жұмыспен қамту көзделуде. 2023 жылы «Бахор» шаруа қожалығының «Тауарлы сүт фермасы» жобасы іске асырылады деп күтілуде. Бұдан бөлек «Мерагро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тәтті ауылдық округінің Ақжол ауылынан индустриалдық алаң ашуды қарастыруда. Жобалық құны 1 миллиард теңгені құрайтын индустриалдық алаңның аумағында 3 жоба (құрама жем зауыты, тауарлы сүт фермасы және балық зауыты) орналастырылады. Қазіргі таңда аталған кәсіпорынға 10 гектар жер беріліп, мемлекеттік актісі дайындалу үстінде. Жоба 2023-2027 жылдар аралығында іске асырылады. Жоба іске қосылған кезде 450 адам жұмыспен қамтылады. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында аудан бойынша жалпы 1 миллиард 487 миллион теңгені құрайтын 245 жобаға қолдау көрсетілген. Кәсіпкерліктің кең қанат жая бастағаны жергілікті билік үшін де, халық үшін де тиімді екенін айта кеткен жөн. Өз ісін ашып, тірлігін дөңгелеткен азаматтардың өңір экономикасын тұрақтандыруға қосар үлесі мол. Себебі өнім өндіру ішкі нарықтағы бағаның шексіз өсімін төмендетеді. Сондай-ақ табыс көлемі артады. Маусымдық кезеңдерде ауыл тұрғындарына уақытша жұмыс орны ашылады.
ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Инфрақұрылымды дамыту да аудан әкімдігінің басты назарында. Әсіресе тұрғындардың сұранысына сай әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілген. Мұнан бөлек газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету бойынша да көптеген жұмыс атқарылған. Өткен жылы ауданда 10167,6 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылып, нақты көлем индексі 113,1 пайызды құрапты. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 44,7 мың шаршы метрге жетіп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға артыпты. Былтыр ауданда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 344 гектар тұрғын алқаптың инженерлік инфрақұрылымын жүргізу жоспарға енгізілген. Жыл қорытындысы бойынша 263 гектар тұрғын алқапқа инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілген. – Тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтудан бөлек, ауызсумен қамту, газдандыру сынды мәселелерді шешу де күн тәртібінде тұр. Өткен жылы жоспар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды. Биылғы жылдың да жоспары ауқымды. Бүгінде аудандағы 45 елді мекеннің 41-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 2022 жылы Арал қыстақ ауылындағы ауызсу жүйесі 46,6 миллион теңгеге жөнделді. Сонымен қатар биыл Андас батыр ауылының ауызсу жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен 886,1 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудандағы 40 елдімекенге газ магистраль құбыры тартылған. 2022 жылы елді мекендерді табиғи газбен қамту мақсатында Қарасу ауылына облыстық бюджеттен 157 миллион теңге қарастырылып, 50 миллион теңгесі 2022 жылға, ал қалған 107 миллион теңгесі 2023 жылға өтпелі. Ақкөз Қайнар ауылына 31,9 миллион теңге және Беларық ауылына ішкі газ құбырын тартуға 70 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды және табиғи газбен қамтылды, – дейді Ж.Баубеков. Сондай-ақ Жорабек Нұрмергенұлы әлеуметтік салада да оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтіп, тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті өркендету, білім, денсаулық, спорт салаларын дамыту бойынша қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғаса беретінін тілге тиек етті. Жалпы өткен жылы 6 930 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жоспар 156 пайызға орындалыпты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 253 адамға 309,9 миллион теңге қайтарымсыз грант беріліпті. Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджеттен жастар тәжірибесін ұйымдастыруға 68,1 миллион теңге, әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға 29,1 миллион теңге бөлініп, әлеуметтік жұмыс орындарына 100, жастар тәжірибесіне 132 адам жіберілген. Ал қоғамдық ақылы жұмыстарды ұйымдастыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 524,2 миллион теңге бөлініп, жыл басынан бері қоғамдық ақылы жұмысқа 728 адам жұмысқа жолданған. Аудан бойынша халықтың әлеуметтік қорғалмаған, тұрмысы төмен санаттарының табыс көзін арттырып, аймақта кедейшілік деңгейін төмендету мақсатында биыл 735,8 миллион теңге қарастырылған. Жалпы ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстар ауқымды. Қай саланы алып қарамайық, бұрнағы жылдармен салыстырғанда көш ілгерілеушілік бар. Алда орындалуы тиісті міндеттер де көп. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру мақсатында жоспарланған жобалар шеңберінде жұмыс жалғаса бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында тұтас елдің дамуы өңірлердің дамуынан басталатынын атап өтті. Бұл елдің, өңірдің әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық саяси дамуының барлық салаларын қамтиды. Бұған жоғарыда біз мысал еткен Меркі ауданындағы көрсеткіштер анық дәлел бола алады. Стратегиялық құжат туындатқан міндеттер аясында аймақ дамуы тың серпін аларына күмән жоқ.Талғат НҰРХАНОВ