"ТАРАЗ" ТАҒЫ ДА ҰПАЙ ЖОҒАЛТТЫ
Көз тиді ме, сөз тиді ме, «Тараз» футбол клубы соңғы турларда білгенінен жаңылып, қатарынан үш ойында жеңіліс тауып, 9 ұпай жоғалтты. Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 18-тур ойындары аясында қарағандылық «Шахтерға» есе жіберсе, келесі турда өз алаңымызда «Ақсудан» айласын асыра алмады. Ал 14 қыркүйек күні «Ақтөбеге» қарсы ойнап, тағы да жеңілістің ащы дәмін татты.
Жалпы, биыл «Ақтөбе» клубының айы оңынан туып тұр. Жиырма турдың қорытындысы бойынша еліміздің бес дүркін чемпионы 42 ұпаймен көш бастап тұр. Сондықтан сырт алаңдағы ойынның оңай болмасы әу бастан-ақ белгілі болды.
Ақтөбедегі орталық стадионда өткен ойынның алғашқы минуттары тең дәрежеде басталғанымен, уақыт өте келе алаң иелері басымдықты қолдарына ала бастады. «Ақтөбе» шабуылшылары Жерар Гоу мен Эрнест Антви қақпашы Денис Кавлиновты әбден састырды. Үсті-үстіне қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, есеп ашатын тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Абырой болғанда қорғаушыларымыз сәтті қорғанып, қауіптің бетін қайтарды.
Жата-жастана қорғанып, шабуылды мүлдем ұмытқан «Тараз» ойыншылары бірінші тайм ортасынан ауа ес жиғандай болды. Бірақ еш әрекеті нәтиже берген жоқ. Бірінші таймның соңғы минуттарында «Ақтөбе» футболшылары қақпамыздың алдын торуылдап, үзіліске дейін гол соғуға ұмтылғанымен, дүркін-дүркін шабуылы өз жемісін бермеді.
Бірінші таймның статистикасына сүйенсек, допқа иелік ету бойынша «Ақтөбе» футболшылары алда болды – 62 пайыз. Сонымен қатар қарсылас команда шабуылшылары қақпамызға бес мәрте соққы жасады. Ал Нұркен Мәзбаев шәкірттері алғашқы 45 минутта допты өздерінде 38 пайыз ұстап, қарсыластарының қақпасына бірде-бір соққы жасай алмады.
Кездесудің екінші бөлігін де алаң иелері белсенді бастады. Нұркен Мәзбаев жаттықтыратын «Тараз» ойыншылары қорғанысқа мән беріп, тек қарсы шабуылға иек артуға мәжбүр болды. Ақтөбелік жартылай қорғаушылар Бауыржан Байтана мен Руслан Камболов қос қапталдан алма-кезек шабуыл ұйымдастырғанымен, Денис Кавлиновтың осал тұсын таба алмады. Қорғаушылар да сауатты ойнай білді.
Қорғана жүріп ара-тұра қарымта шабуылға иек артқан «Тараз» ойыншыларының да есеп ашатын мүмкіндіктері болды. Өкінішке қарай шабуылшылар ұрымтал сәттерді ұтымды пайдалана алмады. Енді бірде «Ақтөбе» қақпашысы Стас Покатилов қырағылық танытты.
Матчтың 73 минутында Жерар Гоуды алмастырған «ақтөбелік» шабуылшы Сердер Сердеров қақпа алдындағы қарбалас шақта «Тараз» ойыншыларының қателігін сәтті пайдаланып, допты торда тулатты.
Кездесудің соңына дейін 1:0 есебі сақталып қалды.
Кезекті үш ұпайды жоғалтып, 25 ұпаймен сегізінші орынға жайғасқан «Тараз» енді 1 қазан күні өз алаңымызда «Мақтарал» командасын қабылдайды.
Чемпионат аяқталуға таяғанын ескерсек, «Таразға» енді ұпай жоғалтуға болмайды. Әйтпесе турнир кестесіндегі жағдайы қиындап, жылдағы тұрақты орнына жайғасуы әбден мүмкін.
Келесі мақала