Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АДАМБАЕВ МЕКТЕБІ АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРДІ

АДАМБАЕВ МЕКТЕБІ АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРДІ
ашық дереккөз
АДАМБАЕВ МЕКТЕБІ АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРДІ
Білім саласын тұрақты дамыту қоры жайлы біреу білсе, біреу білмес. Шынымызды айтсақ, қор туралы біз де жуырда ғана естідік. Естіп қана қоймай, серіктестерімен бірлесе атқарып жатқан жұмысын көріп тәнті болып қайттық. Ендеше бәрін басынан бастайық. Әу баста белгілі кәсіпкер, «Aitas» холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев туған жері – Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқушылардың сапалы білім алуына жол ашу мақсатында білім беру саласын тұрақтандыру қорын құрады. Алға айқын мақсат қойып, іске кіріскен кәсіпкер «Aitas» холдингі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен бірлесіп, 2019 жылы Шығыс Қазақстан және Ақмола облысында пилоттық режимде 5 мектептің материалдық базасын жаңғыртады. Аз ғана уақытта қор жұмысының нәтижелілігі байқалып, жобаны респбулика деңгейінде масштабтау мақсатында 2022 жылы «Қазақстан халқына» қорымен келісімшартқа отырады. Осылайша «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы бастау алады. Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба бүгінге дейін 17 облыстағы 17 мектепті, 13 мың оқушы, 1 500 ұстазды қамтыған. – Жасыратыны жоқ, мектептер мен мұғалімдердің деңгейі ауыл мен қалада әртүрлі. Ал Қазақстан халқының басым бөлігі ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауыл оқушылары қала балалары сияқты түрлі мүмкіндікке ие болуы керек. Бүгінде біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз. Өйткені онсыз ауыл білімін көтеру тіптен мүмкін емес. Біздің алға қойған мақсатымыз – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою. Жалпы жобаның 7 бағыты болса, біз 2 бағытқа айрықша басымдық береміз. Бірінші бағыт – ұстаздардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасуына жол ашу. Екінші бағыты – мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту. Кем дегенде аталған 2 бағытты іске асыра алсақ, білім ұясы нағыз тірек мектебіне айналады. Егер аймақта 1 мықты тірек мектебі болса, жақын маңдағы ауылдық шағын жинақты мектептер үшін, ондағы мұғалім­дер мен оқушы­лар үшін тәжірибе­мен және әдіс-дағдымен бөлісетін құзыретті орталыққа айнала алады, – дейді білім саласын тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев. Ал «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Алтынбекқызының айтуынша, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы қордың негізгі 20 жобасының бірі ғана. Ләззат Алтынбекқызы жоба аясында бүгінге дейін еліміздің әр өңірінен 17 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылғанын, биыл 53 мектепті қамту жоспарланып отырғанын айтты. Келесі жылы 123 мектептің материалдық-техникалық базасы жабдықталады деп жоспарлануда. Сонда жобамен Қазақстандағы 166 аудан, 27 моно қала толық қамтылады. – Жобаны Қазақстанның барлық аймақтарына тарату үшін білім саласын тұрақты дамыту қоры «Қазақстан халқына» қорына өтінім берген болатын. Сараптамалық комиссия өтінішті қарап, тәжірибені зерделеп, жобаны қабылдады. «Қазақстан халқына» қоры 17 ауыл мектебін дамытуға 4,25 миллиард теңге бөлді. Алдағы уақытта Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда, еліміздің әр өңірінде орналасқан ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту жоспарлануда. Жоба бірнеше кезеңде жүзеге асырылуда. Біріншісі – мектепті бірнеше параметрлер бойынша талдау (ғимараттар мен оқу кабинеттерінің, қалған материалдық базасының жағдайынан бастап, оқыту сапасы мен оқушылардың бағасына дейін). Мектептің материалдық-техникалық базасы оқушылардың жан-жақты білім алуына мүмкіндік беруі үшін «Қазақстан халқына» қорының қаражаты жұмсалады. Әр мектепке 250 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Айта кетейік, қаржы оқу орнына емес, тікелей жеткізуші­лерге бағытталады. Жобаға қатысушы әрбір мектеп білім берудің барлық пәндері мен бағыттары бойынша жаңа заманауи модификациядағы кабинеттермен қамтылады. Атап өтер болсақ, мектепке дейінгі дайындық, робототехника, мультимедиялық, физика, химия, шеберхана және зертхана кабинеттері болады. Жобаның екінші кезеңі – мұғалімдердің біліктілігін арттыруға Назарбаев зияткерлік мектептері педагогтардың оқу-тәрбие процесі мен кәсіби деңгейін көтеруге жауапты. Жобаның бас серіктестерінің бірі – «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ ауылдық мектепке тегін әдістемелік қолдау көрсетіп, мұғалімдердің біліктілігін арттырады. Сондай-ақ педагогтарды оқыту және кабинеттерді жабдықтау кезінде НЗМ тәжірибесі мен ұсыныстары пайдаланылды. Бір сөзбен айтқанда, жоба аясында қайта жабдықталған тірек мектептер Назарбаев зияткерлік мектебінің аймақтардағы «филиалы» десек те болады, – дейді Ләззат Алтынбекқызы. Білім саласындағы жарқын жобаның шарапатын жамбылдықтар да сезіне бастады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 250 миллион теңгеге Саудакент ауылындағы Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңғыртылды. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасының таныстырылымына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев, «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, білім саласын тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев және мектеп ұстаздары мен ата-аналар қатысты. Жоба аясында мектептің 35 оқу кабинеті, STEM лаборатория, логопед, арт-студия, шеберхана және коворкинг аймағы бар кітапхана заман талабына сай жабдықталған. Қажетті жиһаз бен жабдықтар жиынтығы, оқытудың техникалық құралдары, құрал-саймандар мен керек-жарақтар, сәндік-көркем бұйымдар, баспа құралдары сатып алынған. Бір сөзбен айтқанда, оқу процесіне қажеттінің бәрі қамтылған. Тіпті арнайы телестудия да жасақталған. Бұл мұғалімдерге өздерінің және мектептің тәжірибесін басқа мектептерге таратуға, цифрлық технологиялар саласындағы біліктілікті шыңдауға, оқушылардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Мобилограф, блогер болғысы келетін жас өрендер қазірдің өзінде телестудияны үйірсектеп жүрген көрінеді. Мүлдем жаңа кейіпке енген білім ошағын аралап көрген көпшілік игі істі атқарған жауаптыларға алғыстарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі. Мәселен, өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы халықаралық тәжірибе көрсеткендей, білімге салған инвестиция қоғам мен экономика үшін айтарлықтай табысты болатынын атап өтті. Ал Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің директоры Фарида Тұрсынбекова білім ұясының заманауи үлгіде қайта жабдықталуы үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. – Қазіргі таңда мектебімізде тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, өңірдегі үздіктердің қатарынан табылу үшін барлық жағдай жасалған деп айта аламын. Жобаның арқасында біздің оқушыларымыз заманауи зертханаларда жаратылыстану ғылымдарын зерделеуге, жабдықталған шеберханаларда жаңа технологияларды талдауға, кәсіби телестудияда әлеуметтік роликтер түсіруге және тағы да басқа мол мүмкіндіктерге ие болды. Сондықтан жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, – дейді Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің директоры Фарида Тұрсынбекова. Айта кету керек, мектептің жабдықталуымен іс бітпейді. Алдағы уақытта Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі тірек мектеп мұғалімдерін ғылыми-әдістемелік және сараптамалық тұрғыда сүйемелдейтін болады. Сондай-ақ жоба әрмен қарай жемісті жүзеге асуы үшін үш жыл бойы мектептің тыныс-тіршілігіне, оқу процесіне қор тарапынан тұрақты бақылау жасалып отырады. Осы орайда Данияр Тоқтарбаев ғимараттың іші-сыртын сәндеп, жарқыратып қойғанымен, оның ішкі мазмұны, білім сапасы сәйкес болмаса, еңбектің еш кететітін айтады. Бүгінгі таңда 926 оқушы білім алатын Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің оқушылары білім саласына инвестиция салып, кемел келешек үшін қам жасап жүрген демеушілердің еңбегін еш кетірмей, еліміздің бір кетігіне кірпіш болып қаланатын саналы ұрпақ болып өсеріне үміттіміз.

Талғат НҰРХАНОВ, Сарысу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар