Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Хамукат-Қостөбе қаласының тарихы

Хамукат-Қостөбе қаласының тарихы
ашық дереккөз
Хамукат-Қостөбе қаласының тарихы
Шығыс Еуропадан сонау Қиыр Шығысқа дейінгі, оңтүстік-шығыста Ұлы Қытай қорғаны мен оңтүстікте Үндістан, Ауғанстан, Иран шекараларына дейінгі, батыста Кавказ таулы қыраттары мен Каспий, Жерорта теңіздеріне дейінгі ұлы даланы жайлаған әрі билеген, ұлы кеңістіктің иелері болған бабаларымыз түркілердің Еуразия даласында қалған ат тұяғының іздері мен абырой-атақтарына әлем халықтарының бәрі бас иетіні қазіргі таңда мойындалған құбылыс. Бұл – біздің бабаларымыздың ғаламдық тарих толқынында өз орнын мәңгілік айқындағанының белгісі. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларда осы жағдайлардың барлығы да тегіннен-тегін айтылмағаны заңдылық. Осылайша әлемдік тарих толқынында өзіндік із қалдырған түркі халқының тарихы баға жетпес құндылықтарға толы. Еуразия даласында ат тұяғының ізі қалып, шығыс пен батысты, түстік пен күнгейді өз дәргейіне көндіріп, мәдениеті мен өркениетін ұлы далада кеңінен жайғанын ешкім ешқашан ұмытпақ емес. Алғашқы Түрік қағанатынан бастап әлемге түркі деген атпен танылған ұлттардың ұлағатты істері мен саяси қолтаңбалары көптеген ұлыс пен тайпалардың тарихында сайрап жатыр. Түркінің әрбір тайпасы мен ұлысы өз алдына жеке қағанат құрып, дербес мемлекет дәрежесінде дамып отырды. Жай ғана мемлекет пен көшпенді халық болған жоқ, дүниежүзілік мәдениет пен өркениеттің өркендеуіне қолғабыс жасап, ірі-ірі қалалар мен қалашықтар, керуен сарайлар мен сауда жолдарының бойында бекеттер тұрғызып, ғылым мен білімнің дамуына да өз үлестерін қоса білді. Осындай дамудың арқасында бабаларымыз тұрғызған ортағасырлық Құлан, Меркі, Тараз, Баласағұн, Аспара, Атлах, Барысхан, Отырар, Жент, Яссы, Шымкент сияқты қаншама қалалар бар. Және де осы аталған қалалардан М.Қашқари, Ж.Баласағұни, Әл-Фараби, Ат-Түркістани және де көптеген Әл-Таразилер секілді қаншама ғұлама ғалымдарымыз шықты десейші. Олардың барлығы да артында қаншама ғылыми еңбектер қалдырды. Міне, мұның барлығы да бабаларымыздың ғылыми-философиялық тұрғыда, саяси және экономикалық дамуда көзі ашық, сауатты болғанын көрсетеді. Иә, бәрін айт та бірін айт, ең бастысы әлем мәдениетінде ойып тұрып орын алған түркілік мәдениетті қалыптастырып кетті. Біз бұл үшін мақтануға бармыз. Осындайда Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзі еріксіз ойыңа орала береді. Әр ұлттың өз жолы, қолтаңбасы, даму стратегиясы мен салт-дәстүрлік бағыты бар. Оны тек сол ұлттың ұрпағы ұғынып, ғалымы зерттей алады. Осылайша ата-баба ізімен жүре келе, біз де бүгін сол бабалардың ерен еңбегі арқасында жанданып, өсіп-өркендеген, әлі күнге дейін алыстан орны қасқайып көрініп тұрған ерекше қалаларымыздың бірі Хамукат жайлы әңгімелемекпіз. Қала өзінің ортағасырдағы алар орны мен тарихи-мәдени өркениетінің биік дәрежеде дамығанының нәтижесінде 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл қала жөнінде де көптеген ғалымдардың өзіндік пікірлері бар. Ғалымдарымыздың әрбір тарихи нысанды зерттей бастағанда сүйенері, ол – көне жазба деректер көзі. Ортағасырлық шығыстың жазба деректерінің көбісі өз еңбектерінде түркі халқының дамуы мен олардың тұрмыс-тіршілігін, жауынгерлігін, мәдениеті мен өркениетін, түркілер салған қалалардың орналасуы мен арақашықтығын түп-түгел қалдырмай жазып отырған. Себебі сол дәуірдегі Еуразия құрлығын жаулап алушылар мен Ұлы далада ойран салған тек түркілер ғана болатын. Яғни шығыстың қандай патшалығы болмасын түркілермен санасуға және олармен тыныштық қарым-қатынаста өмір сүруге мәжбүр еді. Осындай ерлігі үшін көптеген өзге елдің жиһангездері түркі халықтарының мекеніне саяхат жасап, көрген-білгенін қағазға түсіріп, өзінің патшасына жеткізіп отырған-ды. Солардың еңбектерін оқып отырсаңыз, түркі даласында қаншама қалалық мәдени ошақтардың болғанына көз жеткізесіз. Міне, осы саяхатшылардың еңбектерінде біз сөз еткелі отырған Хамукат қаласы да айтылады. Әсіресе Мұхамед Наршахидың Х ғасырда жазылған «Бұқар тарихы» атты еңбегінде қаланың пайда болуының негізі әдемілеп түсіндіріліп жеткізілген. Осы аталған еңбекте Наршахи Бұқар қаласының пайда болуымен бірге ондағы жергілікті халықтың осы маңға қайдан келгенін тәптіштеп жазады. Мұның біз үшін маңызы зор. Себебі сол дәуірдегі Бұқар қаласы мен оның аймағын соғдылар емес, түркілер жайлағанын дәлелдейді. Яғни Түркістан өңірінен келген бабаларымыз Бұқар аймағын дамытып, өздерінің жеке әмірін сайлап алады. Дәл осы кезеңде Еуразия даласында Түркі қағанаты дәурен құрып тұрған шақ болатын. Сондықтан әмір ретінде тек түркі қағандарының ұрпақтары ғана сайланатын-ды. Ал Абырой да Түрік қағаны Бумынның ұлы Мұқан қағанның күңнен туған баласы болатын. Абыройдың бұл аймақты қалай билегені туралы «Бұқар тарихында» нақты айтылған. Абырой қаған өзін билікке көтерген Бұқар халқының адами парасатын түсінбей, оларды қаталдықпен басқарды. Тіптен оның қатыгездігі шектен шыққаны соншалық, халық одан мезі болып, жан-жаққа қаша бастады. Елге керегі тыныштық пен бейбітшілік қой. Өз қағандарынан шаршаған ел өз жағдайларына қамқор болатын адамды іздеп Батыс Түрік қағаны Қара Шырын Түрікке арыз ретінде шағымданып, өздерін құтқаруды, оны тәубесіне келтіруді сұрайды. Қара Шырын Түрік қаған мұны жедел қабылдап, Абыройды тәубесіне келтіру үшін өзінің ұлы Шырын Арслан қағанды жібереді. Ол Абыройды ұстап, оны қызыл ара толы қаптың ішіне отырғызып қойып азаппен өлтіреді. Міне, Хамукат қаласы осылайша Бұқар жерінен, яғни Абырой әміршіден қашып келген тегі түркілік бай-көпестердің қолымен тұрғызылады. Осы жерде айта кететін бір жағдай, қазіргі ғалымдарымыздың көбісі қаланы ортаазиялық соғдылықтар соқты дейтін тұжырымы. Екі өзен арасында Соғдиана болғаны шындық. Бірақ дәл мына дереккөзден ұғатынымыз – Бұқар қаласын да, Хамукат қалашығын да жайнатып гүлдендірген түркілер екендігі. Ал мен мына тарихи еңбекті оқып отырып, Бұқар аймағын Түркістаннан барған түркілер билегенін және мекен еткенін, ол жерді өркендетіп, мәдениетін көтергенін байқап тұрмын. Ешқандай соғдылықтарды кездестіре алмадым. Әрі Хамукат қаласын да тұрғызған сол Түркістаннан барған түріктер екені айдан анық баяндалып тұр емес пе? Яғни Хамукат қаласы нағыз түркі жұртының ордалы қаласы болғанын бұдан артық дәлелдеудің де қажеті жоқ. Себебі барлық дерек нақты айтылып тұр әрі өзге емес, өзіміздің түркі жұртының баласы болғаны да қуантарлық. Солайша көркейген Хамукат қаласын зерттеу алғашқы орыс империясының келуінен басталды. Хамукат қаласы Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылының жанында орналасқан. Сол себепті қаланы бүгінде Хамукат-Қостөбе деп те атайды. Алғаш бұл қаланы 1895-1897 жылдары Түркістан губерниясында құрылған «Түркістан әуесқойларының археологиялық үйірмесі» атты үйірменің мүшелері Каллаур, Панков, Бартольд сияқты тарихшылар зерттеп өткен. Әрине, олардың зерттеуі толыққанды болған жоқ, дегенмен олар қалдырған ғылыми деректер де біз үшін өте құнды. Одан кейін 1938 жылы аталған қалашықты КСРО Ғылым академиясының қазақстандық бөлімшесі зерттеді. Бұл бөлімшенің басшысы, танымал археолог ғалым А.Н.Бернштам еді. Оның зерттеу жұмыстары біршама тереңірек болып, қаланың тарихы мен одан табылған жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізерлік дәрежеге жетті. Бернштамның қазба жұмыстарының нәтижесінде қалажұртты 6-12 ғасырларға жатқызуға мүмкіндік беретін көптеген қыштар, құмыралар, ортағасырлық тиындар табылды. Бұл Хамукатты зерттеудің соңы емес еді. Бұдан соң қалажұрттағы қазба жұмыстарын тарихшы, археолог Карл Байпақов бастаған ғалымдар жалғастырды. 2000 жылы тағы да К.Байпақовтың басшылығымен толық зерттелді. Осы зерттеудің нәтижесінде және К.Байпақовтың тұжырымы бойынша қалажұрт VI ғасырда Түркістанға қоныс аударған Бұқар соғдылары негізін қалаған Жамукат (Хамукат) қаласы екендігі дәлелденді. Қазіргі ғалымдар айтып жүргендей, Бұқар соғдылары дегеннен гөрі Бұқар түркілері деген дұрыс болар еді. Себебі сол Бұхара, Самарқан қалалары мен Орта Азияны сонау атам заманнан мекендеп келе жатқан түркі халықтары екені тарихи шындық. Самарқанды Афрасиаб қаған салдырғанын ескерсек, онда ол жердің жергілікті тұрғындары да түркілер болды деген сөз. Тіптен Соғды аймағын жайлаған ұлыстарды да соғдылық түркілер деп атаған жөн деп санаймын. Сонымен, қаланың археологиялық қазба жұмыстары әрі қарай жалғасын тауып, 1985-1987 жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында қалашықтың топографиясы туралы жаңа деректер алынып, қаланың орталық қирандыларына, қазіргі уақытта жыртылған, ұзын қабырғалармен қоршалған ауылшаруашылық аймағына қазба жұмыстары кеңінен жүргізілді. Зерттеу қорытындылары бойынша, Қостөбе қалажұрты Талас алқабындағы қалалардың ішіндегі ірілерінің бірі болғандығы айқындалды. Хамукат-Қостөбе қаласының орталық қирандыларының периметрі бойынша қарасақ, мұнаралы қабырғалар мен үлкен орлармен қоршалған тікбұрышты биік алаң болғандығы байқалып-ақ тұр. Қабырғаның биіктігі – 3 метрден астам, мұнаралары шошақтарымен 3,5 метр биіктікке дейін сақталған. Жалдардың ені іргесінде 10-12, үстіңгі жағында 3-4 метр болғанына қарап, қаланың аса ірі болғаны және мәдени тұрғыда кеңінен дамығаны байқалады. Қалажұрттың ішкі жағына төрт қақпа алып барады екен, олардың орнында қабырғалар үзіліп қалған. Бұл бекінген территорияның ішінен шахристан мен ішкі қамалдың белгілері ерекшеленіп көрінеді. Жүргізілген қазба жұмыстары бірнеше дара кезеңнің құрылыстарын анықтады. Олардың бірі – Қостөбе сарайы. Оның құрылысы екі кезеңге бөлініп, VI-VIII және VIII-ХХ ғасырларда жүргізілді. Сарай қабырғаларының көпшілік бөлігі қам кесектен тұрғызылып, бір-біріне тығыз байланыстыра қаланған, тек сарай ауласының бір қабырғасы ғана пахса блоктарынан қаланыпты. Көлемді бөлмелердің жабыны «дарбаза» түрінде, шағын бөлмелер және айналма дәлізінің жабындары қары түрінде жабылған. Бұған табалдырықтың жекелеген ұяларындағы, бағана орындарындағы ойықтардағы ағаш шірінділері дәлел бола алады. Міне, осындай археологиялық ғылыми-зерттеудің нәтижесінде Хамукат қалашығы ортағасырлық түркілік мәдениеттің ұлы ошағы болғаны айқындалып отыр. Осылайша Талас өзені бойынан пайда болған қала бірте-бірте үлкейіп, осы маңдағы ірі қалалардың біріне айналған. Әсіресе Қарахан империясы тұсында тіптен жайқалған бақтай гүлденіп, мәдениеті мен өркениеті кеңінен қанат жайып, Ұлы Жібек жолы бойындағы түркілердің ұлы ордасына бағаланады. Бұл дегеніміз Қазақ халқының арғы атасы саналатын түркі халықтарының қалалық мәдениетті далалық мәдениетпен ұштастыра дамыта білген философиялық ой сана-сезімінің көреген екендігін байқатады. Қаншама жылдар бойы елімізге «көшпенді», «тұрағы жоқ, тұрақсыз» деген еуропалық анайы аттардың тағылып келгеніне қарамастан, археологтарымыздың ерен еңбегі мен осындай ортағасырлық деректердің арқасында қазақ халқының арғы атасы түркілерде қалалық мәдениетті кеңінен және тереңінен дамығаны дәлелденді. Елдігіміз еңсесін көтеріп, тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихымызға деген оң көзқарас қалыптасып, көптеген тарихи-мәдени мұраларымыз зерттелді. Олардың мән-маңызы мен құндылығының арқасында халқымыздың мәдениеті мен өркениеті мыңдаған жылдардан бері жасап келе жатқаны және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі де зор болғаны нақтыланды.

Асылжан ДУЛАТИ, ҚР Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-деректанушы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар