Жамбылдағы «Жайдарманның» жай-күйі қалай?
2005 жылы негізі қаланған отандық жайдарман ойындары қазір халықаралық жобаға айналып үлгерді. Мұндағы жайдарлы әзілдер, ойыншылардың күлкілі қылықтары, қызықтары, киім киістері, ән айтып, би билегендері біздің қоғамда, оның ішінде жастар арасында кеңінен танымалдылыққа ие болғаны да рас. Өңірімізде бұл жобаға қатысушы жастар қатары жылдан-жылға көбейіп, тамыр жайып келеді.
Облыстық «Жайдарлы жастар» жайдарман лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еламан Юсуповтың сөзіне сенсек, өңірімізде жайдарман ойындарында алға ілгерілеу бар. Республикалық лигаларда өнер көрсетіп, өздерінің көрермендерін жинап жүрген жамбылдық жайдарманшылардың қарқыны жаман емес.
– Таяуда Астана қаласында республикалық жайдарман ойындарының «Әдемі» маусымының «Маусымашар-2023» фестивалі өткен болатын. Оған Тараздан онға жуық команда қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Облысымызда пандемия салдарынан екі-үш жыл маусымашар ойындары өткізілмей, жайдарман жобасының тұралап қалғандығын ескерсек, он команданың республикалық маусымашарға қатысып, бақтарын сынауы көңіл қуантарлық жайт. Себебі аталған командалар тек факультетаралық ойындарда шыңдалған. Жерлестер тарапынан үлкен қолдауға ие болмаса да жамбылдық жайдарманшылар маусымашар фестивалінде абыроймен, жоғары дәрежеде өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Нәтижесінде «КИТА» облыстық жастар ресурстық орталығының тобы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әдеби жігіттер», Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхан жастары» және қыздардан құралған «Ою» командалары, Жуалы ауданының «Қарасаз» құрамасы, сондай-ақ «125 high school» секілді алты команда «Nomad» көшпелі ойындар лигасына жолдама алды. «Nomad» көшпелі лигасында жайдарманшы командалар өзге аймақтарға барып ойнайды. Бұл лига оңтүстік өңірде Шымкент қаласында басталып, Түркістан, Қызылора қалаларында жалғасып, нүктесі Тараз қаласында қойылады. Бұл «Nomad» көшпелі лигасының финалдық ойыны біздің Тараз қаласында өтеді деген сөз.
Әулиеаталық тағы бір «Меркістан» командасы екі бірдей жасөспірімдер арасындағы «Jaidarman Junior», «Nomad» көшпелі лигаларына жолдама алса, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Престиж» командасы «Астана» лигасында ойын көрсететін болды. Аталған лига салыстырмалы түрде алғанда екінші дәрежедегі деңгей болып саналады. Мұнан өзге «Жуалы» және «Медиум» командалары республикалық жоғары лигада ойнайды
Ерекше мақтан етерлік бір жайт, осы жылы маусымашар фестиваліне қатысқан командалардың барлығы да жүлдеден құралақан қайтқан жоқ. Аталған лигалардың барлығы елімізге танымал, тәжірибелі жайдарманшылар ойнайтын алаң. Жалпы маусымашар фестиваліне 230 команда қатысса, Жамбылдың намысын қорғаған 10 команда да жақсы өнер көрсетіп, көзге түсті. Аталған 250 команданың ішінен республикалық жоғары лигаға 18 құрама өтті десек, оның екеуі әулиеаталық команда болуы біздің өңірдің үлкен жетістігі деп ойлаймын. Сонымен қатар облыстық жайдарман клубы «Әулиеата» ашық лигасын қайта жандандыруды қолға алуда. Ұйымның мұрындық болуымен 21 ақпан күні «Баласағұн» мәдениет сарайында «Әулиеата» ашық лигасының маусымашар ойыны өтеді. Маусымашар аясында әр өңірден, тіпті әр аудан, әр қаладан жиналған бірнеше команда облыс тұрғындарын астарлы әзіл мен жарасымды қалжыңға қарық қылмақ. Қазірдің өзінде Шымкенттен, Ақтаудан, Алматыдан және өзге де қалалардан жиырмадан аса команда тіркеліп қойған. Өзім басшылық ететін облыстық «Жайдарлы жастар» жайдарман лигасы» қоғамдық бірлестігі облыстық «Әулиеата» ашық лигасының маусымашар ойындарынан кейін мектеп лигасы, жартылай финал, финал ойындарын өткізіп, ашық лиганы жауапкершілікпен аяғына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы жастардың жалынды бастамаларына облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Асхат Олжабаев, сондай-ақ Абзал Есіркепов, Серікбол Берікқожа, Қайрат Меклисов сынды ағаларымыз барынша қаржылай әрі рухани қолдау көрсетуде, – деді ол.
Жыл сайын республика көлемінде жастар арасында жайдарманды кеңінен насихаттау, жастарға дұрыс орта қалыптастыру мақсатында әр облыста «Облыс әкімінің кубогы» үшін арнайы ауқымды жоба ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Еламан Сыдықұлы республикаға танымал командаларды қатыстыру арқылы Есен Елеукен өзі жүргізетін мұндай ойындарды ауқымды жоба ретінде Әулиеата өңірінде де өткізгісі келетінін сөз етті.
– Көкейде жүрген ілкімді ойлар мен бірқатар ұсынысты жақында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында ортаға салған болатынмын. Қуанарлығы, Еркін Құлымбайұлы бетімізді қайтармады. «Қанша қаржы кетеді, өткізілу тәртібі қалай болады? Нақты жоспар жасаңдар, біз әрқашан қолдауға дайынбыз», деп облыс жайдарманшыларын бір серпілтіп тастады. Егер облыс басшылары бізге оң көзбен қарап жатса, әрине, біз де сенімді ақтауға күш саламыз.
Жұртшылық арасында «Облыстық жайдарманның деңгейі төмендеп кетті» деген пікір бар екенін білеміз. Бірақ соңғы республикалық маусымашар ойыны қоғамда басқаша пікір қалыптастырды. Топқа түскенде жастар барын салып, Таразда жайдарманның шоғы сөнбегенін көрсетті. Алдағы ойындарда одан да биік дәрежеде ойын көрсете алатынымызды таныттық. Сол ойында республикалық жайдарман лигасының редакторы Рамазан Фазылов, Елдар Жұмағалиев және басқа да бағалаушылар бірнеше жылдан бері маусымдық ойындар өтпеген, өңірдегі факультетаралық ойындарда ғана шыңдалған, нақты демеушілері жоқ жайдарманшыларды осындай жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп ойламағанын айтты. Былтыр да облыс жайдарманшылары жылды табысты қорытындылады. Өткен жыл біз үшін жеңіске толы жемісті жыл болды, – дейді Е.Юсупов.
Қалжыңдарымен жақсы көңіл күй сыйлап қана қоймай, қоғамдағы келеңсіз мәселелерді астарлы әзілмен жеткізіп жүрген облыс жайдарманшыларының биылғы жетістігін айтып сүйіншіледік. «Медальдің екі жағы» болады демекші, әзілкеш жастардың айтар уәжі де, көтеріп жүрген мәселелері де шаш етектен. Жайдарманшылардың көкейінде жүрген ойларын, алдағы жоспарларын, ойын барысындағы қызықты сәттері мен қиыншылықтарын білмек мақсатта биылғы жайдарман маусымының жоғары лигасына жолдама алған «Медиум» және «Жуалы» командаларының ойыншыларымен тілдескен едік. «Медиум» құрамасының беделді ойыншысы, облысымыздағы тұңғыш веб-сериал «Движуха» жобасы авторларының бірі, облыстық «Қарекет» қайырымдылық қорының төрағасы Самат Кеңесбаев: «Жамбылдық жайдарманшылардың көп жағдайда тасада қалып қоя беретіндігінің бір себебі – олардың жұмыла жұмыс атқармауында», деді.
– Қанша адам болса, сонша пікір болады. Өзімнің 2016 жылдан бергі жинаған тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, мұны кейінгі толқын інілердің мұңы десем де болар. Біздің облыс жайдарманшыларына аздаған бірлік жетіспейді. Бұл ойым бір-бірімізбен алауызбыз дегенді білдірмейді. Өзара Арман Жаналиев, Файзулла Сағымбаев, Олжас Сүлейменов секілді «Тараз-2000» командасында өнер көрсеткен ардагер жайдарманшы ағаларымызбен жақсы араласамыз. «Тараз-2000» – облыс бойынша жайдарман ойындары тарихында ең көп кубок жинап, жоғары лигада финалист атанған жалғыз тәжірибелі құрама команда. Бірақ өмірде жақсы аралассақ та сахнада ауызбіршілігіміз аз секілді көрінеді. Алдыңғы буын аға болып «Қанекей жігіттер, ойларыңды ортаға салыңдар. Кімде қандай әзіл бар? Алда маңызды ойын келе жатыр, мықты дайындық керек. Мына әзілдерің жақсы екен, осыны сахнаға алып шығыңдар. Мына жерін былай ойнату керек» дегендей ақыл-кеңестерін айтып, кемшіліктерімізді түзеткен емес. Мәселен, бір оқиғаны баяндап берейін. Біздің құрама Тұрсынбек Қабатовтың «КТА» жобасында да өнер көрсеткен. Кезекті ойынға дайындалып жатқанбыз. Сонда байқағанымыз, Қызылорда облысының «Қорқыт жастары» командасына «АралАс» жайдарман құрамасындағы Данияр Бекжанов, Ақылбек Ескендіров деген ағалары көмектесіп, дайындықтарында бірге жүрді. «АралАс» – республикалық жайдарман ойындарының чемпионы атанған азулы команда. Қазір бұл құраманың әр ойыншысының өз жобалары бар. Бүкіл Қазақстан танитын әзіл майталмандары. Сонда да өздерінен кейінгі інілеріне жанашырлықпен болысып жүр. Ал бізге білмегенімізді үйретіп, дұрыс бағыт сілтер бір жан жоқ. Негізі ешкім бізге көмектесуге міндетті емес. Ағаларымызға кінә артып та тұрған жоқпын. Бұл – ағаларға айтар інілік уәжім. «Ағадан ақыл кетпесе, ініден мақұл кетпейді» демей ме? Артық-кемімізді түзеп, негізін қалап берсе ары қарай істі өзіміз дөңгелетіп алып кетер едік.
Жайдарман сахнасында 2016 жылдан бері жүрмін. Ең алғаш ойынды «Мәдениетті жігіттер» командасында бастағанмын. Қазір «Медиум» командасы құрамасында өнер көрсетемін. Біздің команда биыл «Жуалы» құрамасымен қатар жоғары лигаға жолдама алды. Бұйырса, чемпиондық атақ үшін күресетін боламыз. Команданың ішкі мәселелеріне облыстық жайдарман клубын басқаратын, командамыздың капитаны Еламан Юсупов деген жігіт жауапты. Әр есікті бір қағып, шапқылап жүріп демеуші іздейтін де сол. Ал команданың киіну стилін қалыптастыру – менің жұмысым. Әзілдердің жазылуы да қызық дүние. Күн сайын қолымыз қалт етсе болды, өзіміздің шағын офисімізде бас қосамыз. Кімде қандай идея, қандай әзіл бар, барлығын ортаға саламыз. Мәселен, біреуі тұрады да «Он жыл асаба болған ағамыз әкім болып кетіпті» деп бір әзілді ұсынады. Оның жарайтынын, жарамайтынын талқылаймыз. Ол жерде әркім өзі ойлап тапқан әзілін шығарғысы келіп тұрады. Іріктеп алынған ең сапалы әзілдердегі басты рөлді қай жігіттің табиғатына сай, соған ұсынамыз. Сахнада сол жігіт ойнап шығады, сонда жасанды ойын болмайды.
Жұрт бізді жайдарманнан пайда көріп жүр деп ойлайтын болар. Олай емес, пайдасынан шығыны көп. Демеуші іздеу де машақаты көп тірлік. Сахнаға шықпас бұрын ойын сценарийі редакцияланады. Әзілің жарамай қалса қысқартылып кетеді. Ол нәрсе де жігеріңді құм етіп, бетіңді қайтарып тастайды. Сонда да осы ойынды тастамаймыз. Жайдарман деген аурумен ауырып жүрміз. Бұл дерттің емі –
чемпиондық. Бұйырса, ол күнде алыс емес. Биыл болмаса, екі-үш жылдың төңірегінде жайдарманның жеңімпазы деген атақты иеленеміз. Ең бастысы бізге үлкен мотивация беріп жүрген үйдегі ата-анамыздың, көрермендеріміздің қолдауы кемімесін, – дейді С.Кеңесбаев.
Жоғары лигага жолдама алған тағы бір команда – «Жуалы» құрамасы жайдарман сахнасында 2008 жылдан бері өнер көрсетіп келеді екен. Оның құрамындағы Нұрсұлтан Төребаев жалпы жайдарман ойындарында студент кезінен бері өнер көрсетіп жүр. Ол «Тараз тарландары», «Бауырсақтар» деген жайдарман топтарында жүріп тәжірибе жинапты.
– Қазіргі командамыздың аты – «Жуалы». Командамызда менен өзге Қайрат Оразбеков, Дәурен Көлбай деген екі жігіт бар. Ұжымдағы үш жігіт те бірнеше жылдан бері жайдарманнан қол үзіп қалғанбыз. Мен Астана қаласында жүргенмін. Тобымыздағы Оңдасын мен Дәурен деген екі жігіт (екеуі де жуалылық) 2020 жылы осы команданы құрып, сол жылы Қайрат, Оңдасын, Дәурен үшеуі Алматыда жайдарманның «Бас лига» сайысында бақтарын сынады. Құрыла сала бірден үлкен ойында өнер көрсеткен олардың жолы болды. Алғашқы ойындарында-ақ «Үздік әзіл» номинациясын иеленді. «Бас лиганың» маусым қорытындысы бойынша Қайрат «Үздік ойыншы» атанды. Осылайша жігіттер аталған лигада финалға дейін жетті. Келесі 2021 жылдан бастап командаға мен қосылдым. Үш жылдай «Бас лигада» өнер көрсетіп жүрдік. Биыл Оңдасын жұмыс бабымен командадан шықты. Үшеуміз ақылдаса келе, қанша жылдық тәжірибеміз бар екенін ескеріп, жайдарманға қатыса береміз деген шешімге келдік. Енді «Әдемі» маусымында барымызды салатын боламыз.
Жайдармандағы әзілдерді түгел өзіміз жазамыз. Сырттан автор жалдамаймыз. Ойынның кереметтілігі де өзің жазған әзілді ойнап шығу деп білемін. Ойында бөтен біреудің дайындап берген әзілін ойнасаң рақат ала алмайсың. Жайдармандағы ең күрделі мәселе – демеуші табу. Биыл өңірімізден екі бірдей команда жоғары лигада бақ сынайды. Ендеше демеуші іздеу екі есеге қиындайды. «Әр істің қайыры бар. Бір амалы болар» деп, алдағы күнге үмітпен қарап отырмыз.
Жайдарман сахнасында жүріп талай қызықты бастан өткіздік. Осы жерде бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. «Бас лиганың» жартылай финалында өнер көрсетіп жатқан кезіміз. Бізбен бірге үй тапсырмасындағы көріністе Еркебұлан Тоқтар деген жігіт ойнау керек болған. Ол жігіт актерліктен бөлек, өздеріңіз білетіндей, аралас жекпе-жектен ММА турнирінде өнер көрсетеді. Сонымен не керек, еш алаңсыз әзілімізді көрсетіп жатырмыз. Тура сол ойынның алдында командамыздағы бір жігіт иығын сындырып алған екен. Бірақ қызуқандылықпен өзі аңғармай жүреді. Сол сынған иығымен ойынның соңына дейін шыдап береді. Ол аздай, сценарий бойынша Еркебұлан Тоқтар командаласымыздың тура сол сынған иығынан тебеді. Ойын аяқталғаннан кейін қарасақ, иығы шығып кеткен, өзі ауырсынғаннан жаны қиналып тұр. Біз бәйек болып, не істерімізді білмей қалғанбыз. Ойын барысында осындай да қызықтар болған, – дейді Н.Төребаев.
Ардагер жайдарманшы, «Шу-Чу» жайдарман командасының капитаны Мақсат Шаймерден облыстағы жайдарман ойындары әлі де болса бір жолға қойылмай келе жатқанын айтады.
– Біздің облыс жайдарманшылары қай жағынан алып қарасаң да осал емес. Оларда мықты әзіл, актерлік шеберлік, харизма, жеңімпаз атануға деген ұмтылыс, жігер секілді керектінің бәрі бар. Бірақ ең маңызды нәрсе – қолдау жоқ. Осы жағы кемшін. Біз ойнап жүрген жылдар жайдарманның жұлдызды кезеңі саналды. «Назар аудар», «Ұлттық құрама», «Жетісай», «Ұлдар емес», «Қорқыт» «Сағыз» секілді ең мықты командалармен бірге өнер көрсеттік. Сонда байқағанымыз, өзге өңірден келген жайдарманшылар сақадай сай дайын келеді. Сценарисі, демеушісі оларды баулып, дайындайтын жайдарманшы ағалары, стилистеріне дейін қастарында қолдау көрсетіп жүгіріп жүреді. Ал біз жайдарман дайындығына деген уақытымызда демеуші іздеп сабылып жүретінбіз. Жайдарманға еш дайындықсыз барып, әзілді ойынға бір-екі күн қалғанда ғана ойлап табатынмыз. Осылай қаншама дарынды әзілкеш жастың сағы сынып, жайдарманнан көңілі қалып кетті. Ең өкініштісі сол, демеуші болуды өтінгенде «Жайдарманды қайтесің, жеңіл әзілге жандарың құмар екен. Оданда салмақты тірлікпен айналыссай» деген адамдардың «Жамбылдық жайдарманшылардың деңгейі төмен, бізден чемпион шықпайды» деп пікір айтатыны жанға батады – дейді М.Шаймерден.
«Тараз-2000» жайдарман командасының ойыншысы Файзулла Сағымбаевтың да қазіргі облыстық жайдарманның деңгейі жайындағы ойы осы мазмұндас.
– Бізге «Әулиеата жайдарманының аңыздары» деген атақ оңайлықпен келген жоқ. Қаншама күрестік, әрекеттендік, іздендік. Демеуші де, қолдау да, ақыл-кеңесін айтып тұратын ағаларымыз да болмады. Басты жанашырымыз «Тараз» жайдарман клубының директоры Саят Төлепбергенов ағамыз. Соның қолдауының арқасында біраз жетістіктерге қол жеткіздік, қаншама тартысты ойын көрсеттік. Қазіргі жайдарманға келер болсам, деңгейі орташа, әзіл жағы да төмендеу. «Мынауың өзінше ғой» демес үшін барынша өтірік күліп қайтамыз. Бірақ соңғы республикалық маусымашар фестиваль Жамбыл жайдарманының әлі де өлмегендігін, мықты жайдарманшы жастар бар екенін дәлелдеді. Осылай алған бағыттарынан таймаса, өңірімізге чемпиондық атақты алып беретін бізден де мықты команда шығады, бұйырса. Лайым бақтары жансын, –
дейді ол.
Бүгінгі таңда жамбылдық жайдарманшылардың республикалық деңгейге шығуына үлкен лауазымды ағаларының қосып жүрген үлесі зор. Олардың басын бір арнаға тоғыстырып, бағыт-бағдар беріп жүрген жандардың бірі – Асхат Олжабаев.
– Облыста қай саланы алып қарасаңыз да өте талантты, дарынды әрі еңбекқор жастар көп. Жайдарманда да талантты, еңбекқор жастар баршылық. Киелі Әулиеата жерінде көптеген талантты жастар түлеп ұшқан, аты аңызға айналған топтар да жоқ емес. Жергілікті жайдарман ойындары республикада мойындалып, «Әулиеата» лигасы үздіктердің қатарынан әрдайым орын алатын болған. Алайда елімізде, әлемде орын алған пандемияға байланысты жайдарман ойындары біршама саябырсыды. Бұл жерде бірінші кезекте халықтың денсаулығы тұрғандықтан жоспарланған ойындар кейінге шегеріліп немесе мүлде ұйымдастырылмай қалды. Өткен жылдың соңынан бастап жайдарман жанашырларының қолдауымен сең қозғалды. Ендігі кезекте республикалық жобаларға қатысатын командаларға үлкен сенім артамыз және барша жамбылдық жайдарман жанашырларына осы командаларға қолдау көрсетулерін сұрайтын боламыз. Жастар жоғары лиганы бағындырып, чемпион атануы әбден мүмкін, – дейді жайдарман жанашыры.
«Бұл тек жастардың ойыны, қоғамға пайдасыз, жеңілтек әзілдер ойналады» деп санайтындар қоғамда аз емес. Бұл жайында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиевтің ойы бөлек.
– Қазақ еліне қатысты барлық дүние менің қызығушылығымды оятады. Ол – еліміздің болашағымен тікелей байланысты. Кез келген ата-ана сияқты мен де өз ұрпағымның келешегі үшін алаңдаймын. Сондықтан да заман ағымына қарай еліміздегі жаңалықтар, жастардың ортасы, олардың прогрессивті ойлары, еркін қоғамда өмір сүру ұстанымдарын оң қабылдап, әркез тыңдауға, бағыттауға тырысамын. Бұл қазақ жайдарманын өсіп келе жатқан ұлдарыммен бірге көруімнің бірден-бір себебі шығар. Жайдарман дегенде, әрине, алдымен әзіл-шыны аралас түрлі жобалар ойға оралады. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Заманына қарай республика деңгейіндегі командалардың сапасы, олардың айтатын әзілдерінің мәні артқандығын байқаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, ұзақ жыл ол сахнада жамбылдықтар көрінбей қалды. Шу, Жуалы ауданынан шыққан өнерлі, талантты командалар болса да оларға көрсетілетін қолдаудың жоқтығынан үлкен сахнаға жете алмай келе жатқаны анық.
Әр істің бастамашысы болғанымен, бірақ оны қоштаушылар табылмаса өнімсіз қалатыны хақ. Жайдарманда да дәл солай. Үлкен сахнаға кез келген команданы шығара бермейді. Оның да талабы зор. Жүзден жүйрігі іріктеліп, елге өз өнерін паш етеді. Бізде ондай жүйріктер жоқ емес, Құдайға шүкір, дарындарымыз жетерлік. Дегенмен оларды қолдау аз. Қолайлы орта жоқ. Жүйріктің жүйрік екенін білу үшін де бәйге керек. Жайдарманшыларға да жергілікті жерден іріктейтін, жүйелі жұмыс жүргізетін орта керек. Орынды сөз тауып, оны сахнада көрермен алдында әзілмен жеткізу – ой ұшқырлығын, білім мен ізденімпаздықты талап етеді. Сахнаға шығатын әрбір азамат мыңның алдында тұрып-ақ ысылады. Өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылады. Ұлт руханиятының абызы атанған Шерхан Мұртаза «Театры көбейген елдің, түрмесі азаяды» деген екен. Жайдарман да сол театрдың бастамасы. Жас ұрпақты тәрбиелейтін, бағыттайтын үлкен құрал, – дейді Сауран Қалиұлы.
Сөз соңында айта кетейік, «Жайдарлы жастар» жайдарман лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еламан Юсупов облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың қабылдауында болыпты. Сәті түсіп тұрғанда басқарма басшысына жайдармандағы шешімін күтіп тұрған бірнеше мәселелерді ашық айтыпты. Әлбетте, демеуші мәселесі де сөз болған. Жайдарманшы жастың ұсыныстарына құлақ түрген Жомарт Дүйсенұлы айтылған өтініштердің жерде қалмайтынын, қаражат мәселесі алдағы екі-үш айда өз шешімін табатынын жеткізіпті. Басшылар назарына алынған жайдарман ұйымының жұмысы алдағы уақыттарда жандана түспек. Жамбылдық жайдарманшылар алда талай топ жаратынына сенеміз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала