"Tiktok"-ты бағындырған шопан бала
Елімізде ерсі қылықтарымен көз ұялтып жүрген желідегі тәрбиесіз блогтарды соңғы уақыттарда жаңа контент алмастыруда. Қой бағып, бие сауып, ішек-қарын тазалап, бас үйіткен ауылдың қарапайым ұл-қыздары миллиондаған қаралым мен мыңдаған оқырман жинап, әп-сәтте желі жұлдызына айналып жатқаны ақиқат. «Шалғайда тек артта қалғандар тұрады» деген стереотиптерді бұзып, ауыл өмірін насихаттап жүрген жас желі жұлдыздарының бірі – Меркі ауданындағы Беларық ауылының тұрғыны Айбол Елубай.
Айбол қазір «ТikТok»-та танылған елдегі ең жас блогерлердің бірі. Ауылда өскен қарапайым қара баланың өмірін 115 мыңға жуық оқырман бақылайды, түсірген видеолары 2-3 миллионнан астам лайк жинайды.
Отыз шақты түтін тұратын шағын ғана Беларық ауылының жеткіншегі жастайынан еңбекке бейім болып өскен. Өз қатарластарымен асық ойнап, атқа мініп балалық шағын қызықты өткізген. Айбол бүгінде Меркі аудандық колледжінде «Бағдарламашы» мамандығы бойынша білім алуда. Желіде «шопан бала» атанып кеткен ол «ТikТok»-қа жұлдыз атану мақсатында тіркелмедім дейді.
– «Жұлдыз» болайын деп армандаған емеспін. Парақшамды жүргізудегі бар ойым – оқырмандарыма әлеуметтік желі арқылы ауылдың күнделікті тіршілігін көрсету. Дегенмен танымалдылықты мүлдем қаламадым десем, әрине, шындыққа жанаспайды. Керемет «жұлдыз» болып кетпесем де ел аузында жүретін, халық сүйсіне қарайтын блогер атануды мақсат еттім. «TikTok» пен «Instagram» әлеуметтік желілеріне тіркелгеніме наурыз айында бір жыл толады. Аз ғана уақыт ішінде жүз мыңнан астам оқырман жинап үлгердім. Бұйырса, келесі мақсат – тіркелушілер санын арттыра түсу. Парақшамды дамыту үшін күнде видео салып отырдым. Бір күнді бос қалдырған емеспін, – дейді ол.
Айболдың парақша жүргізудегі негізгі бағыты – жай ғана ауылдағы тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігін көрсету. Видеоларында «Орлик» есімді жылқысымен тауға мал бағуға шығады, шөп жинайды, әкесіне шаруашылыққа көмектеседі, қамшы өреді, сылақ сылайды және тағы да басқа шаруаларды атқарады. Ауылда «TikTok»-ты дамытуды мақсат еткен ұлының бастамасына ата-анасы мен алты бауыры бірден келісімін берген. Қазір үйіне қонаққа келген алыс-жақын туыстары, көршілері «жарайсың, желіде жақсы танылып жүрсің. Видео түсіруде ұстанған бағытың дұрыс» деп мақтағанда, көшеде оқырмандары танып, суретке түсіп жатқанда көңілі марқайып қалады.
«Бес саусақ бірдей емес». Елдің бәрінің көңілінен шыға білу ешкімнің маңдайына жазылмаған. «Басқа ауыл блогерлерінің контентін қайталау» деп Айболды да сөгетіндер, видеоларының астына «колхоз», «ауылбай», «дым көрмеген» деген сияқты жағымсыз пікір жазатындар бар. Танымайтын кісілерден мұндай ауыр сөздерді есту жас жігітке оңай емес. Іштей біраз ренжіп, жігері басылып қалатын кездері де болады. Бірақ сонда да сағы сынбай, ауыл көрінісін ары қарай көрсетуді жалғастыра береді. Жағымсыз пікірлерге назар аудармауға тырысып, тек еңбектенуді жөн санайды.
– Әрине, жазылған пікірлер негізсіз емес, маған дейін де ауыл өмірін көрсетіп, мал бағатын қойшы вайнерлер болған. Мен оларды қайталамай, яғни өздігімше жаңа контент жүргізгім келді. Ауыл өмірін басқаша жағынан көрсету ойда болды. Ауыл үшін бір жаңа нәрсе болсын деп ойладым. «TikTok» арқылы Меркінің кішкентай ғана ауылын әлемге танытуға күш салып жүрмін. Мен сияқты қарапайым шопан да «TikTok» қолдана білетінін және өзін дамыта алатынын дәлелдеймін. «Ауылда бәрі жаман, ешкім дамымайды, цивилизация жоқ» деген қалыптасып қалған стереотипті көп ұзамай бұзатын боламын. Жастайымнан еңбекке араласқаннан болар, өзіме мал бағу ұнайды. Кейін де баға беремін. Шопан болудан ұялмаймын. Себебі бұл ұялатын іс емес. Қайта мал басын көбейтіп, бизнес жасау керек деп ойлаймын. Бұйырса, биыл оқуды бітіріп, дипломымды қолыма аламын. Тараз, Алматы, Астана секілді үлкен қалаға баруыма да болады. Бірақ ауылдан ұзағым келмейді. Қандай жағдай болса да аядай ғана Беларық деген ауылымды тастамаймын. Қайта осы кіндік қаным тамған киелі мекенімді көркейтуге күш салатын боламын, – дейді блогер.
Әдетте «TikTok»-та танымалдылық келгелі блогерлердің өмірі түбегейлі өзгеріп, бір сәтте «жұлдыз» атанып шыға келеді. Алайда желіде танымалдылыққа ие болған Айболды «Шопан бала, ауыл блогері» деген атағы өзгерте қоймаған. Бұрын қандай болса, қазір де өмірім сол қалпында дейді. Дегенмен жарнама жасауға шақырушылар қатары көбейіп жатыр екен. Біразы «1ХBET» секілді букмекерлік кеңселерден түседі. Сондықтан күнәға итермелейтін бұл ұсыныстан қомақты ақшасы болса да түбегейлі бас тартқан. «Оңай жолмен тапқан ақшаның берекесі болмайды» деген ұстаныммен өмір сүретін ол дүниені маңдай термен жиған дұрыс деген пікірде.
Есімін айтқанда бірден есіне түсіре алмағанымен, «Сіздермен бірге қазақтың қарапайым баласы» деген фразасы арқылы оқырмандар жазбай танитын жас желі жұлдызы алдағы күндерде де «ауылдың тиктокері» болып қала бермек. Бұл контентті бұзбай, ары қарай да дамытуға ниетті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала