«Әулиеата жастары» талай жылғы армандарын орындады
Өткен жылы облыста «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы іске қосылған болатын. 2021-2025 жылдарға арналған жоба аясында өткен жазда өңір жастарынан тұңғыш рет құжат қабылдана бастады. Бүгінде облыста бірнеше жас отбасы пәтер кілтін алып, жаңа қоныстарына көшіп те үлгерген. Солардың бірі – қордайлық Айгүл Жошиева.
А.Жошиева – аталған бағдарламамен Қордай ауданы бойынша баспаналы болған жалғыз азамат. Бағдарламаға қатысу жолдарын өзге жастармен бөлісу мақсатында жуырда ғана көптен күткен арманына қол жеткізген отбасыға қонаққа барып, қоныстоймен құттықтадық.
Отағасы Мұхит Асылбаев пен Айгүл Болатжанқызының шаңырақ көтергендеріне биыл 15 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін олар жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға өтінім беріп, баспаналы болудың сан алуан тәсілдерін іздестіріп көрген отбасының бұл жолы бағы жанды.
– «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы арқылы шілде айында құжаттарымызды тапсырып, 15 қыркүйекте конкурстан өткенімізді білдік. Ал 25 қыркүйек күні үйімізге көшіп келдік. Осылайша жаңа жылды өз баспанамызда қарсы алу бақыты бұйырды. Өз шаңырағымыздың табалдырығын жаңа жылдың алдында аттағанымыз болмаса әлі де қуанышымыз басылар емес. Біздің отбасымыз үшін бұл бағдарламаның үлкен көмегі тиді. Өйткені үйлі болғанға дейін тұрып келген жалдамалы пәтеріміздің иесі аяқ асты пәтерді сатуды шешкен еді. Сөйтіп, барар жер, басар тауымыз қалмаған қиын сәтте «конкурстан өттіңіз» деген хабар жетіп, қуаныштан төбеміз көкке жетті. Осылайша Қордай ауылынан 11 миллион теңгеге төрт бөлмелі үй таптық, – дейді 34 жасар келіншек.
Жалпы бұл жоба жасы 35-тен аспаған мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен ипотека алуға мүмкіндік береді. Кейіпкеріміз Айгүл Болатжанқызы «№7 Бетқайнар колледжінің» Сортөбе ауылындағы корпусында өндірістік оқыту шебері, тігін бұйымдарының технолог-конструкторы болып қызмет етеді. Жары Мұхит та осы оқу орнында оқытушы. Бүгінде олар екі бала тәрбиелеп отыр.
– Конкурстан өту үшін ең бастысы бағдарлама талаптарымен жіті танысып, құжаттарды дұрыс жинау керек. Сондай-ақ өтініш берушілерге тапқан үйіңіздің құжаттарын облыс орталығына бармай жатып мұқият тексеріп алуға кеңес береміз. Өйткені үйге қатысты банктің қатаң талаптары бар. Таңдаған үйіңіз сол талаптарға сай әрі құжаттары дұрыс болуы қажет, – деп кеңес береді жас жұбайлар.
«Әулиеата жастары» өңірлік жобасы жастар үшін мол мүмкіндік екенін атап өтті кейіпкерлеріміз.
– Біріншіден, бастапқы жарнасы 5 пайыздан аспайды. Несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Ал несие мерзімі – 19 жыл. Бұйыртса, балаларымыз есейгенше ипотекамызды толық төлеп бітіреміз. Қатысушылар 13 миллион теңгеге дейінгі сомада үй таңдай алады. Бұл өте тиімді. Себебі қазіргідей қымбатшылық заманда жастар өздігінен мұндай қаражатты жинай алмайды ғой, – дейді отағасы М.Ақылбаев.
Асылбаевтар отбасының алға қойған жоспары көп. Солардың бірі – үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу.
– Үй ескілеу болғандықтан жөндейтін жерлері көп. Күн жылығанда осыған кіріспекпіз. Ескі болса да ұядай ыстық баспанамыз бар, шүкір. Жоба әрі қарай да сәтті жалғасып, біз секілді жастар үйлі бола берсін, – деген тілектерін жеткізді.
Махаббат пен сенім орнаған шаңыраққа тек қана шаттық тілеп, үйлерінен ырыс-береке ортаймасын демекпіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ, журналист, Қордай ауданы
Келесі мақала