Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мал қыстан қысылмай шыға ма?

Мал қыстан қысылмай шыға ма?
ашық дереккөз
Мал қыстан қысылмай шыға ма?
Қыстың соңғы айы да ортасына келіп қалды. Бұл – мал қыстату науқанының қызған, азық қорының азая бастайтын кезі. Маңызды науқан аймақ өңірлерінде қалай өтуде? Талайды дірдек қақтырған өткендегі аязды күндер шопандар ауылын қаншалықты әуре-сарсаңға салды? Осы сауалдарға жауап іздеп, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасына бас сұқтық. Ондағы мамандар берген мәліметке сүйенсек, мал қыстату науқаны ойдағыдай өтіп жатқан көрінеді. Қыс қамын ерте бастан ойлаған шаруалар егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен биыл 1,8 миллион тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494 мың тонна сабан, 65,5 мың тонна сүрлем әзірлеп, былтырға қарағанда 150,3 мың тонна мал азығын артығымен дайындапты. Дәнді дақылдар балансы бойынша 372 мың тонна астық жемге бөлініп, шаруашылықтарда сақталған. Облыста жылдық қуаттылығы 89,4 мың тонна құнарлы жем шығаратын ірі 4 кәсіпорыннан 35,4 мың тонна мал азығын әзірлепті. Бұдан бөлек өңірде өткен жылдан 82,5 мың тонна пішен, 47,6 мың тонна сабан қалған. Жалпы осы кезеңде 503,8 мың мүйізді ірі қара, 3,3 миллион қой мен ешкі, 168,5 мың жылқы, 8,3 мың түйе қыстатылуда. Барлық төрт түлік облыстағы 5 862 қыстауда жайылымда жүр. Оның 1 мың 20-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құмды өңірде. Дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстауларға дер кезінде жеткізіліпті. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жасұзақовтың айтуынша, аудандарда жауапты науқан ойдағыдай өтіп жатыр. Мәселен, Талас ауданы бойынша 2022-2023 жылғы мал қыстату науқанында 31 000 сиыр, 352 000 уақ мал, 14 500 жылқы, 2 200 түйе қыстатылады деп жоспарланыпты. Шартты мал басына дайындауға қажетті ірі сабақты мал азығы 146 000 тонна болса, ауданда барлығы 23,9 мың гектар жер шөп шабуға белгіленген. Оның ішінде көпжылдық шөп 5,6 мың гектардан орылған. Шалғайдағы 81 қыстауда 7 430 мүйізді ірі қара, 66 100 қой-ешкі, 3 750 жылқы, 1 250 түйе бар. Аққұм, Бостандық, С.Шәкіров, Ойық, Кеңес, Үшарал, Қызыләуіт, Тамды, Ақкөл ауылдық округтерінің шаруашылықтары малын құмды өңірде қыстатып жатса керек. Қыстаудағы малшы үйлері мен қора-қопсылар уақытында жөнделіп, қысқа дайындалған. Мал қыстату барысында төтенше жағдай туындай қалса, Қаратау қаласындағы ірі кәсіпорындар мен зауыттардың техникаларын пайдалану қарастырылыпты. Облысымызда малы да, ірі шаруа қожалықтары да көп өңірлердің бірі – Т.Рысқұлов ауданы. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтың айтуынша, мал азығын дайындау жұмысы былтыр мамыр айында қолға алыныпты. – Биыл көпжылдық шөп 28 416 гектардан дайындалды. Оның ішінде 8 803 гектары жоңышқа. Ауданда алғаш рет 1 800 гектар «сорго» дақылы егілген болатын. Шөп ору ісімен 28 бригада айналысты. Олар 17 шөп оратын «герман», 26 «косилка», 31 шөп тайлағыш, 38 трактор, 34 шөп артқыш және дәнекерлеу агрегаттары мен басқа да қажетті техникаларды пайдаланды. Ауылдық округ әкімдіктерінен мал азығын дайындау науқанының барысы туралы уақытында тиісті ақпарат күнделікті жинақталып, әр апта сайын ауылшаруашылығы бөлімінің маманы, ауылдық әкімдіктердегі статист мамандар берген ақпараттың шынайылығы зерделеніп отырды. Бір сөзбен айтқанда, мал қыстату науқанын қалыпты жағдайда өткізу мақсатында шаруа қожалықтары қажетті қыстық азықпен толықтай қамтылып, тиісті жағдай жасалған, – деді бөлім басшысы. Дана қазақта «Мал баққанға бітеді» деген сөз текке айтылмаған. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы мен шопандар тірлігінің қиындығын аңғартып тұрғандай. Осы орайда еңбегі адал жанкешті малшылардың жұмысын білу мақсатында біз Т.Рысқұлов ауданындағы «Мейрам» шаруа қожалығының жұмысшыларын сөзге тартқан болатынбыз. Шаруа қожалық басшысының айтуынша, малды төлі есебінен көбейтуде оны жемшөптен қыспау керек. – Шаруа қожалығымда 2 000-ға жуық қой, 20-ға тарта жылқы, 40 шақты сиыр бар. Осы түліктерден қақаған қыста шашау шығармау үшін жазға салым азығын дайындадық. Бидай мен арпаны араластырып тартып, бір мезгіл жемдеп отырдық. Тартылған арпа сіңімді болады. Төрт түлікті жылдың әр мезгіліне қарай қыстауға, жайлауға шығарып, өрісін ауыстырып тұрамыз. Мезгілге сәйкес күтімін жасап отырамыз, – дейді шаруашылықтың басшысы Батыл Искаков. Қысқа дайындық тек мал азығын жинаумен шектелмейтіні белгілі. Шаруа қожалықтардағы малшылар тұратын үйлерді түгелімен жөндеп, қора-жайларды бүтіндеу – ең басты шаруа. Малшыға жағдай жасау – қожайынның міндеті. Бұл мәселе шаруа қожалық басшысының назарынан тыс қалмаған. Таудағы мал қыстатуға арналған жайылымда малшысына арнап салынған үйі бар. «Мейрам» шаруа қожалығындағы малшылар мен мамандар үшін электр жарығы, таза су, теледидар, монша, өзге де қажеттіліктер толық қарастырылған. Қажет болған жағдайда қалаға қатынау үшін жеңіл көліктер де сақадай сай тұр. Аталған шаруа қожалықта 16 адам еңбек етеді. Жұмысшылармен сөйлескенде олар да жағдайларының жақсы екенін айтты. – Малдың төлдеуі мал қыстату науқанның қалай өткендігіне, қалай азықтанғанына, күтіміне тікелей байланысты. Қораның тоңын ойып, құрғақ қи шашып, күтім жасаса мал іш тастамайды. Мал қыстату еш қиындықсыз өтсе, жас малдың салмақ қосуы да тұрақты болады. Сондықтан осындай маңызды науқан кезінде шопан өз ісіне барынша жауапкершілік танытқаны дұрыс. Малды уақытында өріске шығарып, қарлы, боранды күндері жөп шашса, жылы қорада ұстап, уақытылы жемшөбін берсе, қыстан күйлі шығады. Осы жылғы қатты аязда бір аптадай малға шөп шаштық. Негізі мал қолға қараған сондай сәтте өріске барып келсе де бір мезгіл шөп шашқан дұрыс. Ал жайылып жүріп жеген шөп малға жұғымды болады, – дейді Азамат есімді шопан шаруаның жайын түсіндіріп. Көп ұзамай көктем шығып, мал төлдейтін науқан да келетін сәт алыс емес. Сол кезде де шопандар ауылында еңбек дүбірі қызатыны анық. Лайым, шопандардың шарасы майға, қорасы қойға тола берсін!

А.Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар