Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Әрбір тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс »

«Әрбір тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс »
ашық дереккөз
«Әрбір тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс »
«Қазына қаржысын ұқсата алмай, халықтың әл-ауқатын әлсіреткен ауыл әкімдері жауапкершіліктен құтыла алмайды. Инвестиция тартуға икемсіз атқамінерлер барға қанағат, жоққа салауат айтып отырмай, жұмыстарын ширатуы тиіс. Жауаптылар бюджет кірісінің кемуіне қарамастан, тұралап тұрған тірлікті тіктеуі қажет. Бұл атқарушы билік пен ауыл әкімдерінің негізгі міндеті». Мойынқұм ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осылай деді. Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары аудан орталығынан шалғай орналасқан Ұланбел ауылынан басталды. Алдымен аталған елді мекендегі М.Әуезов атындағы орта мектептің жай-күйімен танысқан Нұржан Молдиярұлы сабақ барысын бақылап, оқушыларға сапалы білім берудің, құнарлы ыстық тамақпен қамтудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жауаптыларға оқу ордасын жаңа жиһазбен қамтамасыз етуді жылдамдатуды тапсырды. Айта кетейік, білім ошағының ғимараты жақында ғана күрделі жөндеуден өткен. 320 орындық мектепте бүгінде 183 оқушы білім алуда. Нұржан Нұржігітов мұнан соң Мойынқұм ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің жөндеу жұмыстарын тексерді. Ішкі жұмыстары аяқталуға жақын оқу ордасының сыртқы бөлігі де жөндеуді қажет етеді. Аймақ басшысы ол бойынша жауапты тұлғаларға құжаттама жұмыстарын ертерек әзірлеуді жүктеді. Бұдан кейін аймақ басшысы аудан активімен жиын өткізіп, облыстың кешенді даму жоспары аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды талқыға салды. Басқосуда әуелі аудан басшысы Әлихан Балқыбеков қысқаша баяндама жасап, атқарылған шаралар мен жоспарлы жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарында жобалық құны 79,1 миллиард теңгені құрайтын жалпы саны 178 жоба белгіленген. Ал былтыр жобалық құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 27 жобаны жүзеге асыру, 128 жұмыс орнын ашу жоспарланған. – Өткен жылдың қорытындысы бойынша 27 жобаның 24-і жүзеге асырылып, 55 жұмыс орны ашылды. 1 жоба 2023 жылға өтпелі. Есепті кезеңнің қорытындысына сай 2 жоба түрлі себептер бойынша орындалмады. Жобалардың орындалу үлесі 92,6 пайызды құрады, – деді аудан әкімі. Аймақ басшысы аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінен жоспардың, бұған дейін туындаған мәселелерді шешу бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын жеке-жеке сұрады. Жергілікті атқамінерлерден қанағаттанарлық жауап ала алмаған Нұржан Нұржігітов тиісті тұлғалардың сылбыр жұмысын сынға алды. – Өздеріңіздің ұсыныстарыңызбен жасалған жоспардан хабарсызсыздар. Оны қалай орындайсыздар? Бюджет қаражатына атқарылған жұмыстармен шектеліп, есеп беруге болмайды. Жеке инвестициялар аясында жаңа жобаларды жүзеге асырып, жұмыс орнын құруға тырыспайсыздар. Бұған дейін ауызсу кестемен берілетін ауылдардың мәселесін шешуді тапсырғанмын. Бірақ бұл тапсырма орындалмаған. Қылышбай ауылындағы суды тазартатын мембраналық қондырғының жұмысын қамтамасыз ететін жас мамандарды даярлау ісі де қолға алынбаған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға қарай барлық елді мекендерді таза ауызсумен 24 сағат бойы қамтуға тиіспіз. Сіздер мәселе көтеріп, оны шешу бойынша ешқандай шара қолданбайсыздар, әрекет етпейсіздер. Жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, оның маңызды­лығын дәлелдеп, көрсете білсеңіздер қаржы қаралады. Жоспарды өздеріңізге ыңғайлап әзірлеп, соны ғана орындауға үйренгенсіздер. Жоспарда ауданның әлеуеті, тұрғындардың талабы, қажеттілігі ескерілуі керек. Әкімдері бел жазбай еңбек ететін ауыл-аймақтың түтіні түзу шығады. Бірлік пен береке сонда. Ал сыныққа сылтау іздейтін ауыл әкімдеріне халық наразы. Ауыл басшылары қара басын емес, ел-жұрттың мүддесін бәрінен жоғары қойса ғана нақты нәтиже болады. Алайда сіздер бұл үдеден шыға алмай отырсыздар. Аудандағы екі елді мекен ғана тәулік бойы ауызсуды пайдалану мүмкіндігіне ие. Өзгесінде әлі күнге дейін кестеге сәйкес ауызсу беріледі. Бұл мәселе осы күнге дейін оң шешімін таппай отыр. Мұның бәрі бірінші кезекте ауыл әкімдерінің жұмысы. Жергілікті басшылар сенімді ақтауы керек. Әрбір тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс, – деген облыс әкімі ауданда атқарылған жұмыстарға көңілі толмағанын жеткізді. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Шу ауданына да ат басын бұрып, ондағы Дулат және Балуан Шолақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Бұл жиынға облыстық құқық қорғау органдары мен салалық басқармалардың өкілдері де арнайы қатысты. Басқосуда алдымен Дулат ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаев өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, мұнда жалпы 139 шаруа қожалық тіркелген. Былтыр шаруалар 7,565 миллион теңге субсидия алған. Бүгінде округтегі шаруа қожалықтарда 53 техника бар. Кездесу барысында облыс басшысы жергілікті тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді. Ауылдықтар көтерген мәселелер негізінен газ, ауызсу тарту, ағын су, жайылым, көше жөндеу, мал ауруымен күрес, ұялы байланыстың әлсіздігі және қоқыс полигонын салу турасында болды. Айта кетейік, ағын су мәселесін шешу, тозған каналдарды жөндеу мақсатында «Иррегациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» бағдарламасы аясында округтегі барлық тоғандар жаңартылып, лотоктар қойылуда. Мұндағы тоғандардың жалпы ұзындығы 48,2 шақырымды құрайды. Атап өтерлігі, ирандық «ЗАО Туннель садд Ариана» компаниясының жоба жетекшісі Эхсан Ходам аудан бойынша аталған бағдарлама шеңберінде 15 шаруашылық канал және екі коллектор жүйесін жөндеуді қолға алған. Ал бұл жұмыстардың барлығы 2023 жылдың қазан айына дейін аяқталады деп күтілуде. – Мәселелердің бәрін бірден шешу мүмкін емес. Өткен жылы облысты дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, барлық аудан, елді мекендер қамтылды. Соның аясында елді мекендердегі негізгі әлеуметтік мәселелердің бәрі кезең-кезеңімен шешілуде. Жергілікті билік пен халық түсінісіп, бірлесіп еңбек етсе, көп нәтижеге жетуге болады, – деген Нұржан Нұржігітов аудан, ауыл басшылығына нақты міндеттер жүктеді. Дәл осындай форматтағы халықпен кездесу Балуан Шолақ ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Мұнда да округ тұрғындары көкейлерінде жүрген сан сауалына нақты жауап ала алды. Кездесулерден соң облыс әкімі ауылдықтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Есен ӨТЕУЛІ, журналист, Мойынқұм, Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар