Полицейлер оқушыларға дәріс оқыды
Полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі – облыстың білім беру мекемелерінде оқып жүрген кәмелетке толмағандарды құқықтық ақпараттандыру. Осы мақсатта полиция қызметкерлері күн сайын кәмелетке толмағандар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша дәрістер өткізуде.
Іс-шаралар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылықтардың алдын алу және олардың осы саладағы білім деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
Осылайша полицейлер оқушыларды интернет желісіндегі қауіпсіз мінез-құлық ережелерімен таныстырады және әлеуметтік желілер арқылы әрекет ететін қаскүнемдердің ең көп таралған айла-амалдары туралы айтады.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция қызметкерлері қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселелерін түсіндіре отырып, оларды құқықбұзушылықтар жасаудан, зиянды әдеттерден, яғни темекі шегуден және алкогольдік ішімдіктер ішуден сақтандырады. Сонымен қатар балалардың жол қозғалысы ережелеріне және жолдардағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады.
– Күнделікті дәрістер өткізу – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуды ескерту және жасөспірімдермен сенімді қарым-қатынас орнатудың бір түрі. Әртүрлі бөліністердің қызметкерлері өз тәжірибелерінде кездескен оқиғаларымен бөлісіп, балаларға заңсыз әрекеттердің салдары туралы жете түсіндіреді. Оқушыларға осындай іс-шаралар ұнайды және дәрістерге белсенді түрде қатысады, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышев.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала