Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Үнемі үздіксіз өзгеру, жаңару, жақсару – өмір заңы. Дүние тегершігі алға қарай айналып, көлеңкеден сәулеге, аласадан биікке ұмтылады. Қазіргі таңда ғылымы мен білімі дамыған, креативті жастары бар бәсекеге қабілетті ел ең мықты ел болмақ. Өскелең жастар алға қойған мақсаттарын орындау барысында күш-жігерін, білім-білігін көрсете отырып, еліміздің «Мәңгілік ел» болуына үлестерін қосуы тиіс. Тек білімді ғана болып қоймай, өткеніне салауат айтып, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін қастерлеп, дәстүрін ұмытпай ұлықтаса ғана ол елдің рухани ғұмыры ұзақ болмақ. Тарих пен әдебиет егіз ұғым іспеттес. Тарих сол өмір сүрген заманның оқиғалары туралы баяндайды. Әдебиет сол қоғамның тіршілігінен, тұрмыс тауқыметінен, халық күйі мен қуатынан сыр шертеді. Және де бір сөзбен иілдіріп, бір сөзге сүйіндіретін сөз құдіретінің қаншалықты күшті екенін көрсетіп, өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыратындай, тілсізге тіл бітіріп, жансызға жаңа леп сыйлайтындай ақ параққа алтын әріптермен жазылған қазына іспеттес. Заманның озбырлығы мен қаталдығын, халықтың қай кезеңдегі болса да хал-ахуалын баяндап, қалам тербеген небір дарынды, дүлдүл жазушылар мен жалынды поэтиктер аз болмады. Ежелгі дәуір әдебиеті заманында даналық, имандылық, парасаттылық сынды тақырыптар жайлы айтылса, IX ғасыр әдебиеті зар заман ақындарының ойымен толысты. Ал XX ғасырда әдебиет барынша өсіп-өркендеп, қанат жайып, әдебиетке жаңа сарындар мен жаңа леп әкелді. Романдар, прозалар, драма, пьеса, новелла, сатира жанрында керемет туындылар дүниеге келді. Әдебиет саласы дамыды. Алайда «Әрбір тоқшылықтың бір аштығы бар» деп дана халқымыз айтқандай, жазылған дүниенің әрбірі дерлік тұрмыстағы көрген таршылық пен қоғам теңсіздігі, әлімжеттік, өз елі мен жерінде бодан халыққа айналған жандардың жанайқайынан туған кестелі сөзден өрілген оқиғаның кесіндісі ғана еді. Сондай бір ауыр заман, халықтың қабырғасын қайыстырып, қиыншылығы мен ауыртпалығын арта отырып, қанатын шыңдаған – Ұлы Отан соғысы еді. Халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған жанның өмірін қиып, өркениетті кейінге тежеп, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды. Қиясына қарай қыраны, еліне қарай ері болады емес пе? Елі мен жерін қорғайтын, қалың жауға шабатын, тас қамалды жұдырығымен бұзатын, қауіп бар деп елемейтін адуынды қазақ батырларының қарасы қашанда үзілген емес, әрине. Біздің тарихта да ұмытылмайтын 5 жыл бар. Бұл – 1941-1945 жылдар аралығындағы фашизммен бетпе-бет келген сұрапыл шайқастар. Осы жылдары Отанын қорғап, жер бетіне бейбітшілік орнатуға, болашақ ұрпақтың бақыты үшін күрескен батырлар мен майданда қаза болған жауынгерлер туралы көп кітап жазылды. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен мәңгілікке қоштасты. Қырда қойшы қойын тастап, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Кияда диқаншы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді... Жеңісті жақындату үшін соғысқа аталарымыз бен әкелеріміз аттанды. Тіпті хабар-ошарсыз кетіп, кейінгі тағдырлары беймәлім күйде кеткендер де аз емес. Осы соғыста қасық қанын қиып, ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандар қаншама! Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашып тұр. Бұл кезең қаншалықты ауыр болса, соншалықты тарихта, әдебиетімізде алтын әріптермен жазылған кез болды. Жаңа, тың туындылар өмірге келді, рухы мен жігері асқақ ұландардың ерлігін жырлады, халықтың ауызбіршілігі мен мейірімін арттырған заман болды. Айшықты сөздермен қағаз бетіне түсіп, бүгінгі тарихымызды құрады. Ел ертеңі үшін, келешек үшін жанын қиған ерлерді ұмытуға құқымыз жоқ. «Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес» демекші, келешек ұрпақ, мына біздер барлығын есте сақтап, даңқты батырларымызды ұлықтауымыз тиіс. Әдебиетіміз бен тарихымызды ешқашан санадан шығармай, керісінше еске алып жүруге міндетті әрі ел ұланы ретінде борышты екенімізді әсте ұмытпауымыз керек.
Әсел ОРАЗБЕК, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Тараз қаласы