Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлеуметтік кодекс әр отбасын қамтиды

Әлеуметтік кодекс әр отбасын қамтиды
ашық дереккөз
Әлеуметтік кодекс әр отбасын қамтиды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру бойынша жұмысты бастауды тапсырған болатын. Президент тапсырмасы шеңберінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жұмыс тобымен бірлесіп, азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау мақсатында әзірленген Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы алдымен «Ашық деректер» порталында орналастырылды. Еуропалық одақтың Әлеуметтік кодексі негізге алынған кодекстің құрылымы 5 бөлім, 19 тарау және 267 баптан тұрады. Бұл бірінші кезекте халықтың өмір сапасын жақсарту үшін қабылданған құжат болып қалмақ. Әрі басты міндеті мемлекеттен ел азаматтарының қандай жағдайда, нендей көмек ала алатынын айқындау. Мысалы, қазіргі таңда сақтандыру жүйесі тек әлеуметтік төлем төлеуге бағытталған. Енді бұдан былай кодекс бойынша азаматтардың өзін жұмыс істеуге ынталандыру бағытымен жұмыс істейді. Яғни отбасылық жағдайы нашар азаматтарға мемлекет атаулы көмек беруге міндетті болса, енді көмек алушы азаматтар да мемлекет ұсынған шараларды қабылдап, өзін өмірлік қиын жағдайдан шығаруға күш салуға міндетті болады. Біз кодекстің басқа да қандай қырлары барын облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысынан сұрап көрдік. – Әлеуметтік кодекс аясында 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда пилоттық режимде «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Бұл ақпараттық жүйе әртүрлі мемлекеттік органдардан алынған мәліметтерді жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындайтын азаматтарға проактивті форматта, яғни алушының өтінішін күтпей-ақ көмек көрсетуді көздейді. Сонымен қатар жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендете отырып, қызметті жеделдетуге және тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі. Келісімді алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін тағайындау, содан кейін алушының банктік шотына аудару жүзеге асырылады. Сонымен қатар кодексті әзірлеу және қабылдау қазіргі уақытта қолданылып жүрген 16 заңның күшін жояды. Яғни қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері 5 заңмен регламенттелетін болса, енді бір ғана кодекс болады. Бұл ретте жаңа кодекс бүгінгі күні барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын, оның ішінде азаматтарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақылармен, жәрдемақылармен және төлемдермен қамтамасыз етуді, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді жүзеге асырады, – деді Еркін Келесов. Сонымен қатар жаңа кодекс мемлекеттік қолдаудың да ауқымын кеңейте түспек. Бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Әлеуметтік кодекстің жобасында да осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы толық сақталған. Дегенмен отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалық енгізіліп отыр. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұзартылады. Сондай-ақ бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана өзінің әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бұл төлем бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жүргізілген табыстың 40 пайызына тең. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейін, соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады. Төлем мөлшері жәрдемақы мөлшері деңгейінде жүргізіледі. Жаңа кодекс бойынша, бала күтімін атқаратын ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда төлемдер республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақы мөлшеріне сәйкес төленеді. Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс жобасы бойынша, енді «Наградталған аналар» мәртебесі енгізіледі. Бұл мәртебе көпбалалы ананың сіңірген еңбегін құрметтеу және тану ретінде өмір бойы «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге берілетін болады. Жаңа жоба бойынша наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланады. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алып отыр. Әлеуметтік кодекс қабылданғаннан кейін «Алтын алқа» алқасымен, І және ІІ «Ана даңқы» ордендері мен «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық ананы қамтиды. Ал атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылардағы балаларға берілетін көмек ақшалай түрге ауыстырылады. – Бүгінгі таңда Қазақстанда 190 мыңнан астам аз қамтылған отбасыдан 900 мыңға жуық адам атаулы əлеуметтік көмек түрінде мемлекеттен қолдау алады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілген төлемдер баланың жеке қажеттіліктеріне қарай, балаларға тамақ сатып алу үшін атаулы əлеуметтік көмек алатын отбасыларға ақшалай түрде жүзеге асырылатын болады. 2020 жылдан бастап атаулы əлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға қосымша заттай түрдегі азық-түлік жəне тұрмыстық жиынтықтар беріледі. Мемлекет басшысының Жолдауында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген əлеуметтік пакетті əрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде заттай көмектен ақшалай түрге ауыстыру туралы тапсырма берілді. Бұл шара шамамен 200 мың балаға қатысты болады деп мөлшерленуде, – дейді Еркін Егембердіұлы. Сондай-ақ аталған жоба бойынша, мүмкіндігі шектеулі баласы немесе азаматы бар отбасыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі толығымен қайта құрылады. Аталған құжатта зейнетақы жүйесіне қатысты және арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, жаңа көші-қон саясаты, жұмыспен қамтудың жаңа саясаты сияқты бірнеше бағытта өзгерістер де бар.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар