Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тастандылар қоғам қамқорлығында

Тастандылар қоғам қамқорлығында
ашық дереккөз
Тастандылар қоғам қамқорлығында
Дүние есігін ашқан әрбір сәби бақытты болуға құқылы. Бірақ тағдыр олардың маңдайына не жазғаны, қандай адамның өмірге әкелгені, қандай жағдайда, қандай ортада ғұмыр кешетіні бір Аллаға ғана аян. Баланың бақытсыздыққа тап болуы – қоғамды толғандыратын өзекті тақырып. Ата-анасыз, тірі жетім қалған бала қанша жерден мемлекет қамқорлығына алынып, қатарға қосылса да оған ешбір мекеме немесе өзге отбасы өз ата-анасындай жылу бере алмайды.  Десе де біз жетімін жылатпаған елміз. Өзі анадан кемтар болып өмірге келгенімен қоймай, артынша тірі жетімдікке ұшыраған сәбилер бұл өмірде көп. Екі бірдей тағдыр сынағы тумай жатып маңдайына жазылған жазықсыз балаларға біздің көрсетер қамқорлығымыз қаншалықты дәрежеде? Бір қуанарлығы, қазіргі таңда мұндай ерекше қажеттілігі бар нәрестелерді асырап алушы отбасылар арамызда баршылық. Олар мұндай күйге түскен сәбиді емдеп, аяғынан тұрғызуға барын салып, мейірімін төгіп те жатыр. Бірақ шынын айтуымыз керек, тастанды балаларды асырап алушылар арасында отандастарымыздың көбісі тәні сау, денсаулығы мықты, он екі мүшесі түгел бүлдірішіндерді таңдап жатады. Бұл мәселеге келгенде де ешкімді кінәлай алмаймыз. Өйткені денсаулығы қалыпты баланы бауырға басып, қамқорлық көрсету, дұрыс тәлім-тәрбие беру ісіне қарағанда кембағалдарды қамқорлыққа алып, қатарға қосу жауапкершілігі әлдеқайда жоғары. Өңірімізде осындай бүлдіршіндерді патронаттық тәрбиеге алып, денсаулығында кемістігі бар балаларды асырап отырған жандарға қоғам құрметпен қарауы керек. Біздің де бар айтарымыз – қайырымды адамдардың қамқорлығына бөленіп, асыраушыларды өз ата-анасындай қабылдап, жетімдігін сезінбей өскен жәудіркөздердің жанарынан ешқашан жас шықпаса екен деген тілек. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөз де тегін айтылмаса керек. Туғаннан кіндігі балалар үйіне байланған бөбектерімізге қамқоршы табылуы да осындай қанда бар қасиетіміздің арқасы. Тегінде, өмірі өкінішке толы, жетімдігі жүрегіне бататын балаларды ойласақ, қабырғамыз қайысады. Бірақ тастандылығын білдірмей, туған анасы мен әкесіндей әлпештей білу – патронаттық тәрбие берушілердің басты мақсаты. Қазіргі таңда балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің жағдайы жақсы. Әрбір қадамы Үкімет қадағалауында. Ата-анасыз шаңырақ астында өсіп келе жатқан жас буын өкілдеріне мемлекет тарапынан барлық жағдайлар қарастырылып тұрады. Бұл енді қоғамдық пікір. Десе де біз осы пікірге көз жеткізу үшін «Үміт» бөбектер үйіне арнайы бардық. Мекеме ішін аралап, балаларға расында да жақсы жағдай жасалғанына көз жеткіздік. Әдіскер Мадина Дархановамен де тілдестік. – Мұнда тәрбиеленген жеткіншектерді тиісті органдар бақылауда ұстайды. Асырап алушылар қамқорлыққа алған әрбір бала қадағалауда. Түрлі жағдайлармен бізге түскен тәрбиеленушілердің барлық жағдайын қарастырамыз. Сырқаты бар сәбилердің денсаулығын түзеу де басты назарда. Мысалы, күтімсіздіктің кесірінен бір аяғы кеміс болып келген балаға Астана қаласында арнайы ота жасалып, аяғына тұрды. Тілі де кеш шықты. Мекемеміздегі логопед, дефектолог мамандардың арқасында бала дұрыс сөйлей бастады. Қазіргі таңда патронаттық отбасында қамқорлықта. Жағдайы жаман емес. Баланы патронаттық тәрбиеге алушыларға келер болсақ, олар баланы асырап алмай тұрып көп уақыт біздің мамандармен бірге жұмыс істейді. Алдымен болашақ патронат ата-аналардың әлеуметтік және психологиялық жағдайын анықтап, бала тәрбиесімен айналысуға дайындайды. Олар толықтай тексерістен, дайындықтан өткен соң ғана сәбиді асырап алады, – деді ол. Облыс әкімдігі білім басқармасының баспасөз хатшысы Ару Датаеваның берген мәліметіне сүйенсек, облыста 18 жасқа дейінгі балалар саны – 458 368 болса, оның ішінде мыңнан астамы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. 946 бала Тараз қаласы мен аудандарда қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынған. 136-сы патронаттық тәрбиеде, 18 отбасылық үлгідегі балалар үйінде 65 бала, 2 қабылдаушы отбасында 10 бала тәрбиеленіп жатыр екен. – Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында – 54 бала, «Үміт» бөбектер үйінде – 10 бала, №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 19 бала тәрбиеленуде. Облыстық жасөспірімдер үйінде 66 жасөспірім тіркелген. Оның ішінде нақты тұрып жатқаны – 39, ал 20-сы кәмелетке толмағандар. Биыл арнайы мекемелерден 9-сыныпты бітіріп шыққан 7 түлек өз қызығушылықтары бойынша мамандық таңдап, колледждерге грант есебінен оқуға түсті. Облыста 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы іске асырылуда. «Мейірім» жобасының тұжырымдамасымен облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшыларына, бизнес өкілдеріне бекітілген. Осы жоба аясында 1 331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 52 миллион 300 теңге қаражат аударды. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсайды. Мемлекеттің алға қойған ең маңызды міндеттерінің бірі – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Облыста осы санаттағы балаларға соңғы 6 жылда 711 пәтер берілді, – дейді Ару Серікқызы. Тағдыр тәлкегіне тап болған балаларға патронаттық тәрбие беріп отырған мейірімді ананың бірі – Зүлфия Төленова. Оның етегінен өрбіген ұл-қыздардың саны үшеу болса, ал жеті баланы бауырына басқан. Біз Тараз қаласының Пірманов көшесінде тұратын З.Төленованың үйіне барып, оның қолында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайына да қанықтық. Мейірім мен жылуды Зүлфиядай анадан тапқан жасөспірімдер арасында ерекше қажеттілігі бар балалар да бар екен. Зулфия Сатымбекқызының тастанды балаларды бауырына басуына кезінде балалар үйінде күтуші болып қызмет етуі себеп болған. Балалар үйіндегі жәудіркөздердің жағдайын жақсы білетіндіктен оларды анасындай бауырына басып, асырап алуға ниеттеніпті. – 2005 жылдары балалар үйінде жұмыс істеп жүрген едім. Ол кезде балалар үйіндегі бүлдіршіндерге отбасылық тәрбие беруді көздейтін мемлекеттік бағдарламалар жаңадан жүзеге асырылып жатқан болатын. «Неге осы бағдарлама арқылы тастанды балаларға аналық мейірімімді төкпеске?!» деген ой келді. Осылайша балаларды бауырыма басуға бекіндім. Бүгінгі қоғамда денсаулығында ақауы бар сәби өмірге келсе, олардан туған ата-анасы безінетін заман болды. Ондай ата-аналар шетелдіктерге еліктей ме, әлде адамшылық қасиеттен шынында айырылып бара жатырмыз ба, осы жағы маған түсініксіз. Балалары мүгедек болып туса, оларға тастап кету түкке тұрмай қалды. Десе де өзім осы балаларды үйіме әкеліп баққаныма қуанамын. Солардың күлкісі арқылы өмірдің не екенін сезінемін. Біреудің көшеге тастап кеткен балалары менің үйімде өз баламдай еркелеп, өсіп жатқаны қуантады. Біреулер осындай жолмен бала бағуды кәсіп деп ойлайды. Негізінде балаларға үкіметтен берілетін жәрдемақы өздерінің ішіп-жемі мен киімінен артылмайды. Тастанды не кемтар баланы бағуға ниеттенгендердің жүрегі мейірімге толы болуы керек. Тұрмыс жағдайы да жақсы болуы шарт. Егер өз күнін зорға көріп отырған отбасы болса, ол онсыз да өмірдің қатал сынына ұшыраған балаларды тарықтырмауы керек. Мемлекеттен берілетін көмекті алуда құжат жағынан сауатты болуы қажет. Мысалы, мен күйеуім 2016 жылы өмірден өткеннен кейін мұндаға дейін қамқоршылық төлем ала алмай жүрдім. Себебі үй марқұм күйеуімнің атында еді. Соңғы жылдарда ғана қамқоршылық төлем алу үшін баспананы өз атыма аударып, құжаттарды реттедім. Бұл енді өз қателігім. Сол секілді заңдылықтарды реттеу де әжептәуір жұмыс. Бағдат есімді бір баланы сәби кезінде ата-анасы Қырғызстаннан өздері әкеліп тастап кетті. Ол екі аяғынан жүре алмайтын және сөйлей алмайтын. Тіпті тамақты арнайы блендерден өткізіп ішкізетінбіз. Шамамыз келгенше емдеттік. Қазір өзі тамақ жейтін жағдайға жетті. 12 жыл бағып-қағып, бала 18 жасқа толғанда ата-анасы алып кетті. Қазір ол 19 жаста. Одан кейін 3 бала бақтым. Балалар үйінен асырап алғанда екі аяғы жабысып туған 1 сәбиді емдетіп, 8 рет ота жасатып, аяғының арасын ажыраттық. 2009 жылғы, есімі – Нұрболат. Ол қазір өз еркімен жүріп-тұра алады. Ал Әділхан, Аян деген екі баланы 8 айлық кезінде үйге әкелдім. Олардың дені сау, өзге ұлт өкілінің балалары еді. Сондай-ақ Борис, Айлин, Жасмин есімді 1 анадан туған, бірақ әкелері бөлек балаларды да бағып отырмын. Аналары ішімдікке салынып кеткен. Шу ауданынан Гүлнұр есімді 1 қызды асырап алдым. Анасы балтамен қолын шауып тастаған екен. Шешесі есірткіге, ішкілікке салынған. Бір үйдің ұлты орыс 1 ұл, 1 қызы бар еді. Оларды өсіріп, аяқтандырдым. Қызымыз қазақтарға келін болып, ұлымыз қазақтан келін алды. Құдағи атанып, олардан немере сүйдік. Қазіргі таңда 1966 жылғы, отбасы жоқ, ақыл-есінде кемістігі бар бір адамды да қарап отырмын, – деді Зулфия Сатымбекқызы. Міне, сан түрлі тағдыры бар балаларға аналық мейірімін төгіп, қамқорлық көрсетіп жүрген З.Төленовадай аналарға Алла күш-қуат берсін. Өскелең ұрпақ ата-анасыз өссе де қамқоршысы халық, отбасы Отанымыз болып қала беретіні анық. Біреу баладан безінсе, оны келесі біреудің бауырына басуына түрткі боп тұрған қасиет – мейірім. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Адам нәсілін жер бетінде баяндатып тұрған бірден-бір күш – мейірім мен рақым ғана» деген сөзі жоғарыдағы ойымызды толықтыра түсері анық. Қазақ қоғамында жесірге демеуші, жетімге жебеуші, пана бола алатындар табылар. Бірақ туған баласын «тастанды» атандыратын ата-аналар саны азайса екен.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар