Білім
РОТАЦИЯ МЕН «НОТАЦИЯ»: ДИРЕКТОРЛАРДЫҢ АУЫС-ТҮЙІСІ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРА МА?
- author AR-AY
- 20 қыркүйек, 2022
- 298
РОТАЦИЯ МЕН «НОТАЦИЯ»: ДИРЕКТОРЛАРДЫҢ АУЫС-ТҮЙІСІ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРА МА?
Жаңа оқу жылындағы жаңалықтардың бірі – орта білім беру мекемесінде ұзақ уақыт жұмыс істеген мектеп директорлары үшін алғаш рет ротациялау жүйесінің енгізілгендігі. Ротация латын тілінен аударғанда – «rotatio» дөңгелек, айналу деген мағынаны білдіреді.
Ротациялаудың негізгі ережелері қандай? Әуелі осыған тоқтала кетсек. Ведомстволық құжатта: «Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеген басшылар ротацияланады. Бұл ретте осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап төрт жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады. Алайда егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Яғни бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс. Екіншіден, ротациялаудың бекітілген шарттары бар. Ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады. Ротация бір елді мекен аумағында жүргізіледі. Ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді және ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарау үшін комиссия жұмыс істейтін болады. Тағы бір ескерерлігі, зейнеткерлікке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған директорлар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін оның өзі өтініш жазуы шарт. Ротациялау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және тұтастай алғанда бұл қағидалардың жергілікті жерлерде дұрыс іске асырылуы үшін министрлік мониторинг жүргізетін болады», – делінген.
Бұл өзгеріс қоғамда қызу талқыға түсті. Жұртшылықтың бірі «дұрыс, мықты кадрды жоғалтпау керек» десе, енді бірі «директорлар айналым арқылы лауазымын сақтап жүре бере ме, жеті жыл істеген соң басқаларға да мүмкіндік беру керек, білімді, жаңашыл жастарға да мүмкіндік берсін» деп қоғам пікірі екіге жарылуда. Тағы біреулер «жаңа жүйе – жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді» деген сеніммен күн кешіп жатыр.
Қордай ауданындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Айнұр Абықаева жаңа жүйеге қатысты «қосылғаштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді» деген пікірде.
– Біздің ауданда мектеп директорларын ротациядан өткізіп отыру әдісі бұрыннан бар. Одан аса қатты өзгерісті байқаған жоқпын. Мектеп оқушыларының білім сапасын көтеріп, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, заман талабына сай инновациялық əдістерді енгізіп, жалпы ұжымды жұмылдырып, білімді, білікті, жоғары дəрежеде жұмыс атқарып жүрген директор қай мектепке барса да өзін дәлелдеп шығады. Ал керісінше, əйтеуір «сен тимесең, мен тиме» деп директор деген атқа мəз болып жүрген мектеп басшыларын қайтеміз?! Ол басқа оқу ордасына барып, жолға қойылған тірлікті бір-ақ жылда бұзып тастамай ма? Менің ойымша әуелі басшыны білім беру ұйымына тағайындар кездегі талаптарды күшейту керек. Ол үшін талапкердің адами қасиетінен бастап, сауаттылық, білім, біліктілік, ұйымдастырушылық сынды қарым-қабілеттерінің барлығы бағаланатын əдістерді пайдалану қажет. Жанымызға бататыны – білім беру мекемелеріндегі басшылардың, орынбасарлардың жылы орындарынан айырылғысы келмейтіндігі. Көпшілігі – ұзақ уақыттан бері бір орында отырған, алды зейнет жасына жақындап қалған мамандар. Жалындап тұрған жастар көп. Бірақ олардың дені қызметте өсе алмай жүр. Соның салдарынан талай білім ордасында кадр тапшылығы сезілуде, – дейді Айнұр Болатқызы.
Біздің өңірде де мектеп директорлары арасындағы өзара лауазым ауысу жүргізілді. Басшылық қызметте жеті немесе одан да көп жыл отырған тұлғалар назарға ілікті. Дейтұрғанмен бұдан жемқорлық жойыла ма? Ата-аналар не күтеді? Осы жағын шама жеткенше тарқатып көрсек.
Жамбыл облысында 361 орта, 33 негізгі және 50 бастауыш мектеп бар. Бүгінгі таңда аталған мектептердің 29-ының директоры ротация тәртібіне сай ауыстырылған.
«Өңірде 443 мектеп бар болса, оның ішінде 29 мектептің директоры осы жылы ротация қағидатына сәйкес басқа мектептің директоры қызметіне кірісті. Одан бөлек мектепке дейінгі ұйымдардың жетекшілері де ауыстыру тәртібіне сәйкес басқа қызметтерді атқармақ. Олардың саны – 30. Жалпы алғанда, министрлік бекіткен қағидатқа сәйкес бір білім беру ұйымында жеті жылдан астам уақыт басшылық қызмет атқарған директорлар ротацияға түсті. Жалпы, бұл жұмыс мектептердің көрсеткішіне, бала санына, білім берудегі жаңашылдығына сай жүзеге асырылды. Басқа қызметке ауысқан басшылардың басым бөлігі Тараз қаласындағы директорлар болып отыр», – дейді облыстық білім басқармасы педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы Қарлығаш Қонысбекова.
Білім басқармасының мамандары берген деректерге сүйенсек, Талас, Меркі, Сарысу, Қордай аудандарында екі мектептің директоры қызмет ауыстырса, Шу ауданында бес мектептің директоры жаңа білім беру мекемесін басқаруда. Қалған ауыс-түйістер Тараз қаласында орын алған. Анығырақ айтсақ, ауыс-түйістің жартысынан астамы облыс орталығына тиесілі. Ротацияға түскен директорлардың ішінде бір қызметті 18 жылға жуық уақыт атқарғандар да бар.
Министрлік бекіткен қағидатқа сәйкес атқарылатын ротациялау жұмысы тоқсан сайын жалғасын таппақ. Қарлығаш Қонысбекованың айтуынша, осы жылдың аяғына дейін тағы үш мекеменің басшысы ауысады. Сондай-ақ 16 мектепке дейінгі білім беру ұйымының басшысы жаңа орында жұмысқа кіріспек. Бұдан соң келесі жылдың жағдайы зерделенбек.
Қандай да болсын басшылар ауысқан кезде командалық өзгеріс орын алатыны белгілі. Бұл жағдай білім саласында да қайталануы мүмкін бе? Басшы үйреніп қалған, тәжірибелі маманды өзімен ертіп келуі де ғажап емес.
– Өңіріміздегі жұмыстар министрдің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. А.Аймағамбетовтің өзі командалық ауыс-түйіс болмауы керегін шегелеп тапсырған болатын. Басшылар орынбасарын, бас бухгалтерін өзімен ертіп кете алмайды. Басқа да мамандарды әкетуіне тыйым салынады. Бұл жағдайды мектеп директорларына қатаң ескерттік. Сондықтан жаңадан тағайындалған директорлар өзі басшы болған мекемедегі қызметкерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады. Біз бұл мәселені қатаң қадағалауда ұстайтын боламыз, – дейді ол.
Облыс бойынша Тараз қаласында ғана көптеген басшының ауысып, жаңа жүйе аудандарға көп өзгеріс әкелмегендігі көпшіліктің таңданысын тудырды. Басқармадағы мамандардың айтуынша, ротация тәртібі жалғыз мектебі бар елді мекендерді қамтымайды. Басқа мектепке ауысқан директорлардың басым бөлігі Тараз қаласын қамтып отырғандығының себебі осында жатыр.
Жамбыл облысында жалғыз Мойынқұм ауданында ғана кейбір елді мекендердің арақашықтығы 180-250 шақырымды құрайды екен. Басқа аудандардағы ауылдардың арасы айтарлықтай алыс емес. Сол елді мекендерде тапжылмай отырған директорлардың басқа қызметке ауыспауы аталған мектептердегі білім саласына үлкен серпіліс әкеледі деген жаңа жүйенің кемшін тұстарының бірі. Ұл-қызымыз лайықты білім алса деп алаң болған ауылдағы ата-аналарды алаңдатқан осы бір мәселе алдағы уақытта назарға алынса дейміз. Сонда бірінші кезекте ұжымдағы жұмысты жүргізу, білім беру ісіндегі процестер өзгерер еді. Қалай болған күнде де жаңа басшы келген жерде жұмыс жаңаша сипат алады ғой. Ротация талаптарында осы мәселенің ескерілмегені өкінішті.
– Бір мектебі ғана бар ауылдық жерлерде ротациялау қиынға соғуда. Бір ауылда бір ғана мектеп болса, ротация жүргізілмейді делінген. Меніңше білім мекемелері басшыларының арасындағы ауыс-түйісті бір ауылдың емес, ауданның ішінде жүргізгенде дұрыс болар еді. Жаңа заңның жылымығын шалғай жатқан елді мекеннің тұрғындары да көрсе дейміз. Әсіресе заманауи ағымға ілесе алатын, жаңаша ойлай білетін жас мамандар басшылыққа келсе несі жаман? Ауылда еленбей жатқан, қанша талант бар. Сол дарынды балаларды жетістікке итермелейтін, жаңаша көзқарасы бар жас мамандар ауылға да, ауылдағы білім ордаларына да көп өзгеріс алып келер еді, – дейді мойынқұмдық ардагер ұстаз Тұрсынтай Қалдарбеков.
Орайы келгенде айта кетсек, біздің өңірдегі мектеп директорларының басым бөлігі – нәзік жандылар. Соңғы деректерге зер салсақ, бүгінде 282 директор әйел болса, 121 басшы ер азамат екен.
Қалай болғанда да, ротация білім саласына біраз өзгеріс әкелгелі тұр. Ол өзгерістердің оң, әлде теріс болуы осы үрдістің қаншалықты пысықталғанына, кемеліне келтірілгеніне байланысты болмақ.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала