Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ШӘМШІДЕН ҚАЛҒАН ШАҢЫРАҚ музейге айналса игі

ШӘМШІДЕН ҚАЛҒАН ШАҢЫРАҚ музейге айналса игі
ашық дереккөз
ШӘМШІДЕН ҚАЛҒАН ШАҢЫРАҚ музейге айналса игі
Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек. Бұлай деуімізге себеп, Шәмшінің Жалпақтөбедегі шаңырағы төңірегінде жамбылдық қаламгерлер талай жазды. Бірақ бұл әуен өзгермеді. Тек игі іске бастама боларлық майда-шүйде тірліктер ғана атқарылды. Кезінде асылымыздың алақанының табы, аяғының ізі қалған қасиетті бұл шаңырақ қазір жеке зәулім, үлкейтілген тұрғын үй қалпында тұр.  Жеке біреудің меншігіне, құқығына қол сұғудан аулақпыз, бірақ «Сол үй әйгілі сазгердің музей үйіне айналса» деген көп тілегі көкейкестілігін әлі де жоғалтқан жоқ. Бұл республикалық, облыстық басылымдарда сан мәрте көтерілген өзекті мәселе. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, қаламгерлер айтуын айтудай-ақ, жазуын жазудай-ақ жазып жүр. Бірақ әлі күнге өзгеріс жоқ. Бір кездері Алматыдан Жамбылға қоныс аударған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың қабырғасын өз қолымен қалаған баспанасы қазір жекеменшіктің қолында. Оны жекеден мемлекет меншігіне өткізіп, мұражайға айналдыру әлі мәселе тудырып тұр. «Қазақ вальсінің королі» Жамбыл ауданына қарасты бұрынғы «Дунгановка», қазіргі Жалпақтөбе ауылында 1973 жылдан 1991 жылға дейін ғұмыр кешкен. Ондағы тұрғындардың көмегімен үй салып, жиырма жылға жуық тұрақтайды. Үйден бұрын әуелі гараж салып, сол гаражын біраз уақыт баспана ретінде пайдаланған екен. Содан соң шағын қоржын там тұрғызған. Осы ауылда бұрыннан қоныс тепкен дүнген ұлтының өкілдерімен жақсы дос-жаран болып араласқан. Өз атына берілген көшедегі баспана мен гаражының қазір қаңқасы да жоқ. Есесіне ол осы жер учаскесінде талай таңды атырып, талай кешті батырған. Ескі үйдің орнына кейінгі иесі зәулім үй салған. Композитордың Жалпақтөбеде гаражда тұрып жатқанын білген ақын Абдула Бақберген сол кездері Тараздағы кірпіш зауытының директоры болып жүргенде 1 үй салуға жетерлік күйдірілген қыш кірпішті тегін берген екен. – 1986 жылдары Шәкең Жалпақтөбеден үй салып жатқанда бірнеше көлікпен кірпіш түсіріп бердім. Бүкіл зауыттың жұмысын тоқтатып қойып, Шәмші ағаның көліктеріне кірпіш салдырдым. Өте риза болып қайтты. Кейіннен жақсы араласып, інісіндей болып кеттім. Шәкеңнің Жалпақтөбедегі баспанасын композитордың жеке музейіне айналдыру жөнінде сол кездегі облыс басшыларына айтқанмын. Сол шаруа әлі шешілмей келеді, – дейді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Абдула Бақберген. Бұл үйді 20 жыл бұрын Талас ауданындағы Ақкөл ауылының Дәуіт есімді тұрғыны Шәмші Қалдаяқовтың туысқандарынан сатып алған көрінеді. Мұны бізге ауылдық округ әкімі Ержан Данаев айтып берді. – Қазіргі таңда бұл үйді иесі сатпайды. Осыған дейін бұл мәселені көтеріп біраз журналист жазған. Бірақ еш шешімі табылмады. Бір қуанатынымыз сол, композитор үйі тұрған көшеге Ш.Қалдаяқовтың атын берді. Үйдің қабырғасына «Бұл үйде 1973-1991 жылдар аралығында Қазақстанның халық әртісі, «Қазақ вальсінің королі», көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов тұрған» деген тақтайша ілінді және Жамбыл аудандық мәдениет бөліміне қарасты Жалпақтөбе ауылдық мәдениет үйіне Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілді, – дейді ауыл әкімі Ержан Данаев. Қазір сол үйде тұрып жатқан үй иесімен сөйлесейік деген ниетпен қақпасын қағып едік, ешкім ашпады. Тек терезден әлдебіреу пердені ысырып, сығалай қарады. Бәлкім, жас баласы болғандықтан есік қаққан бізге жауап беруге мұршасы болмаған шығар, әлде бейтаныс адамдардан сескенді ме екен? «Мұнда бір кездері қазақтың маңдайына біткен ұлы сазгер тұрғанын маңайдағылар біле ме екен?» деген оймен көрші үйге беттедік. Есігі ашық тұр екен, ол үйден егде әйел шықты. Ұлты дүнген, қазақша түсінгенімен жауабы орысша екен. Газет тілшісі екенімізді білгеннен кейін қора жақта мал жайғап жүрген баласын шақырды. Жасы 35-тен асқан Фархад Гашизов есімді жігіт бала кезінде Шәмші Қалдаяқовты көргендігі туралы өз естелігімен бөлісті. – Мен ол кезде 4-5 жасар баламын. Ақ түсті 2107 маркалы «Жигулиі» бар болатын. Сол көлігіне мінгізіп алып, ауыл ішін аралатушы еді. Ойын баласымыз, бізге конфет, домалақ дәрумен, тәтті секілді не керектің бәрін алып беретін. Есімде қалғаны, Ш.Қалдаяқов орта бойлы, басында қаракөл қойының терісінен тігілген бас киімі бар, өзі көңілді кісі болатын. Осы үйде жалғыз тұрған соң ба, жататын жерін гаражға ыңғайластырып алды. Менің әкем Осман Гашизов және анам Асиямен көрші, дос ретінде жақсы қарым-қатынаста болды. Тіпті ол кісіге осы көшедегі кез келген үйдің есігі ашық еді. Тағы бір есімде қалғаны, «Менің елім» деген әнін «Болашақта тәуелсіздігімізді алған соң Қазақстанның Әнұраны болады, соны мына сендер шырқайтын боласыңдар», деп айтатын. Ол кезде бұл сөзге біз бала болған соң аса мән бермеп едік. Міне, қазір айтқаны келді. 2006 жылы осы ән қазақтың Әнұраны болып бекітілгенде сол кісінің осы сөздері, менің есімді білер-білмес балалық шағымның кей сәттерінің көрінісі көз алдыма оралды. Жарықтық, сазгер жүрегі бәрін сезген екен ғой. 1988 жылы 31 желтоқсанда, тура жаңа жылға 1 сағат қалғанда өмірге келген қарындасымның есімін Альмира деп Шәмші Қалдаяқов атам қойғанын біз мақтанышпен еске аламыз, – деді Ф.Гашизов. «Қазақ вальсінің королі» қазақтың ғана емес, барлық әулиеаталықтардың ортақ мақтанышы. Оның ізін жаңғыртатын ортақ мәселе облысымызда әлі шешімін таппай келе жатқаны іш қынжылтады. – Ш.Қалдаяқовпен 1979-1980 жылдардан бастап таныс болдым. Таныстығымызға ағам Осман Гашизов себепші болды. Ағам Жалпақтөбеден жер телімін алды. Ол уақытта бауырымыз екеуміз де бойдақпыз. Сол кезде бұрынғы Жалпақтөбе (қазіргі Жібек жолы) көшесі, 33-үйде тұратынбыз. Марқұм анамыз тірі еді. Бір күні ағам: «Маған бір композитор кісі көрші болды», деді. Содан анамыз бізге: «Ол кісіні қонаққа шақырыңдар, үйге келіп дәм татсын, танысайық», деді. Міне, Шәмшімен достық қатынасымыз осылай басталды. Ол кісі өте қарапайым еді. Адамдармен тез тіл табысатын. Бос уақыттарында біздің үйге келіп тұрушы еді. Біздің шаңырақ оған да ортақ болатын. 1984 жылы ағам екеуміз қатар үйленіп, тойымызды жасадық. Сол тойымызды Шәкең басқарды. Шәмші ағамыздай ұлы адаммен туған бауырдай болып араласқанымызды мен өте мақтан тұтамын, – дейді дүнген ұлтының өкілі, жасы 60-тан асқан Исмаил Гашизов. Композитордың осы ауылда жазған атақты «Дүнген қызы» әнінің тарихын сұрап едік, ол айтқысы келмеді. Бұл жұмбақтың бір тұңғиық сыры бар сынды. Исмаил ағамыз осы әннің нақты кейіпкері кім екенін білетін сыңайлы. «Тарихты неге жасырасыз?» деп едім, «Әзірге айтуға болмайтын әңгіме», деді ол. Ш.Қалдаяқов тұрған үйді музейге айналдыруды кез келген адам құптайтыны анық. Осы орайда ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызының пікіріне құлақ түрдік. – «Қазақ вальсінің королі», еліміздің Әнұранын жазған, ұлтымыздың аяулы перзенті, қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірінің соңғы жылдары Жамбыл жерінде, Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылында өткені белгілі. Қазіргі кезде халықтың жүрегінен орын алған, әнсүйер қауымның аузынан түспейтін, қазақ эстрада жұлдыздарының репертуарындағы «Дүнген қызы» әні. Бүгінде аты аңызға айналған композитордың көзі тірісінде тұрған үйін музейге айналдыру жайлы мәселе көтеріліп, баспа беттерінде жазылып, талай жарық көрген болатын. Бірақ нәтиже болмады. «Ештен кеш жақсы» дейді халық даналығы. Соны қайта жаңғыртып, халықтың игілігі үшін қолда бар жәдігерлерді, қасиетті Әулиеатада туған әндердің ноталарын, кітаптарды, Шәмшіге қатысты деректерді, жазылған мақалаларды, басқа да өзі ұстанған заттарды, өткізілген алғашқы халықаралық байқау жайында жазылған материалдар мен бейнетүсірілімдерді жинақтап, толықтырып, бір игі іс жасауымыз керек деп ойлаймын. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа рухани, баға жетпес дүние болар еді, – деді Ғ.Әлімбекқызы. Шәмші Қалдаяқов тұрған үй талай ұлылардың ізі қалған, тарихы тереңде жатқан шаһарымыздың құнды жәдігерінің бірі деп білемін. Осы бағалы жәдігердің қадіріне уақыт оздыра бермей жетейік, өткенге құрметпен қарай білейік.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар