Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халықтың мұңы – жарықтың «жыры»

Халықтың мұңы – жарықтың «жыры»
ашық дереккөз
Халықтың мұңы – жарықтың «жыры»
2010 жылы бекітілген Тараз қаласының Бас жоспарына сәйкес Жамбыл және Байзақ ауданына қарасты бірқатар елді мекендер мен саяжайлар облыс орталығының құрамына енген болатын. Қазір сол елді мекен мен саяжайлардың бірқатары Тараз қаласы әкімдігінің №11 аумақтық округінің құрамында. Нақты айтқанда, сол кезде «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Жиделі», «Шаңырақ» ықшамаудандары құрылып, осы аумақтық округке енген еді. Мұны айтып отырған себебіміз, содан бері аталған ықшамаудандардың тұрғындары әркез ауызсу, көгілдір отын, электр жарығы, жол, спорттық, балалар ойын алаңы іспетті коммуналдық қызметке немесе әлеуметтік салаға қатысты сан түрлі мәселелерді оқтын-оқтын көтеріп отырды. Өз кезегінде қала әкімдігі де мейлінше тұрғындар базынасын ескеріп, олардың тарапынан көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тапты. Аталған ықшамаудандарда шешімін күткен мәселелер әлі де баршылық. Тараз қаласы №11 аумақтық округтегі ықшамаудандар қатарында бас-аяғы 28 саяжай бар болса, оның ішінде «Химик», «Береке», «Финансист», «Юбилейный», «Ветеран». «Победа» секілді 14 саяжай «Шөлдала» ықшамауданына тиесілі екен. Жақында редакциямызға осы «Шөлдала» ықшамауданының «Победа» саяжайындағы Парасат көшесінің бір топ тұрғыны атынан Салима Кеншімбаева хабарласып, қыстың көзі қырауда жарықтың тек түнде ғана берілетінін, үй іші суып, қабат-қабат көрпе жамылуға мәжбүр болғандарын жеткізді. Қалың қар жауғалы қайта-қайта қабарласқан «шөлдалалықтардың» уәжін тыңдаудың сәті 11 қаңтарда түсіп, сол күні аталған саяжайға жол тарттық. – Біз өзі қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Еліміз дамыған отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылып жатқанда біздің жарықсыз отыруымыз түсініксіз. Екі айдан бері жарық күндізгі сағат 09:00-ден аса сөнеді. Одан кейін кешкі сағат 18:00 мен 19:00 арасында жанады. Электр жарығын осылай кестемен беру тек тоқсаныншы жылғы тоқырауда ғана болғанын білемін. Жұрттың айтуынша, электр қуатын осылай сөндіру арқылы билік үнем жасап отырған көрінеді. Мұндағы тұрғын үйлер газ құбырына қосылғанымен, алайда газбен жылытылатын пеш электр қуатына қосылатын құрылғы арқылы жұмыс істейді. Жарық сөнгенде ол да өшіп, пеш «фительдік» режимге түскендіктен оның жылу жүйесін ысытуға шамасы келмейді. Осылайша қалай кеш батады, солай үйдің іші суып кетеді. Өзіміздің төрағаға сан мәрте шағымдандық. Ол Тараз қаласының әкімі бұл мәселеден хабардар екенін, жақын арада шешілетінін айтып, жұртты алдарқатумен келеді. Сіздермен кездесуден бас тартты, бізге де «Жарықты реттеуге уәде берген жауаптылардын ұят болады» деп шағымданбауды өтінді. Сонда қала билігіндегі жауаптылардың абыройы біздің денсаулығымыздан артық па?! – деді ол. Жасы 70-тен асқан Светлана Корвиякова үйде 80 жастағы жұбайы екеуі ғана тұратынын, қарт адам үшін суық үйде күн кешу ауыр соғып жатқанын, тіпті Жаңа жыл мерекесінде де жарық кестемен берілгенін сөз етті. Жұмаш Тасмағанбетова суықтың салдарынан үйіндегі бала-шағасы шетінен ауыра бастағанына алаңдады. Фатима Кубеева есімді тағы бір тұрғын: «Біздің қандай күйде отырғанымызды өз көздеріңмен көріңдер», деп үйіне ертіп барды. Үйдің кіреберіс бөлмесіне 10 литрлік шелектен бастап 40 литрлік фляг, тіпті шара-кастрюльге дейін суға толтырып қойыпты. Мұның мәнісін сұрасақ, жарық сөнгенде ауызсу да тоқтайтынын, сол үшін ыдыс біткенді осылай суға толтырып алатындарын айтты. – Жасым 70-те. Алты немерем бар. Жаздың күні болса мейлі екен, қыс қаһарына мінген мынадай мезгілде жарықсыз өмір сүру бір сәтке де оңай емес. Біз қазір жарқанат болдық. Кештің батқанын қатты күтетін бізден басқа пенде жер бетінде жоқ шығар. Себебі кеш батса жарық жанады, сол кезде мұң қатқан қабағымыз сәл жібіп, тірлікке кірісеміз. Кір-қоңымызды жуу, киім үтіктеу, ас әзірлеу секілді тірліктерді түнделетіп атқаруымызға тура келеді. Осындағы кейбір тұрғындардың тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық техникалары электр қуатының біресе төмен, біресе жоғары болуы кесірінен күйіп кетті. Үйіміздегі газбен жылытылатын пеш арнайы құрылғыға қосылған. Ол құрылғы электр қуаты арқылы жұмыс істейді. Егер жарық сөнсе, оның сигнал беретін қосымша жабдығы болады. Сол күйіп кетіп, 7 мың теңгеге жаңасын сатып алдым. Осындай шығын кез келген үйде кездеседі. Біздің білуімізше, мұнда электр қуаты «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы қамтамасыз етіледі. Ал бұл Тараз қаласының құрамындағы ықшамаудан болғандықтан электр энергиясы үшін неліктен аталған кәсіпорынға тәуелді екенімізді түсінбеймін. Бізге неге электр жүйесі Тараз қаласы арқылы тартылмайды? Бұл кәсіпорын жарықты әдейі сөндіретін сыңайлы, – деді Ф.Кубеева. Бір айта кетерлігі, сол күні аталған саяжайға біз барғанда электр жарығы жанып тұрды. «Жауаптылар журналистердің келетінін біліп, жарықты әдейі сөндірмеді ме екен? Ертең қайтадан өшсе, күніміз не болмақ?» деп тұрғындар қынжылды. Осыдан кейін біз Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевқа хабарластық. Ол бұл мәселеден толық хабардар екенін жеткізді. – Бұл мәселе «Шөлдала» ықшамауданының «Юбилейный» және «Победа» саяжайында орын алды. Ол жаққа электр қуаты «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы беріліп отыр. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков осы мәселе бойынша тұрғындармен кездескен болатын. Одан кейін жеке қабылдау да өткізді. Негізі бұл мәселемен қазір ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаменті айналысып жатыр. Өйткені электр желісінде бір ақау пайда болған. Соны анықтау үшін осы мекеме тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр, толық мәліметті аталған мекемеден алсаңыздар болады. Ал «Шөлдала» ықшамауданының электр желісін қалаға қосу жұмысы осы күнге дейін қарқынды жүргізілді. Электр бағаналары орнатылып, желі тартылып қойды. Десе де аталған жұмыстарды жүргізу барысында электр желісі бұрын жүргізілген газ құбырына келіп тірелді. Қазіргі таңда жұмысты аяқтау үшін «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының келісімін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мекеменің келісімін алған кезде «шөлдалалықтар» қаланың электр жүйесіне қосылатын болады, – деді Нұрбол Бекежанұлы. «Шөлдалада» жарық уақытша жанып тұрған жоқ па? Осының себебін білу үшін біз аталған министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаментінің басшысы Айдар Қуатбековке жолықтық. Ол атқарылып жатқан жұмыстарды бүге-шігесіне дейін айтып берді. – «Шөлдалада» жарық негізі қараша айынан бастап өше бастаған. Ал біз бұл жағдайды желтоқсан айында білдік. Аталған ықшамауданның тұрғындарын 14 желтоқсанда қабылдап, жағдайға қанықтым. Олардың шағымы бойынша «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Тараз металлургиялық зауытына тексеру жүргізуді қолға алдық. Дегенмен ҚР Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыс бойынша басқармасы Тараз металлургиялық зауытына тексеру тағайындау актісін тіркеуге алмады. Себебі бұл кәсіпорын тұрғындар жазған арызда көрсетілмеген. Бұл шарамен шектелмей, департамент ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес Тараз металлургиялық зауытына барусыз профилактикалық тексеріс жүргізді. Ол дегеніміз, арыз бойынша мән-жайды анық-қанығын айқындау мақсатында ресми түрде қажетті құжаттар (техникалық құжаттамалар, сызбалар, және тағы басқа құжаттар) сұраныс хат жолдау арқылы алынып, зерделенді. Сонымен, желтоқсан айында Тараз металлургиялық зауытынан шығатын «Қазфосфат» ЖШС-на тиесілі жоғары кернеулі электр желісін тексеру барысында бірқатар ақаулар мен кемшіліктерді анықтап, сол бойынша ол кәсіпорынға нұсқамалар бердік, айыппұл да салынды. Бірақ жарықтың сөнуіне бұл себеп емес еді. Тараз металлургиялық зауытының жарық таратқыш құрылғыларында орналасқан 40, 20-«ячейкалар» арқылы, жоғары кернеулі тоқ «Қазфосфат» ЖШС-ның кернеуі 6 кВ №1, №2 әуе электр желілері арқылы «Шөлдалаға» жіберіледі. Аталмыш әуе электр желілерін сынақтан өткізу барысында «Қазфосфат» ЖШС-ның жылжымалы зертханасы істен шықты, оны жөндеу ұзақ уақыт алатындықтан тәуелсіз зертхана іске қосылды. Ол жерден аталған елді мекенге тартылған электр жүйесіне қатысы бар 10 трансформатордың үшеуі зертханалық тексеруден өтіп, біреуінен ақау табылды. Жетеуі бойынша зерделеу жұмыстары әлі жалғасуда. Негізі «ячейканың» түрлі ақаулардан қорғанысы болады. Тоқ кернеуі шамадан тыс көп болғанда, желіде қысқа тұйықталу пайда болғанда және басқа да жайтқа байланысты жүктеме артса, «ячейканың» қорғаныс құрылғысы автоматты түрде іске қосылып, жан-жаққа тарайтын электр қуаты сөнеді. «Шөлдаладағы» мәселе осыған қатысты болып отыр. Десе де біз аталған қорғаныс құрылғысын алдырып тастадық. Сөйтіп, оның орнына тоқ кернеуінің күші таблода көрсетіліп тұратындай еттік. «Шөлдалалықтарға» жарықты тәулік бойы берудің амалы осылай жасалды. Бірақ бұл өте қауіпті, тіпті «ячейкалар» жарылып кетуі мүмкін. Тұрғындар үшін осындай тәуекелге баруға мәжбүр болдық. Өйткені «ячейкалар» қазір шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар «Юбилейное», «Победа» тұтыну коопертивтеріндегі құрылысы қала әкімдігінің қаржысы есебінен жаңадан тұрғызылған электр желілері жақын күнде іске қосылса, «Шөлдалаға» баратын желі жүктемесі де көп азаяр еді, – деді Айдар Ілесбекұлы. «Шөлдалаға» жарық тәулік бойы берілсе де ақаудың нақты неден болып жатқанын анықтау жұмыстары әлі де жалғасуда. Жағдайды Айдар Ілесбекұлы басқаратын мекеме бақылауда ұстап отыр. Тұрғындарға жаңа желі іске қосылып, электр желілеріндегі зертхана тарапынан жүргізіліп жатқан сынақ нәтижесі бойынша ақау анықталып, жүйе қалпына келгенше сабырлық тілейміз. Бастысы алдағы уақытта жағдайдың реттелетініне сенім бар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар