Жаңалықтар
Несиесі бар сарбаздар оны 13 айдан кейін әскерден келгенде төлей алады
- author AR-AY
- 16 қаңтар, 2023
- 229
Несиесі бар сарбаздар оны 13 айдан кейін әскерден келгенде төлей алады
Мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтың несиесі болса, оны төлеу 13 айға кейінге ауысады. Қорғаныс минстрлігі бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері Руслан Тапашев осылай мәлім етті, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Қазір мерзімді әскери қызметке шақырылатын және мерзімді әскери міндетін атқарып жүрген азаматтардың несиесін кейінге қалдыру мәселесі көп сөз болып жатыр. Осыған сәйкес, біздің Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарғын реттеу және дамыту агенттігі арасында 2022 жылдың 5 желтоқсанында меморандумға қол қойылды. Соған сай іс-қимыл алгоритімі бекітілді және қазір бұл бағытта толыққанды жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді әскери қызметке шақырылған немесе оны өткеруші азаматтарға әскери бөлім ұсынған анықтама арқылы екінші деңгейлі банктер алдындағы олардың несиесі кейінге қалдырылады. Бұл уақыт 13 ай деп көрсетілген. Өйткені, әскери міндетті өтеу мерзімі 12 ай. Ал қосымша 1 ай әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасуы үшін беріледі», - деп түсіндірді бас штабтың өкілі.
Руслан Тапашевтің айтуынша, азамат әскери бөлімге барғаннан кейін бөлім командиріне өтініш беріп, анықтама алады.
Кейін ол құжат сенімхат бойынша әскери қызметті өткеруші адамның туыстарына беріледі.
Тиісінше, олар анықтаманы қарыз алған екінші деңгейлі банктерге ұсынады және сол сәттен бастап несиені төлеу кейінге қалдырылады.