Ирригациялық жүйенің игілігі мол
Кезінде талай шапқыншылықты бастан өткерген көне Тараз қаласы тағдыры өткір ұстараның жүзінде тұрған замандарда жер бетінен жойылып кетпей, барын құнттап, өткенін ұмытылмастай етіп тарих бетіне таңбалаған жауһар жақұт іспетті. Өткенге ой көзімен қарасақ, Тараздың бір кездері өркен жайған қала болғанын аңғару қиын емес. Әсіресе жер астынан табылған қыш құбырлардан жасалған су жүйелері көне шаһардың ерте заманда-ақ өркениетті қала болғанын айғақтай түседі. Бүгінде облысымыздың орталығы заманауи тұрғыда жыл өткен сайын жаңғырып, жасарып келеді. Соңғы 3-4 жылда қала тұрғындары мен қонақтары мұнда айшықты аллеялар мен саябақтардың, бір мезгіл дамылдайтын демалыс орындары мен жағажайлардың ашылып, зәулім де әсем ғимараттардың бой көтергеніне, неше жыл жөндеу көрмеген көшелердің асфальтталып жатқанына куә болуда.
Десе де Тараз қаласының ажарын аша түсу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Шаһарға шетелден келетін қонақтардың табаны тисе алдымен көрікті жерлерді аралайтыны белгілі. Ал қала іші жасыл желек жамылып, көше бойын гүлзарлар көмкеріп, саябақтар мен аллеялар жайқалып тұру үшін мұндай жерді ылғалдандыратын ағын су мәселесінде кедергі болмауы қажет. Сол үшін де қаланың суландыру жүйесін дамытудың маңызы айрықша. Осы тұрғыдан алып қарағанда қаланың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жұмыстары соңғы уақытта қарқынды қолға алынуы орынды.
Негізінде бұрын Тараз қаласында жауын жауып немесе көктемде қар ери қалса жұртшылық кей жерде лайсаң суды тобықтан кешуге мәжбүр болатын. Бұл жауын-шашыннан пайда болған шалшық судың арық-атыздарға құйылатын сілемі жоғалып, бұрынғы арықтар мен жол бойындағы лотоктардың көміліп қалуынан болған жайт еді. Алды бөгелген арық және лотоктардағы ағын су мұндайда арнасынан тасып, салдарынан кейбір көшелерде кішігірім көлшік пайда болатын. Бұдан бөлек, жауын мол түскенде кейбір тұрғын алқаптарда жерасты суы көтеріліп кетіп, тұрғындарды әбігерге салып қоятын кездер болған. Осы жайттар бұдан біршама жыл бұрын қоғамда айтулы мәселе ретінде оқтын-оқтын көтеріліп жүрді.
Бүгінде тозығы жетіп, тұйықталған ирригациялық жүйелерді жою мақсатында облыс орталығында бірқатар шаруалардың атқарылып жатқаны белгілі. Нақты айтқанда, билік басындағы азаматтар Тараз қаласындағы ирригациялық жүйелердің бүгінгі әлеуетімен толық танысып, өзекті мәселе шешімін табуы үшін тиісті мамандарды қатыстыра отырып, бірқатар шаруаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Нәтижесінде арнайы жұмысшы тобы да құрылып, Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру және қаланың бас гидроинженері қызметін қайта қалпына келтіру жөнінде тиісті шаруаларды атқару нақты міндет етіп қойылған-ды.
Жалпы Тараз қаласының аумағында ұзындығы 82,55 шақырымды құрайтын «Сеңкібай», «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» «Базарбай», «Түйте» сынды бас-аяғы 8 канал бар болса, соның ішінде көп жылдан бері жөндеу жұмысы жүргізілмеген, тазартылмаған кейбір каналдарда қамыс қаулап өссе, тағы бірі қоқыстан көз ашпай қалған.
Бүгінде аталған каналдардың ішінде «Базарбай» каналы «ҚазСуШар» мекемесіне тиесілі болса, ал «Түйте» каналы «Түйте суы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде екен. Өткен жылдары «Түйте» каналына 6 текшеметр ағын су көршілес Қырғыз Республикасы арқылы келіп құйылса, жол бойындағы суармалы егістіктерден шыққан ақаба мен жерасты сулары арқылы қала аумағына кіретін су көлемі 8 текшеметрге ұлғайған. Ал биылғы су көлемі өткен жылға қарағанда молырақ. Ендеше «Үшбұлақ», «Қапал» каналдары арқылы теңдей бөлініп, қаланы қақ жарып өтетін және өзге де каналдар мен 2 дренажды каналдағы ағын суды қала билігі тиімді пайдаланса, Тараз қаласы аз жылда гүлзар баққа айналатыны анық.
Қала аумағында болуы мүмкін тасқын суларды жинауға, бөлуге арналған су қоймаларының жоқтығы да өзінше бір мәселе. Осының ішінде бүгінде қолдан келетін шаруалардың шешілу жайын сөз етсек, шаһардағы 50 пайыз ескірген ирригациялық арналарды қалпына келтіру күн тәртібінде тұр.
Негізінде қалалық әкімдіктің жоспарына сәйкес, су жүйелерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен, яғни 2024 жылға дейін бітуі тиіс. Жалпы қала аумағында 2 дренаж және ұзындығы 164 шақырымды құрайтын арық жүйелерін жөндеу үшін осы жылы 200 миллион теңге қарастырылыпты. Оған 6 каналды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Атап өтетін болсақ, «Қапал», «Төрегелді», «Қарасу 1», «Қарасу 2», «Үшбұлақ» және «Сеңкібай» каналдары қазір тазартылу үстінде. Мәселен, «Қапал» каналын «Building LTD-2013» компаниясы тазалапты. Қарбалас тірлікке бірнеше техникамен қатар, 15 жұмысшы тартылған екен. Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мұрат Кәрібаев Қапал каналының ұзындығы 16 шақырым екенін айтады.
– Биыл 17 текше метр қоқыс шығарылды. Қазір бұл жұмыс толықтай аяқталды. Дәл осындай жұмыстар «Сеңкібай» каналында атқарылды. Ол жерден 15 мың 520 тонна қоқыс шығарылды. Шағын Қарасу аумағындағы «Қарасу 1» каналында да атқарылған тазарту жұмыстарына осындағы тұрғындар куә. Олар бұл іске ризашылықтарын білдіруде. Өйткені су арналарын ашу арқылы жақын маңайдағы жасыл желектерді суару, жеке үйде тұратын тұрғындардың бау-бақшаларын сумен қамту жаздың күні қолжетімді болды, – деді ол.
Негізінде Таразда 1388 көше бар болса, оның 699-ына арық тартылған. 1398 шақырымды құрайтын арықтардың 498 шақырымы лотокты желілер. 6010 метр құбыр өткелдері болса, су қалқаншасының саны (шлюз) – 1600. Осы арық-атыздар да бүгінде біртіндеп қалпына келтірілуде. Қазіргі таңда 280 көшенің арықтарына су салынса, 160 көшеге тіршілік нәрі реттеу арқылы, 120 көшеге тұрақты түрде беріліп отыр. Тұрғындардың сұранысы бойынша Қапал көшесінің 3 бұрылысына, Сеңкібай, Крупская, Әшімбаев, және Театр, Сорокин көшелеріндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің аумақтарына ағын су жеткізіліпті. Су берілген көшелерде арық жүйелерін, құбыр өткелдерін тазалау, су жеткізу жұмыстары үшін қазынадан 67 миллион теңге қарастырылған екен. Жалпы жоғарыда аталған су жүйесін жаңғырту жұмысы осы қыркүйек айында толық аяқталмақ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала