Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шежіре-панноны шеберлер жасайды

Шежіре-панноны шеберлер жасайды
ашық дереккөз
Шежіре-панноны шеберлер жасайды
Ел ішінде ісмер, өз ісінің хас шеберлері жетерлік. Олардың қолынан шыққан дүние көздің жауын алады. «Шебердің қолы ортақ» дейді атам қазақ. Сөзге де шешен, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Ағашқа ою салып, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасап, киіз басқан, асыл тастардан сәндік бұйымдарды соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиыннан қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұратын өнер туындысы деуге болады.  Қазақ өнерінің, оның ішінде қолөнердің түрі көп. Осы орайда әртүрлі саланы өзіне серік етіп, ісін өрістетіп отырған шеберлер аз емес. Нағыз ісмерлер барда сан ғасырлардан бері тіні жоғалмай бүгінгі күнге жеткен ұлттық өнеріміз өшпейді, қайта ұмытылмай алдыңғы ғасырларға жалғаса береді. Ұлттық қолөнер заман ағысына сай жаңарып, жаңғырып келеді. Соңғы жылдарда кәдесый ретінде көпшілік жақындарына «шежіре-панноны» сыйға тарту етіп жүр. Шыққан руы, жеті атасының есімдері ретімен өрнектеліп жазылған осы қолөнер бұйымының біраз адамның шаңырағының төрінде ілулі тұрғанын байқауға болады. Әсте ғажап бұйым. Көрген жанды сүйсіндіретін әдемілігі бір бөлек, тәрбиелік мәні де зор. Қабырғаға тек сәндік үшін іліп қоймай, кейінгі ұрпақ шыққан тегін, арғы аталарын біле жүрсін деген тәлімдік мағынасы бар. Шежіре сыйды жасауды облыста алғаш болып қолға алған шеберлердің бірі – Гүлмира Әшімбаева. Заңгер, экономист деген аты дардай мамандықтарды меңгерген келіншектің табысты кәсіпті қолға алғанына екі-үш жылдың жүзі болып қалды. Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бала күнінен көркем қолөнер, сәндік-қолданбалы өнерге қызығушылық танытып, хобби ретінде айналысып келген. Нәзікжандыларға арналған қобдиша, қыз жасауына арналған нан тақтай-оқтаулар жиынтығы, тойбастарлармен қатар өзге де бұйымдар жасап жүреді. Қазіргі кәсібін пандемия кезінде шындап қолға алуды ойлайды. Онда да алдымен тәуекел етіп, өзіне біреуін жасап көрейін деген үмітпен кіріседі. Үйінде панноға арналған қажетті құралдар мен шығаруға арналған аппараттарының барлығы дайын тұрады. Жұбайы Мырзабек екеуі жаңа дүниені жасап көрмекке ниеттенеді. Шежіре өздері ойлағаннан әлдеқайда сәтті шығады. Нәтижесі жаман болмайтындығына көз жеткізген соң «Неге осыны қолға алып, өз цехымызды ашпасқа?» деген ойға қалады. Жаңа кәдесый түрін дайындап, тапсырыстар қабылдай бастайды. Жолдасы екеуі облыстың сәндік-қолданбалы өнер саласына жаңа леп енгізеді. Ептілігі мен еңбекқорлығының арқасында бүгінде Гүлмира Берікқызы кәсібін дөңгелетіп отыр. – Кәсіпті қолға алған күннен бастап сатып алушыларымыздың қатары сиреген емес. Тұрақты тапсырыс берушілеріміз бар. Шежіре сыйлық – қолөнер мен тарихты ұштастырған ерекше қөлөнер бұйымы. Біздің мақсатымыз да сол шежірені заманға сай жаңғырту, жастардың осы жағынан дамуына атсалысу. Мақсатымыз айқын. Шығар биігіміз әлі алда. Әлі де болса талай еңбек етуге тура келеді. Алайда жұмыстың жетістігін көрген кезде бәрі ұмытылып кетеді екен. Көптеген идеяларымыз бар. Ақша жағына келер болсақ, нақты бағаны панноның көлеміне, кететін шығынымызға қарай анықтаймыз. Онда да елдің назасына қалмас үшін тура осы бұйымды өзге шеберлер қаншаға бағалап жатыр, соған да мән береміз. Шежірені жасау жолы оңай емес. Алдымен тапсырыс берушімен келісіп, бағдарламашы Алексей деген маманымызбен ақылдаса отырып үлгісін сызып аламыз. Дизайнын жасап болған соң клиентімізге көрсетеміз. Егер өзі қалағандай болып көңілінен шықса, компьютерде теруге қайтадан Алексейге жібереміз. Осы жерде Алексейді ерекше атап өткім келіп тұр. Қазір ЗD секілді заманауи үлгіде, қағбаның суретімен қоса жасап беруімізді өтінетін кісілер көп. Сондай жағдайда Алексейдің көмегі көп тиеді. Ол – осы саланың майын ішкен, креативті идеясы мол нағыз маман. Ағаш материалдарына келсек, көбінесе ДСП тақтайларын қолданамын, – дейді шебер. Гүлмира Берікқызы тапсырыс берушілер «Іnstagram» әлеуметтік желісі арқылы тауып келетіндігін тілге тиек етті. Әлеуметтік желілер табыс алаңына айналғалы бұл таңғаларлық жаңалық емес, әрине. «Instagram» желісіндегі парақшасын (www.instagram.com/shezhire_/) кейіпкеріміздің Жұлдызай есімді қызы жүргізіп отырады. Ал жетінші сынып оқитын ұлы Бекзат анасының кішкентай көмекшісі. Қазірден қөлөнерлікке қызығушылығы басым. – Біздің жұмысқа ең алдымен ниет, содан кейін үлкен шыдамдылық керек. Үйлеріңізге сән беріп тұратын дайын бұйымның артында үлкен еңбек жатыр. Бұл – өте нәзік жұмыс. Әр әріпті өз орнына әкеліп, әр сөзді бірінің астына бірін рет-ретімен түсіру үшін табандылық қажет. Бірақ қандай қиын болса да өз ісімді жақсы көремін, жұмысымнан рақат аламын. Елдердің шынайы қуанышын көргенде еңбегіңнің бекер еместігін түсінесің, – дейді Гүлмира Берікқызы. Ісін нөлден бастап, бүгінде табысқа кенеліп отырған кейіпкерміз сияқты кәсіпкерлер бүгінде көп. Кәсіпкерлігін дамытып та, ұлттық қолөнерді дәріптеп те қоғамға өзінің пайдасын тигізіп жүр. Егер кез келген кәсіп иесі осылай өз ісіне адалдық танытар болса, қазақтың жоғы түгенделіп, асығы алшысынан түсері ақиқат.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар